• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2017

Сөйлеу – үлкен өнер

1595 рет
көрсетілді

Сөздің өтімділігі, тың­дау­шы­ның құлағына қонып, жүре­гіне же­тімділігі алдымен сөй­леушінің ше­­бер­лігіне, нақ­ты­лығына, шын­шылдығына және қара­пайым­дылығына бай­ла­нысты. Кейде шешеннің дауыс ыр­ғағының құлақ­қа жағым­ды­лығы мен анық естілуі де ай­тыл­ған сөздерді тез ұғуға, ықы­­ласпен қабылдауға ықпал етеді. Радио мен теледидардың жүр­гізу­шілерін, әсіресе, осы қасиетіне қа­рап қабылдайды.

Ал сөйлеушінің эмоцияға берілуі айтып тұрған сөзінің мазмұны мен тыңдайтын ортаға байланысты болуы керек. Айтылып жатқан мәселе өздеріне мүлде қатысы жоқ ортада эмоцияға беріліп сөйлеу күлкі тудыратын кездері жиі болады. Мәселен, малдың обадан қырылуы туралы политехникалық институттың сту­денттеріне эмоциямен айтсаңыз, олардың күлетіні күмәнсіз. Ал сол мәселе ветеринария факультетінің студенттеріне айтылса, олар жақсы қабылдайды. 

Сондай-ақ, дауысты орынсыз көтеру де тыңдаушыларға те­ріс әсер ететін кездер жиі болады. Пре­зи­денттің пулында 10 жыл іс­тегенде осылай сөйлегендердің де куәсі болдық. Мәселен, ТМД ел­дері басшыларының кезекті сам­миттерінің бірінде, атын айтпай-ақ қояйық, сөз алған бір елдің пре­зиденті дауысын орынсыз көтере сөйледі. Айтып жатқан мәселелері орынды, алайда, дауыс ырғағы тың­даушыларын кеудеден кері итергендей әсер қалдырды.

Осы заманғы қазақ шешен­дерінің арасынан Президент Н.Назарбаевтың сөздері тыңдаушы­сын ешқашан бейжай қалдырмай, өзінің құдіретіне баурап алады. Н.Назарбаевтың сөз­дерін тыңдай бастасаңыз, оның үніне арбалып, шыға алмай қаласыз. Оның үстіне, ол баяндамадағы бір сарынды мәтін­нен жиі шығып, эмоциялық ком­­ментарийлерімен, мысалдарымен сөздерін жиі жандандырып отырады.

Сол сияқты Ә.Кекілбайұлының дауыс ырғақтары да адам санасын тұсаулап, өзінің еркіне бағындырып алатын. Бірде мынадай оқиға болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кезекті конференция өтіп, оны жазуға «Егеменнен» біз барған едік. Сөз кезегі өзіне тигенде Әбіш Кекілбайұлы марқұм ағыл-тегіл ақ­тарылды ғой. Жұрттың бәрі сілтідей тынып, арбалып қалған...

Қазақ шешендерінің арасында Бауыржан Момышұлы сөздерінің де орны ерекше. Сөз батырдың дауыс ырғағынан ғана емес, шындықтың шырқын бұзбай ашық айта алатын айрықша тапқырлығымен мен­мұндалап тұрады. Бір қызығы сол, оның сөздерін түпнұсқадан оқысаң да батырдың үні құлағыңа гүрілдеп естіліп тұрғандай болады.

Жуырда интернет-газеттің бі­рінде Баукеңнің Литвада орна­ласқан 9-шы гвардиялық дивизияның коман­дирі кезінде, яғни 1945 жылы сөйлеген сөзі жарияланды. Бұл комдивтің үкіметтің демобилизация жариялағанын полк жауынгерлеріне естіртуі еді. Осы сөзді оқып отырып, бір жерінен де жалықпайсың: Баукең лирикалық шегініс жасаса да, моральдық тұр­ғыдан ақыл-кеңес айтса да, жеңім­пазға лайықты тәртіпті сақтау ке­ректігін ескертсе де, отбасымен қауышу қуанышын жасауға берілетін материалдық көмек туралы айтса да артық-кемі жоқ, нақпа-нақ, солдаттың жүрегіне жақын сөздермен тура жеткізеді.

Мұнда сол кездерде айтылуға міндетті «партияға алғыс», «Ста­линге мадақ», «Кеңес армиясының қаһар­мандығы» сияқты толып жат­қан ода­лардың бірі де ауызға алын­баған, өйткені, олардың тап осы жерде мүлде артық екендігін ол танып тұр.

Әлемдік аренадағы айтулы ше­шендердің бірі – Фидель Кастро. Испанша түсінбейтін бір ағылшын журналисі Фидельдің сөзін тың­дағаннан кейін «не айтқанын түсін­бесем де, мен оның артынан еруге дайын болдым» деп жазған екен. Бұл – сөзіне үйлесімді үннің құ­діреті.

Шешен сөзінің дұрыс қорытылуы да өте маңызды. Өйткені, сөздің нақ осы бөлігі тыңдаушының есінде қалады. Осы саланы зерттейтін мамандар мұндайда сәйкес келетін жыр жолдарын келтірсе, жарасып кететіндігін айтады. «Өлең – сөздің патшасы» екендігін Абай да айтқан ғой. Осыны біздің үлкен мінберлерден сөйлейтін шешен­деріміз ескеріп отырса, тек ұтатыны анық.