Қытай астанасы Бейжіңде өткен «Белдеу және жол» халықаралық ынтымақтастық форумына барғанымызда оған Қазақстаннан қатысқан делегация құрамында болған «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат КЕЛІМБЕТОВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді. Қ.Келімбетов аталған форумның халықаралық маңыздылығын, оның аясындағы келісімдердің елімізге әсерін, әсіресе «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына ықпалы зор екендігін айтты.
– Қайрат Нематұлы, АХҚО-ның ахуалы қалай? Іске қосылатын уақыт та таяп қалған екен... – Иә, өздеріңіз білетіндей, «Астана» халықаралық қаржы орталығы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық іске қосылады. Ал алдағы қыркүйек-қазан айларында биржа жұмысын бастамақ. Біз оны Орталық Азия өңіріндегі іргелі заманауи қаржылық құрылымға айналдыруды көздеп отырмыз. «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы Конституциялық заңға Елбасы 2015 жылғы желтоқсанда қол қойған болатын. АХҚО-ның негізгі міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, еліміздің бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ, елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға да мүдделі. Бұл жалпы алғанда, бүкіл өңірдің қаржылық хабына айналуы тиіс орталық. Осы ретте біз әлемнің ең мықты қор биржаларымен әріптестік орнатуды көздеп отырмыз. Бүгінде Шанхай қор биржасымен келіссөздер жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін нақты нәтижелер анықталады деген үміттемін. Сондай-ақ, әлемдегі ең ірі қор биржалары, мысалы, NASDAQ және Лондон қор биржаларымен ынтымақтастық орнатудамыз. Қалай болғанда да, жаңа биржа осы саладағы бар қағидаттар мен халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін болады. Яғни, ағылшын құқығы қағидаттарына сәйкес құрылатын болады. Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы жүргізіліп жатқан жекешелендіру, ірі ұлттық компанияларды жекешелендіру бағдарламаларын іске асырумен қатар жүзеге аспақ. Елбасы айтқандай, «Астана» қаржы орталығы Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының ядросы, содан кейін бүкіл Орталық Азия өңірі үшін қаржылық хабқа айналатындығына сенімдіміз. – Ал қазіргі күні «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бүкіл Орталық Азияның басты стратегиялық бағдарламасына баланып отырғанын ескерсек, мұндай халықаралық форумның аясындағы келіссөздердің АХҚО үшін орны бөлек шығар? – Әрине, өте маңызды келісімдер жасалды. Әлемнің 30-ға жуық мемлекетінің басшылары қатысқан «Белдеу және жол» халықаралық ынтымақтастық форумы «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында ұйымдастырылғаны белгілі. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, сөз сөйледі. Жалпы, аталған форумда талқыланған мәселелер Қазақстан үшін аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, ерекше тоқталатын жайт, бұл бастама алғаш рет Қазақстан жерінде жариялануы. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин «Жібек жолының экономикалық белдеуін» жүзеге асыру идеясын Астанада, «Назарбаев Университетінде» әлем назарына ұсынды. Шын мәнінде, Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасын іске асыруда Қытайдың Еуразия кеңістігіндегі сенімді әріптесі болып табылады. Қазақстан қазіргі таңда «Жібек жолы» бастамасын жүзеге асыру барысында маңызды рөлге ие. Мәселен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев форумда сөйлеген сөзінде «бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде көптеген елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналатынын жеткізді. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажеттігін, сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық деңгейде жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік беретінін айтты. Ал халықаралық қаржы орталығын құру Қазақстанды да өз деңгейінде жаңа тұрпатқа бейімдейтінін ескерсек, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын белгілі бір мөлшерде біздің елдегі жаңаша бағыттағы ұмтылыстармен байланыстыруға болады. Бұл форумның аясында АХҚО делегациясы Қытай Халық Республикасының қаржы институттары өкілдерімен кездесті. Оның ішінде, ҚХР құнды қағаздары нарығын реттеу комиссиясының төрағасы Ли Шиюй, Шанхай қор биржасының төрағасы У Цинмен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің вице-президенті, Қытай Өнеркəсіптік жəне коммерциялық банкінің (ICBC) өкілдері бар. Кездесу аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қытай реттеушілері арасындағы ынтымақтастық, қытайлық инвесторлардың қазақстандық капитал нарығына енуі, АХҚО биржасын құру жəне дамыту бойынша Шанхай қор биржасымен стратегиялық ынтымақтастық, Қазақстандағы қытай банктерінің АХҚО базасындағы есептік-клирингтік қызметтің дамуы мəселелері талқыланды. «Астана» қаржы орталығының «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасы аясында қаржы қызметін көрсететін орталық ретінде жұмыс істеуіне әлеуеті зор. Яғни, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, қай жағынан алып қарасақ та, бізге ашылған мол мүмкіндік болып отыр. – Форум аясында сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен қытайдың Цинхуа университеті арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойылды. Осыған тоқталсаңыз? – Дұрыс айтасыз, бұл да біз үшін өте маңызды келісім. Меморандум жасалуының басты мақсаты қаржы орталығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жолында біріккен ғылыми жобаларды жүзеге асыру болып отыр. Цинхуа университеті Қытайдағы 1911 жылы құрылған ең негізгі университеттің бірі. Осы елдегі ең негізгі 9 элиталық оқу орындарының қатарына енеді. Үнемі ұлттық рейтингтің алғашқы орындарына ие. Ал халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлау − АХҚО-ны ірі қаржы орталықтарының бірі ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бүгінгі таңда АХҚО қызметкерлердің кадрлық резервін қалыптастыру және қаржылық қызметтің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес кәсіби даму бағдарламасын жүзеге асыруда. АХҚО өкілдері АҚШ, Ұлыбритания, Жапония елдерінде білім алады. Енді Цинхуа университетімен де тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. − Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»
Бейжің − Астана