Әзіл - оспақ, сын - сықақ
Жұмысым – жұмыс табу Ырысыңды кетірер ыдыстағы у, Бір адассаң қиындау дұрысталу. Жаңа жыл енді кіре бастағанда, Жұмысым болып алды жұмыс табу. Қыбырлайын десем де құмырсқадай, Көкелердің қабағы тырысқаны-ай. Қасақана айта ма, достарымның Сұрайтыны баяғы «Жұмыс қалай?». Ақша ұстап жүрмесем де еркін мейлі, Ақындық өнерім бар, өлтірмейді. «Жұмыс жоқ» деп, әйтеуір көкелер де «Жұмысыма» кедергі келтірмейді. Бастарына қонғасын жымысқы бақ, Біздерге аспай жүр-ау дұрыс құлақ. Енді мен «Жұмыс қалай?» дегендерге, Не жұмысың бар деймін, жұмыс сұрап. Талай-талай есіктен бас сұққанмен, Үмітін үзе қоймас жастық дәурен. Жұмысы беделдіден жұмыс сұрап, «Жұмыс» жасап жатырмын бастықтармен. Бір жұмыс та бере алмай құты керім, Жұмыс тауып берді ғой, шүкір елім. Келген мына Жаңа жылда Бір көкеміз жұмысқа алған күні, Бұйыртса, жұмысымды бітіремін. Оразбек ҚИЫНБАЕВ АҚТӨБЕ Асқынған ауру Жыл басы мен үшін қолайсыздау басталды. Тісім сыздап ауырып, тіс дәрігері деген жазуы бар бөлмеге тұмсық сұға кері серпіліп, қайта шықтым. Сонда көзімнің түскені: ол бөлме кілең арақ-шарап, темекі, тәтті тағам... бір бұрышында видеотехника бітеліп-ақ қалыпты. Төріне: «Барлық кезде салқындатылған кока-кола!” деп жазып іліп те қойыпты. Ақ халатты мұрттыны – дәрігер ме, сатушы ма – айыра алмай аң-таңмын. Аң-таң болатыным, тіс емдейтін орындық, оның оны-мұнысы орнында. Қайта кіріп: – Тісім ауырып, – деп мүләйімсіп тіл қатып едім, әлгім шабыттана-шалқи: – Ауруыңызға алаңдағыңыз келмесе видеоекілік «Самсунгты» алыңыз, бағасы башпайыңыздан келмейді, – дейді. – Айналайын, маған пломбы… – Гарантиесі бір жыл, пломбысы орнында, сенбесеңіз тексеріңіз – «Шарп» атты музыкалық орталық бар: дауысын айтсаңшы, дауысын. Оның жанында баланың шулағаны, әйелдің ақырғаны жайына қалады. Негізгі, тіс емес, басқа ыңқыл-сыңқылыңызды да сап тыяды. – Мен емдетсем болатын еді... – деп төтесінен тартып едім: – Онда отырыңыз, – деп жақтырмай үстел үстіндегі «Тампакстың» қорабын бір шетіне сырғытты. Отырғаным сол, бөтелке атаулыға иегін меңзеп: – Қырағылық үшін қалайсыз? Менікі қаладағы ең арзан баға, – дейді. – Жо-жоқ, тастағанмын, – деп үзілді-кесілді қол сілтеп едім, кеңінен бір күрсініп, аузымды ашып көрді де: – Бұныңыз жарамайды. Деміңіздің өзі бұзылған, «Стиморол» немесе «Орбит» шайнаңыз, – деді. Амал жоқ, бірін алып аузыма салдым. Тісімді шұқып тұрып: – Біз шетелдік тіс шұқығышпен шұқысақ… көбірек алғанға бағасы да арзандау, – деді. Қайда қашып құтылайын, ауыз жарықтық ашылды, ауру болса кідірер емес, бір емес, бір белі буылғанын алып тындым. Емдеген болды да: – Тісіңізде қуыс бар, жұмада келіңіз. Айтпақшы, қысқы етік керек емес пе сізге? – дейді. Түкірініп тыныс алып: – Не, сіздердің айлықтарыңыз жетпей ме, – деп қалдым. – Айтуға ауыз бармайды. Ал бірен-саран сыйақы есебінде ауру-сырқаулар әкелетін кәмпит, бөтелкеден әбден мезі болып біттік. Айтпақшы, «Сникерс» алыңыз? Екі сағат нәр сызуға болмайды. – Айтпақшы, сіздің үстіңізден бас дәрігерге шағым жасасам қайтеді, – дедім мен оған сынай қарап. – Өзіңіз біліңіз! Ол кісі біздегідей майда-шүйдемен айналыспайды. Жиһаз, тоңазытқыш дегендерді ұсынады... негізі, бір диван сатып алмай ол кісіден құтылуыңыз қиын, – дейді әлгі. ...