Жалпы, велосипед жедел жүрісімен ғана емес, оны тебу кезіндегі денешынықтыру қозғалысымен ерекшеленеді. Денсаулыққа пайдалы әрі жүріп-тұруға қолайлы және өзге көлік түрлеріне қарағанда, тиімді болғандықтан да велосипед өтімді. Ең бастысы, экологиямызды сақтауда оның орны мүлде бөлек. Сондықтан оны көпшілік болып пайдалану өркениетті елдерде әлдеқашан жолға қойылған. Соңғы жылдары біздің ел де бұл үрдіске қосылып, халқымыздың біраз бөлігі велосипедті тақымға қысты.
Алайда... әр нәрсенің өз орны бар, дейді атам қазақ. Мәселен, көшеде трамвай қозғалуы үшін оған арнайы темір жол тартылуы керек. Сол сияқты небір автокөліктердің жүрісі үшін арнайы тасжол салынып, түрлі айырым белгілерімен қамтамасыз етіледі. Тіпті, жаяу жүргіншілерге арналған табанжолдар, яғни тротуарлар төселеді. Сонымен, жол жүрісі заңы бойынша әр көліктің (велосипед те көлікке жатады) өз жүрер жолы бар. Бірақ біздің елдегі жағдай басқаша. Соған орай қос доңғалақты көлікке отырған қазақстандықтардың өтініші бар.
Қазір тек елді мекендерде ғана емес, қалаларымызда да велосипед жүргізушілер қатары молайып келеді. Және оның пайдалы екенін жұртшылық жақсы біледі. Тек жергілікті биліктің сол үрдісті қостап, көше қиылыстары маңында, халық көп шоғырланатын жерлерде, ірі сауда үйлерінің қасында, т.б. тұстарда арнайы велосипед тұрақтарын ашып қойғаны және онда жалға берілетін қос дөңгелекті көліктің тізіліп тұратындығы көңіл қуантады. Мәселен, Астанада велошейринг жүйесі бойынша қоғамдық велосипедтер орындары орнатылды. Бұл жақсы бастама болды. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, сол қос доңғалақты көлікке отырған қазақстандықтар үшін әлі күнге велосипедке арналған арнайы веложолдар жоқ. Біз бұл арада қалада орнатылған көптеген қоғамдық велосипедтер стансалары арасын бір-біріне жалғайтын арнайы веложолдың жоқтығын айтып отырмыз. Өркениетті елдерде мұндай жолдар жаяу жүргінші жүретін тротуарлардың қатарында бөлек орналасқан. Оларда веложолмен жаяу жүргіншілерге жүруге де қатаң тыйым салынады.
Ал мұндай жолдарды көргіңіз келсе, мәселен, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астананың «Жасыл белдеуі» аумағының оңтүстік-батыс бөлігінде ашылған, яғни жалпы ұзындығы 23 шақырымға созылатын жаңа веложолды барып, тамашалауға болады. Сол сияқты Есіл өзені жағалауының кейбір жерлерінде, парктерде үзік веложолдарға деп лайықталған тұстар бер екенін білеміз. Сол сияқты Ақтау қаласында да ондаған миллион теңгеге веложол салынып, артынша-ақ бүлініп қалғаны бар. Бірақ олардың бәрі демалыс кезіндегі қыдырыс үшін қажет. Ал адамдардың көпшілігіне веложолдар көлік қатынасы үшін керек. Ондай жол жоқ. Сондайда әуелі қаланың ана басы мен мына басына, яғни төрт бұрышын түгел қамтитындай веложолдар салынып, содан соң ғана қоғамдық велосипедтері бар стансалар орнатылса, қандай ғанибет болар еді дейді тұрғындар.
Жолдың жиегімен кетіп бара жатқан велосипедшіні жеңіл немесе жүк көліктерінің қағып кеткені туралы талай жазылды. Елімізде велосипедшілер жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырайды екен. Мәселен, 2015 жылы – 69, 2016 жылы 50 велосипедші жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Онда бірнеше адам қаза болған. 62 адам жарақат алған. Айта берсе, велосипедке отыратын адамның көшеде емін-еркін, қауіпсіз жүруіне кедергі келтіретін жайттар жоқ емес. Өйткені, велосипед өзге көлік түрлеріне теңестіріледі. Сондықтан велосипедші көлік жүргізуші ретінде жол жүрісі ережесін сақтауы тиіс. Ол жолдың тек оң жақ шетімен ғана қозғалуы керек. Егер жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмесе, онда жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі. Бірақ жолдың мұндай тұстарындағы ойдым-ойдым ойықтардан, өзге көліктердің ығыстырып жол бермеуінен, жол жүрісі ережелерінің дұрыс сақталмауынан велосипедшінің жүйкесі тозып бітеді. Ал тротуармен мүлде жүруге болмайды.
Демек, заман талабы мен өркениетті уақыт үрдісіне сай, велосипедшілердің жайы мен қауіпсіздігін түпкілікті ескеретін мезгіл жеткені анық.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»