• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2011

Қазақстан – Литва: Қашанда қолдаймыз!

433 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Парл­аменті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­те­ті­нің хатшысы Виктор Рогалев  Литва Республикасының Қазақстан Респуб­ли­касындағы Төтенше және өкілетті елшісі Рокас Бернотаспен кездесті. Мейманды Парламент қабырғасында қарсы алған В.Рогалев елшінің Қазақ­стан­дағы қызметіне табыс тіледі. Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағалығының тізгінін алған Литва елі­міздің Балтық аймағындағы саяси серіктесі болып, экономикалық байланыс өріс алған. Екіжақты келісімдер жүзеге асырылуда. Литва Сеймі мен Парламент Мәжілісі арасында жоғары деңгейде достық пен ынтымақтастық байланыстарға тоқтал­ған комитет хатшысы В.Рогалев екі ел жемісті жұмыстар  атқарып отырғанынан хабардар етті. «Литва 2014-2015 жыл­дарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсы­нып отырғанына Қазақстан қолдау білдіреді. Алдағы жылдарда тарих екі елді ха­лықаралық беделді ұйымдарға қатарласа төрағалық жасауды жазған екен, сол жолда өзара демеу танытайық», – деді. Соңғы экономикалық әлемдік дағда­рысқа қарсы отандық экономиканы тұрақтандыру жолында Литваның жасап отырған шараларын  Қазақстан жоғары бағалайтынын да мәлімдеді. 140 ұлт пен ұлыстан тұратын мемлекеттегі ел бірлігі мен ынтымағы және Қазақстан халқы  Ассамблеясы жайына  тоқталды. Елші әңгімені өзіне Алматыдан Ас­та­наға Литва Республикасының елшілігін кө­шіру жауапкершілігі жүктелгенінен бас­тады. Екі ел Мемлекет басшылары Астана Саммитінде кездескені, ЕҚЫҰ-ға төрағалық тізгіні өздеріне өткені, алдағы күзде де осындай кездесулер күтіп тұр­ға­ны жөнінде айтып өтті. «Орталық Азия­да­ғы ең негізгі серіктесіміз болып та­бы­латын Қазақстан мен Литва арасындағы экономи­калық қарым-қатынас қарыштап дамып келеді», – деген елші өздері Нұрсұлтан На­зарбаевтың «Еуропаға жол бағдарламасын» қолдайтындықтарын  жеткізді. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.