«Пәледен машайық қашыпты» демекші, жаңа жылдың келгені міне, әлі талай жолым түсер деп сызып бара жатып, өткізген сырт киімімді қайтып алу үшін үш стакан шемішке, бір қорап «Прима» сатып алуыма тура келді. Евгений ГОЛУБЕВ Аударған Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ Сол үшін Жат қылықтардан ада жас пәтуа жесір келіншектің үйінің жанынан қаннен-қаперсіз өтіп бара жатыр еді, ана антұрған алдап үйіне кіргізіп, есігін тарс бекітсін кеп. Сондағысы: «Не шарап ішу, не менімен түнеп шығу, тіпті, болмаса ешкімді бауыздап бересің, әйтпесе есікті ашпаймын», деп үзілді-кесілді үш талап қояды. Жас пәтуа ойлап көрсе, бұның талап атаулысы күнә. Сонда да біреуін таңдауы керек. Е, иә,.. аздап шарап ішкеннің күнәсі де аздау... Сөйтіп, шарап ішіп, қызды-қыздымен келіншекті де ренжітпей түнеп шығып, болар іс болды ғой деп ертесінде ешкісін де бауыздап берді... Е, иә, келіңдер, бұл тосты әркез әйелдердің қалауы болып тұруы үшін алып жіберейік. * * * Ержеткен еркек ойлана келіп үйленетін болып шешімге келеді. Сөйтеді де, даладағы төселген құм үстінде ой құшағында оңаша отырған әкесіне жақындап: – Әке, ақылыңыз керек. Мен бір сұлулығы сұмдық қызбен таныстым, соны келін етіп түсірсем, – дейді. Әкесі мұны естімеген болып, тек алдындағы құмға үлкен етіп шеңбер сызып міз бақпай отыра береді. Баласы сәлден соң: – Байқауымша, болашақ келініңіз өте пысық, үй шаруасын дөңгелетіп әкететін сияқты, – дейді. Әкесі мұнысын естіп, құмға тағы бір шеңбер салып үнсіз отыра береді. Содан жігіт қалыңдығының ғажаптарының бірінен соң бірін айтып ауыз жаппайды... Әкесі болса бұл айтқан сайын құм үстіндегі шеңбер санын көбейте береді. Соңында айтары таусылған баласы шыдамай: – Әке, біз бір-бірімізді сүйеміз! – деп айғай салады. Сонда ғана қалың ой үстіндегі әкесі серпіліп, баласына жымия қарап, алдындағы сызылған кілең шеңбер-нөлдердің алдына бір санын білдіретін таяқшаны қонжитқан екен. Сонымен, бұл тосты кілең нөлдерге жан бітірген құдіреті күшті махаббат үшін алып қоялық! Мәз болып жүре берейікші Жаңа жыл келіп қалған екен, жаңа жыл жарылқасын деген дәмемен, мен бір шын-сырымды ақтарайын... Мен – өте бай адаммын! Байлығым анау айтқандардан асып кеткен... Байлығым басымды қатырмайды, қайта көкірек есігім айқара ашық, байлығымды шетел асырған да жоқпын... Баяғыдан жекешелендіріп алғанмын, өйткені, арам ақша емес еді... Байлығымды ешқандай алпауыт банктерде сақтамаймын. Дағдарыс, қалтарыс дегендеріңе көз қиығымды салып көрмеппін. Мұндай байлыққа сіздер де жете аласыздар! «Бұл қандай байлық еді?» деп бастарыңыз қатып отырған шығар! Рухани байлықты айтамын да! Астымда атым, үйімде затым болмаса да, театрға күнде барамын. Күнде кешкі спектакльге. Бүгін де ерте келсем, театр алды құжынаған қымбат көліктер. Күндегідей сахнаға жақын, екінші қатардың ортасына жалп ете жайғастым, адамдар бұрынғыдан да көп екен. Мәссаған, қала әкімінің қасына отырыппын! «Шенеунік те театрға келеді екен-ау!» деп таңдайымды тақылдатып, бір жағы қуанып отырмын! – Сәлеметсіз бе? «Біздің қоғам қандай еді?» спектаклін осымен үшінші рет көргелі отырмын... – дедім мен. – Біздің қоғам керемет! –деді ол жымиып. Құдайым-ау, мен қала әкімімен қатар отырмын ғой! Сол жағыма қарасам, облыс әкімі отыр! Неткен бақытты адаммын! Көңілім көтеріліп, көздерім жыпылықтап кетті. Қазақстан шенеуніктері