Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 2016 жылғы қорытындысы тыңдалды.
Осы мәселе жөнінде есеп берген Денсаулық сақтау
министрі Елжан Біртанов аталған мемлекеттік бағдарлама тұрғындардың денсаулығын нығайту туралы басты міндетіне қол жеткізу үшін 7 басым бағытты жүзеге асыратындығын айтып, әр бағыт бойынша атқарылған жұмыстарды ортаға салды.
Бірінші бағыт бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және CDC-мен бірлесіп қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі функцияларына өзіндік бағалау жасалды. Министрлікте тиісті құрылымдар жасақталды.
Ал екінші бағыт аясында «Кезексіз емхана» атты қанатқақты жоба жүзеге асырылуда. Осы бойынша диспетчерлік қызмет; ересектерге, балаларға, қарттарға арналған тіркеу бөлімдері; сall орталық арқылы пациенттердің дәрігер қабылдауына алдын ала жазылуы ұйымдастырылды. Қазақстанның әрбір азаматына арналған Денсаулықтың электронды төлқұжатын (ДЭТ) ұйымдастыру жөніндегі жоба іске қосылды. Биыл бірқатар емханаларда бұл жүйені қанатқақты түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Үшінші бағыт бойынша үкіметтік емес ұйымдардың, денсаулық сақтау саласындағы жеке сектордың, фармацевтикалық өндіріс өкілдерінің қатысуымен Сапа жөніндегі бірлескен комиссия (СБК) құрылды. Төртінші бағытта қазақстандық ұлттық формуляр одан әрі толықтырылуда, экономикадағы отандық өнім өндірушілердің үлесі артып келеді. Өндірушілермен тікелей келісім-шарт жасау, UNICEF-пен тығыз байланыс сынды бірқатар шаралар Бірыңғай дистрибьютер жұмысының тиімділігін арттырды. Бұл дәрілік заттардың бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Дәрілік заттардың 7713 сауда атауларының 4183-нің бағасы мемлекет тарапынан реттеледі», деп мәлімдеді Елжан Біртанов.
Бесінші бағыт бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілуде. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданып, оған 2016 жылы жарнаның базалық төлемдерін төмендету және қорға аударылымдарды бастау мерзімін 2018 жылдың 1 қаңтарына шегеру туралы өзгерістер енгізілді. Аталмыш заңдарды жүзеге асыру үшін 17 негізгі нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, олардың үшеуі Үкіметте бекітілді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды. Ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет пен жұмыс берушілердің аударым көлемін төмендету туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілді.
Алтыншы бағыт бойынша Денсаулық сақтау республикалық орталығының кадрлық обсерваториясының базасында медициналық кадрларға қажеттілік болжанып, адами ресурстарды стратегиялық болжау және медициналық білімді жаңғырту жөніндегі екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Медициналық жоғары оқу орындарының шетелдік стратегиялық әріптестері нақтыланды. Қолданбалы бакалавриаттың финдік үлгісінің негізінде мейіргерлік білімді жаңғырту жөніндегі жұмыс жалғасуда. Бұл жоба бойынша 6 қанатқақты колледжде 320 адам білім алуда.
Жетінші бағыт бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытуға ерекше мән берілуде. Мемлекет пен бизнестің ортақ мәселелерін талқылау алаңы ретінде министрлік жанынан Бизнес-кеңес құрылды. Еуропа қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен (АДБ) бірлесіп мемлекеттік-жеке серіктестікті (МЖС) және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жол картасы жасалып, МЖС жобаларын қолдау туралы келісімге қол жеткізілді. Азия даму банкімен мемлекет-жеке-меншік әріптестігінің 4 қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда, тағы 2 республикалық жоба дайындық кезеңінде. МЖС негізінде 3 жоба, сенімді басқару жөніндегі 9 жоба бойынша келісімге қол қойылды.
«Мемлекеттік бағдарламаны 2016 жылы жүзеге асыру барысында біз Елбасының Жолдауында қойылған жаңа міндеттерді де басшылыққа алдық. Мемлекеттік бағдарламаның 2016 жылғы қорытындылары бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы, тұрғындардың денсаулық индексі, халықтың медициналық қызмет сапасына деген қанағаттанушылығы сияқты медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасын байқап отырмыз. Алайда былтыр күтілген 35 көрсеткіштің екеуі орындалған жоқ. Бұлар – ана өлімі мен қатерлі ісікке шалдыққандардың 5 жылға дейін қайта науқастанбауын қамтамасыз ету», деді Елжан Біртанов.
Осы мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мұндағы басты мәселенің бірі міндетті медициналық сақтандыруды енгізу екендігін атап көрсетті. Мұның әрбір қазақстандыққа әсері бар. Бірақ, соған қарамастан, осы мәселені халыққа түсіндіру жағы әлі де кемшін соғып жатқан секілді. Мәселен, осы жөнінде дайындалған роликті он айда бар болғаны 4,5 мың адам ғана көрген екен. Ал бұл мәселе жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін өте маңызды. Демек денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру мәселесіне мән берілуі керек.
Сондай-ақ, Премьер-Министр
соңғы 10 жылда сала бойынша Елбасының тапсырмасымен
1 мыңнан астам нысан салынғандығын, алдағы уақытта бұл істе қаржы үнемдеу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігіне барынша мән беру керектігін айтып өтті. Осы бойынша Ақтөбе облысындағы жұмыстарды үлгі ретінде келтірді.
Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Бұл туралы баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аталған құжат республикалық бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтіндігін айтып өтті. Осы бойынша ынтымақты зейнетақы мөлшері жыл басында 9 пайызға арттырылса, енді 1 шілдеден бастап 11 пайызға, ал базалық зейнетақы мөлшері жыл басында 7 пайызға арттырылса, енді 1 шілдеден бастап тағы 13 пайызға арттырылады. Нәтижесінде, 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мөлшері
20 пайызға дейін ұлғайтылатын болады. Зейнетақының өсуі зейнет жасындағы ел халқын немесе
2 млн-нан астам адамды қамтиды. Жоғарыда көрсетілген өзгерістерді есепке алғанда, зейнетақының ең төмен мөлшері (базалық зейнетақыны есепке алғанда) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 45 711 теңгеге дейін өседі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны ескергенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін өседі. Баланың туылуына орай берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызға өссе, 2017 жылғы
1 шілдеден бастап тағы 20 пайызға көбейтіледі. Сөйтіп, 2016 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өседі.
«2016 жылы бірінші, екінші және үшінші баланың туылуына берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы
1 қаңтардан бастап оның мөлшері 71 270 теңгеге көтерілді. Енді
1 шілдеден бастап 86 222 теңгеге дейін өсетін болады. Төртінші және одан да көп баланың тууына берілетін мемлекеттік жәрдамақы мөлшері өткен жылы 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 118 мың теңгеге дейін өсті. Енді 2017 жылғы 1 шілдеден бастап оның мөлшері 142 947 теңге болады. Жалпы, жоғарыда аталған зейнетақы мөлшері мен баланың туылуына берілетін бір жолғы жәрдемақыны өсіруге 2017 жылға арналған республикалық бюджетте қосымша 81,6 млрд теңге қарастырылған», деді Т.Дүйсенова.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»