Өңірдегі білімнің қара шаңырағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған мерекелік шаралар жүйелі өткізіліп, студенттер белсенділігі артуда. Оқу жылының басында «Тәуелсіздік – тағдырым» атты кешенді бағдарлама жасалып, жастарға тағылымды тәрбие беретін шараларға баса мән берілді. Ақпан айында білімгерлер арасында «Тәуелсіздік – ел мерейі» атты жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Екі кезеңнен тұрған мүшәйраға 15 үміткер қатысып, Отанға, туған елге, жерге деген сезімдерін жыр шумақтарымен өрнектеді. Нәтижесінде жүзден жүйрік атанған Назгүл Ақбасова бірінші, Қайым Бақытұлы екінші, Жансая Тұрғамбекова үшінші орынды иеленген еді.
Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Осы мақсатта «Менің Қазақстаным: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Жастарға тәуелсіздіктің бағасын, қадірін ұғындыру мақсатында университеттің оқытушы-профессорлары білімгерлерді «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы» атты дөңгелек үстел басындағы сұхбатқа шақырды. Баяндамашылар Қазақстанның 20 жылда қол жеткізген табыстарын, өркениетті елдер қатарына қосылудағы Елбасы Н.Назарбаевтың қосқан үлесі жайында жан-жақты баяндады.
Университетте қыздар тәрбиесіне мән беру мақсатында «Қыз – қылығымен» клубының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікке – тағзым» атты кездесу өтті. Кездесуге Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысып, азаттық күнге жету үшін жүгі нарда, қазаны теңде, аяғы үзеңгіде болған ата-бабамыз тозақтың өзін, тағдырдың тезін көргендігін студент жастарға жеткізіп, тәуелсіз тірлігіміздің баянды болуын тіледі, оған үлес қосуға шақырды.
––––––––––––––
Суретте: ерекше белсенділігімен танылған студенттерді марапаттау сәті.