жасасын! Олар да адамнан аумайды екен, олар да театрға келеді екен... Алдыма қарасам, салық басқармасының бастығы, оның қасында кеден бекетінің бастығы, оның қасында... танымадым... Артыма қарасам, құдайым-ау, шүпірлеген шенеуніктер! Бұларға не болған өзі? «Біздің қоғам қандай еді?» спектаклі классикалық дүние болды ғой! Резонанс тудырғаны ғой! Облыс әкіміне бұрылып: – Қалай жағдайыңыз? Дағдарыстан қиналып жүрген жоқсыз ба? – деп қоямын өзімше. Бір кезде жас шенеунік сахнаға шықты да: – «Дағдарысты қалайда «дыхалкасынан» ұрып құлатамыз!» атты жиналыстың басталуын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер! – дегені. Сөйтсем, шенеуніктер жиналысына кіріп кетіппін ғой... Орнымнан ақырын тұрып, басымды еңкейтіп залдан шыға жөнелдім. Қарсы жолыққан еден жуушы әйелден: – Репертуар өзгерді ме? – деп сұрадым. – Жылдың алғашқы күніне орай жиналыс болатын болған соң, ертеңге ауыстырылды, – деді ол. Қайтадан орныма келіп, әкімдер ортасында отырмын... Мәзбін! Иә, жаңа жыл жарылқай гөр! Осылай мәз болып жүре берейікші, ағайын! Мұхтар ШЕРІМ ШЫМКЕНТ Тергеуші ме, терлеуші ме? Бұйрық деген ауызша Алладан түседі, Сезесің. Жазбаша бастықтан түседі, Төзесің. Яғни, бұйрық қайда айдаса, Солай қарай безесің, – демекші, Жаңа жылдан бастап, Қолында бұйрығы бар, Кресло аңсаған құйрығы бар, Тұлғасын түгел май басқан, Бір азамат бір мекемеге Бастық болып жайғасты. Әлде нәсібі зор ма, Әлде көмейінің тесігі зор ма, Әйтеуір, Бір жылда бір «Мерседес», Бір «Ниссан» алды. Ауасы таза деп тауға Үш қабат үй сап алды. Елдегі бар моншаны Ұната қоймай онша да Сірестіріп сауна салды. Ауласына оюлап жол сап алды. Сонан соң, Жау шабатындай, Түгелдей бәрін қоршап алды. Содан, күндердің күні Әлде, іштарлықтан ба, Әлде, әділдікке құштарлықтан ба? Жоғарыға арыз келіп түсті. Онда қылмыстық факті келтірілді. Сонымен, ол арыз Дедектетіп жоғарыдан Біраз адамды алып келді. Олар Қабақтарын түйіп, Погондарын тағып келді. Келе салып басекеңнің шаңын біраз қағып көрді. Яғни, тексеріп, тергеді. Тергеу деген оңай ма, Қара тер болып терледі. – Ойбай, олар тергегенмен терлеген жоқ, – деп Бәзбіреулер дауласты. Ол сөздің жаны бар, Себебі, Тергеушілерді терлеткен жұмыс емес, Басекеңнің саунасы... Сонымен, әлгі «терлеушілер», Яғни, тергеушілер Қазанның қақпағын ептеп ашып көріп, Басекеңнің тамырын біраз басып көріп, Оны Орнынан қозғамайтындай ғып мығымдап кетті. Ал арызқойдың көзін таңып, Құлағын тығындап кетті. Содан бері Қанша жыл келіп кетсе де Тоты құсы сайрап бағында, Басекең жүр бабында. Сағаділдә ӘЖІБАЕВ АЛМАТЫ Шырша жанындағы жымиыс Шешесі – филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиет пәнінің еңбек сіңірген мұғалімі. Сол кісінің үйіне барудан Аяз аталар қашады екен. Өйткені, былтырғы жаңа жылда оның баласы 10 сағат бойы жібермей Аяз атаға тақпақ айтыпты. * * * Балабақшаға келген Аяз атаны қаумалаған балалар: – Ата, сыйлық әкелдіңіз бе? – Әрине, балалар, алыңдар! Әрқайсысы 500 теңгеден. * * * – Жаңа жыл мен Наурыз мерекесінің ерекшелігі неде? – Тал кесу мен тал егу. * * * – Жаңа жылға қандай сыйлық алдың? – Анау тұрған қызыл «Lexus»-ты көрдің бе? – Керемет, қымбат көлік қой! – Тура соның түсіндей көйлек кигізді… Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР
•
01 Қаңтар, 2017
Cөз сойыл №35
453 рет
көрсетілді