• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2017

Жаһандық құрмет – асқаралы міндет!

291 рет
көрсетілді

Қаншалықты мың өліп, мың тіріліп жүрсе де, алдағы атар таң, шығар күннен күдер үзбеген ата-бабаларымыздың арман-тілегін жүзеге асыру бақыты біздің үлесімізге тиіпті. Қырық атан түйеге жүк болатындай осынау орасан зор тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, бүгінгі күні Ұлы Даланың біртуар перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақ елінің өз ішінде ғана емес, халықаралық аренада да ауқымды жұмыстар атқарып жатқанының куәсіміз. 

Енді сол жаһандық деңгейдегі жарқын жетістіктеріміздің біріне тоқталсақ, 2016 жылдың 28 маусымында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғаны белгілі. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс беру нәтижесінде осы үдеріске қатысқан 193 мемлекеттің 138-і Қазақстанды қолдап дауыс берсе, бәсекелесіміз –  Тайланд Корольдігін 55 мемлекет қана қолдады. Осылайша, Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын әлемдік маңызы зор ұйымның саяси органына Орталық Азиядан  сайланған алғашқы ел атанды. Енді мінекей, жаңа жылдың алғашқы күнінен Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне ресми түрде кірісті. Еліміз осынау міндетті 2018 жылдың соңына дейін атқармақ. Аталған миссия Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуге, отырыс шақыруға және талқыланатын күн тәртібін түзуге құқық береді. Сонымен бірге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануымыз аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қоғамдастықтың назарын аударуға, мемлекетіміздің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ әрі Отанымыз үшін өзекті мәселелерді көтеріп, әлем назарын аударуға мүмкіндік бар. Қазіргі заманғы шетін проблемаларды шешуге қатысу біздің алдымыздан көптеген елдермен және өңірлермен қарым-қатынастарымызды дамыту үшін де барынша мүмкіндіктер ашады. Ендігі жерде Қазақстан көшбас­шы­лық ұстанымдарын одан сайын бел­сенді ілгерілететін болады. Нақты айт­қанда, Қазақстан жаһандық проблема­ларды шешудің жолдарын іздесті­руге сүбелі үлесін қоспақшы. Әсіре­се, Сириядағы әскери қақтығысты тоқта­туға күш салатын болады. Қазір оның ал­ғышарттары да жасалуда. Оған Си­рия мәселесінің Түркия мен Ресейдің қа­тысуымен Астана алаңында жан-жақты талқыланатыны дәлел. Егер Иранның ядролық мәселесін оңтайлы шешуде Қазақстанның рөлін ескерер болсақ, Сирияда бейбіт өмір орнықтыруға мүмкіндік туарына сенім бар. Мұның сыртында, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты Елбасының үндеуінде айтылғандай, біз жаһандық қоғамдастықтың назарын бұған дейінгі көкейкесті бастамаларымызға аудару ниетіндеміз. Олар ядролық қару мен соғыс вирустары және жанжалдардан азат әлем құруға бағытталған. Нақты айтқанда, БҰҰ-ның 2015 жылы өткен Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында жариялаған терроризмге қарсы бастаманы ілгерілетумен айналысады. Айта кетерлігі, Қазақстан осы ізгілікті мақсаттарына БҰҰ-ның құрылғанына 100 жыл толатын 2045 жылға қарай қол жеткізу үшін жұмыс істей­тін болады. Қазақстан, сондай-ақ, су-энер­гетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін қарастыруға басымдық бермек. Сайып келгенде, Қазақстанның алдағы екі жылда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өркениет дамуының сара жолына қосар үлесі мол болып, еліміздің мерейін үстем етеріне сенімдіміз. Әрі аталған оқиға тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен бірге, Еуразия құрлығы үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де нәтижесі әсерлі және мән-маңызы айрықша болады деген үміт те жоқ емес. Ендеше, барымызды бағалай білгеніміз де, еліміздің жетістігіне қуана білгеніміз де жөн. Қорыта айтқанда, Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жыл­дарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы елімізге деген құрмет пен халық­аралық беделі танылуының тағы бір дәлелі, сонымен қатар, Қазақ­стан­ның әлемдік істерде белсенді рөл атқа­ра алатыны мойындалғанының айғағы.

Кенжеболат Жолдыбай,

саясаттанушы