• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2016

Сечени – венгрдің Сәтбаевы

162 рет
көрсетілді

Алматыда «Венгрия ғылымының мерекесі» атты көрме ашылды Алматыдағы Мемлекеттік орталық музей мен Қазақстан Республикасындағы Венгрияның Бас консулдығы арасын­да орныққан ынтымақтастық ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді. Бірлесіп атқарылған көп жұмыс­тардың бірі де бірегейі – музей жүзеге асырып жатқан «Кейкі батыр» жобасы. Енді міне, музей мен консулдық бірігіп «Венгрия ғылымының мерекесі» атты көрмені ашты. Бұл көрме Венгрия ғылым академиясының құрылғанына 225 жыл толуына орай әрі Венгрия ғылым академиясының негізін қалаушы Иштван Сеченидің туғанына 225 жыл толуына орай басталды. Шараның салтанатты ашылуында Венгрияның Бас консулы Ференц Блауманн мырза: – Граф Иштван Сечени 1830 жылы Венгрия ғылыми қоғамын құрды, ол кейіннен Венгрия ғы­лым академиясы деп қайта аталды. Венгр ғалымдарының ашқан мыңдаған жаңалығының кейбірін мысалға келтірсек: автоқалам, сіріңке, электрлік локомотив, электрлік есептеуіш, көшірме машинасы, керосин шамы, түрлі-түсті теледидар, сұйық газ, синтетикалық қан, атом энергиясы, камера, тік­ұшақ, Microsoft Word, Excel, ор­талық телефон, трансформатор, автомобиль қозғалтқышының маңызды бөліктері, кубик-рубик, компьютер, С дәру­мені 17 венгр ғалымының Нобель сыйлығына ие болуы да кез­дейсоқ емес. Венгр ғалым­дары­ның жетістіктері жайлы ұзақ айта беруге болады. Бірақ бүгін Сечени туралы айтатын боламыз, – деді. Иштван Сеченидің еңбек­терін бүкіл әлемнің ғалымдары мен ма­мандары жоғары баға­лайды. Бүгінде Венгрияда Иштван Се­чени есімі мекеме­лер, бірқатар көшелер мен алаң­дарға берілген. Оның есімі ең жоғарғы ғылыми марапатқа (1990 жылдан бері Мемлекеттік сый­лық Сечени сый­лығы деп аталады) ие, оның бейнесі көп­теген мүсіндік ту­ын­д­ыда сом­далған. Буда­пешт­тегі басты шын­жырлы көпір де Сечени атауына ие. Ғалым өмі­рі жайлы 2002 жылы A Hídember («Кө­пір адам») атты фильм тү­сірілген. Блауманн мырза өз сөзін қорыта келе, Орталық музеймен көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан әріптестікке алғысын білдірді. Бұдан бұрын бірталай бірлескен көрмелердің өткендігін нақты мысалдармен атады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