• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2017

Елдіктің ерен жеңісі – ЭКСПО

279 рет
көрсетілді

Тарих табалдырығын аттаған Тауық жылы тәуелсіз Қазақстанның биік беделін төрткүл дүниеге тағы да паш ететін айтулы оқиғаларға толы болғалы тұр. Сол жаһандық шаралардың ішіндегі бірі де бірегейі – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу. Адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірінен саналатын Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің қос ғасырлық тарихында Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінің ешқайсысында да мұндай халықаралық көрме жалауы желбіреп көрген жоқ. Астанада өтетін ЭКСПО-2017-нің маңыздылығы да осында. Иә, Батыс пен Шығыс өрке­ние­тін жалғастырған алтын көпір атан­ған ару Астананың айтулы эста­фетасы,  енді Бүкіләлемдік көр­мелер алаңы – ЭКСПО-2017-ге ұласпақ. Жаһандық шара­лар тұрғысындағы өзіндік маңызы жағынан бұл көрме осы уақыт­қа дейін елордамызда өткізіл­ген дүние­жүзілік оқиғалардың еш­қай­сысынан артық болмаса, кем емес. Бұл туралы Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан­ның жаңа дәуірінің алғаш­қы күні» атты мақаласында «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Астана­да өткізу туралы қабылдаған шешім бұл саммиттен де аса зор ірі оқиғаға айналды. Біз әлі осы жеңісіміздің аса зор маңы­зын сезініп болған жоқпыз. Көрме өтетін елді шын мәнінде бүкіл әлем таңдады. Қазақстан айқын  ба­сым­дықпен жеңіске жетті. Бұл – бүкіл плане­таның тануы мен сенімі», деп атап көрсетті. «Бұл – бүкіл планетаның тануы мен сенімі», қандай көреген­дікпен айтылған дәл тұжырым. 2012 жылы 22 қарашада Париж қаласында өткен жаһандық аламан бәйгеде Халықара­лық көрмелер бюросына мүше 161 мемлекеттің арасында топ жарып, Қазақстанның елордасы – Астана ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жеңісіне ие болғаннан бер­гі өткен бес жылға жуық уақыт ішінде бұл тұжырым­ның ақи­қат­­тығы тағы да айқындал­ды. Қазірге дейін Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қаты­сатын­дығын әлемнің 112 мем­лекеті және 18 халықаралық ұйы­­мы растады. 72 мемлекет ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында өздерінің ұлттық күндерін өткізу мерзімін бекітті. 89 ұлт­тық павильонның контенттік тұжы­рымы нақтыланды. Жаңа жылда бұл жұмыс жоғары қарқынмен жалғасатын болады. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу бұл дағдарысқа қарсы іс-қимыл жобасы болып табылады. Әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысы белең ал­ған кезеңде отандық тауар өн­діру­шілерге қолдау көрсету мақ­­сатында ЭКСПО-2017 көр­месі жобасы аясында еліміз­дің бар­лық облыстарының әкім­дері­мен меморандумдар жасалды. Осының нәтижесінде 322 отан­дық тауар өндірушілермен жал­пы сомасы 48,9 миллиард теңгенің келісімшарттары бекі­тілді. Бұл жоба Қазақстанда 50 мың жұмыс орнын құрып, эко­но­ми­ка­лық дағдарыс кезінде жұ­мыс­сыздықтың белең алмау­ын қамт­а­ма­сыз етті. ЭКСПО көрмесі ұлт­тық жобасына 126 миллион теңге демеушілік қаржы және 211 мил­лиард теңге инвес­тиция тартылды. Бүкіләлемдік жетістіктер көр­­месі өзінің 160 жылдан астам тари­хында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған сәулет өнерінің жауһарларын қалдырды. ЭКСПО мұралары – Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнара­сы, Александр ІІІ көпірі, Лион вокзалы, Венадағы Ротон­да – әлемдегі ең үлкен күмбез астын­дағы павильон, Мель­бурн­дегі патшалық көрме павиль­оны нақ осындай мәңгілік өнер ескерткіштері болып табылады. Ажарлы Астананың әсем архитектуралық салтанатына сән қосқан көрме қалашығында да әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЭКСПО мұрасы – «Болашақ энергиясының» шар тәріздес мұражайы (сфера) болмақ. 8 қабаттан тұратын бұл сәулет өнерінің озық нысанында баламалы қуат көздерінің жаһандық технологиясының небір озық үлгілері көрініс табатын болады. Мәселен, 8 қабатты сәнді ғимараттың бірінші қаба­тына еліміздің ұлттық павиль­оны қоныс тебетін болса, қалған жеті қабатының әрқай­сысында жел, күн, су, биотех­нологиялық және басқа балама қуат көз­дерінің жетістіктері орналасады деп шешім қабылданған. ЭКСПО көрмесі беделінің жаһандық дәрежеде ерекше танылуы­на оның «Болашақ­тың энер­гиясы» атты заманауи тақы­­­­­р­ы­бының маңызы зор болды. Бұл тақырыптың маңызы – бүгін­гі күні адамзаттың ең өзек­ті про­­блемасына айнал­ған табиғи қуат көздерін тиімді пайдалану және балама қуат көздерін ашу мәселесін көтеруінде. Оны шешу қазір көп­теген елдер үшін стра­те­гия­­лық міндетке айналған. Ен­дігі кезекте бүкіл әлем «жасыл эко­н­о­­мика» және экологиялық қауіп­­сіз даму сияқты тың бағыт­қа бет­бұрыс жасауда. Бұл Мем­лекет басшысының елімізді «жасыл экономика» бағытына көшу жөніндегі бастамасы­­мен үн­де­седі. Елбасының тіке­лей бас­та­ма­сымен ЭКСПО-2017 көрме­сін өткізу жөніндегі ұлттық идея өмір­ге келгеннен бері бұл мәсе­ле­де түбегейлі бетбұрыс басталды. Балама қуат көздерін дамыту мақсатында арнайы заң жобасы белгіленді. Елімізде балама энер­гия қуатын дамытуға Корея, Германия, Австрия, Испания және АҚШ сияқты дамыған мем­­ле­кет­тердің тәжірибесі негіз болу­да. Қазақстанның жел энергиясын дамытудағы әлеуметі жан-жақ­ты зерттеліп, еліміздің кеңей­тілген жел атласы жасал­ды. Бұл атласқа ұлан-ғайыр қазақ дала­­сы­ның жел қуаты басым бола­­тын өңірлерінің кестесі ен­гізіл­ді. Қазірдің өзінде Астана ма­­ңын­­дағы Ерейментау жел стан­­сасы жұмысын бастады. Бүкіләлемдік жетістіктер көр­­месінің тарихы 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген «Барлық халықтардың өнеркә­сіп­тік еңбектерінің ұлы көрмесінен» бастау алған. Бір сәт ойланып көрейікші, барлық халықтар еңбектерінің, жетістіктерінің ұлы көрмесі! Яғни, енді бес айдан кейін егемен еліміздің елордасы – Астана қаласында адамзат ақыл-ойының қазіргі күнге дейін­гі қол жеткізген жетістіктері­нің озық үлгілері паш етілетін бола­ды. Бүгінде бүкіл адамзат­ты толғандырып отырған толғақ­ты мәселе – «Болашақтың энер­гия­сының» тағдыры Тауық жылы елор­дамыздағы ЭКСПО-2017 көр­месі шеңберінде шешім таппақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»