Үйге нұр, ұяға көрік, тұрмысқа ажар, көңілге базар сыйлайтын ол әрине – бала. Ал егер бала дарынды болса ол тіпті, нұр үстіне нұр болары ақиқат. Ғұламалар: «Адам баласының бойындағы дарындылық тек бір ғана пайызды құрайды. Ал қалғаны оның тәрбиесі мен өзінің өсіп-жетілгеніне байланысты» дейді. Бұған қарағанда, адам бойындағы дарындылық қасиет барлық адамда болса керек. Көп жағдайда ол адамның өз қолында секілді. Жастайынан өмірге деген қызығушылығы, тылсым дүниелерді білуге деген құштарлығы, қиындықтарды жеңуге деген талпынысы түптің-түбінде адамды дұрыс жолға салмай қоймайды.
Қазақ текті халық дейміз. Сол текті халықтан өсіп өнген жастар баршылық. Сол дарынды ұрпақтың жақсы жұмыс тәжірибелерін жинақтап тарату, білімдерін тереңдету қандай дәрежеде деген мәселе қозғалған халықаралық ғылыми-практикалық конференция 15-16 тамыз күндері Астана қаласында, Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен республикалық «Дарын» орталығы өткізген болатын.
«Дарындылық мәселесіне жаңаша көзқарас» деп аталатын аталмыш халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары мен тәжірибелі педагогтар, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жұмыстарының жеңімпаздары, жүлдегерлері, олардың ата-аналары мен мұғалімдері, дарынды балалармен жұмыс жөніндегі орталықтардың ұстаздары, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын институт өкілдері қатысты.
Дарынды балалар – еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлттық құндылық болып саналады. Шығармашыл, ұшқыр ойлы және ең бастысы өз білімін іске асыратын тұлға да – дарынды балалар. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл ішінде республикамыздың дарынды балалары Қазақстанның беделін әлемдік деңгейге көтеріп, бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Осы уақыт аралығында біздің оқушылар түрлі деңгейлі интеллектуалды сайыстарда, атап айтқанда, математика, физика, химия, биология, информатика пәндерінен өткен халықаралық олимпиадаларда, дүниежүзілік ғылыми және техникалық жобалар жарысында, көрмелерде 3430 медальға ие болды. Бұл үлкен жетістік еді.
Конференцияда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз алып, дарынды балалардың бүгінгі жеткен жетістіктерінің негізінде Тәуелсіз Қазақ елінің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілетті елдің қауқары жатқандығына арнайы тоқталды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тарапынан үнемі көрсеткен қолдауы мен қамқорлығының арқасында дарынды балаларға арналған мектептер жұмысы жаңа қарқын алғандығын да тілге тиек етті.
«Қазақстанда дарынды балаларды оқытатын 115 мектеп бар. Сонда дайындалып жатқан ұл-қыздарымыз әлемдік деңгейдегі олимпиадалар мен сайыстарда өте жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Бүгінгі мына кездесуге сол жеңімпаз балалардың ата-аналары да арнайы шақырылып отыр. Солардың тәжірибелерін ортаға салып, өзгелермен бөлісу үшін, келешекте осындай дарынды балалардың олимпиадаларға қатысуларын, олардың дайындықтарын, әдістемелік тәсілдерін жетілдіру үшін осындай конференция ұйымдастыруды жөн көріп отырмыз деп конференцияның ұйымдастырылу мақсатына қысқаша тоқталып өтті министр.
Ол сонымен қатар, келесі жылы еліміздегі 44 мектепке электронды білім беру жүйесі енгізілетінін, талаптанған жастарға онлайн жүйесімен білім алуға мүмкіндік жасайтынын да жеткізді. Әрине, ол жүйемен шәкірттердің барлығы емес, оқуда үздік, дарынды балалар ғана оқиды. Шәкіртпен қатар, білікті ұстаз дайындауға да министрлік қатаң талап қояды. Алдағы жылдан бастап мұғалімдер дайындайтын педагогикалық жоғары оқу орындары қосымша сынақтан өтетінін Б.Жұмағұлов қадап тұрып айтты. Бұл маманды сауатты дайындау үшін аса қажет екенін де назарға салды.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның екінші күнінде пленарлық отырыс ұйымдастырылып, онда әр елден келген тәжірибелі педагог мамандар дарынды балалардың білім деңгейлерін әрі қарай жетілдіру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін білдірді. Пікір түйіні – педагог кадрлардың білім деңгейлері мен әдістемелік біліктіліктеріне келіп тоғысты. Демек, интеллектуалды элитаның сапалық және сандық көрсеткішіне тікелей ұстаздар қауымы зор ықпал етеді деген сөз. Мұғалім біліктілігін арттыру мәселелерімен қатар олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жөніндегі ұсыныстар да жан-жақты талқыланды. Алқалы жиынға қатысқандар дарынды ұрпақ – қарымды ұрпақ деген ортақ ойға бекіп, оларды оқыту мен тәрбиелеу ісі алдыңғы толқынның басты міндеті деп тарасты.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.