Міне, сол Қазталов жұртшылығы КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығын атап өтуде. Мерейтойлық салтанаттың шымылдығы аудандық мәдениет үйінің алдына орнатылған Х.Бөкееваның мүсінін ашумен басталды. Осы шара барысында Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр мерейтой меймандарына қазақы қонақжайлықпен «Қош келдіңіз!» айтып, көрнекті тұлғаның 100 жылдығын атап өтуге зор жауапкершілікпен қарап, ұйымшылдық танытқан жерлестеріне ризашылығын білдірді. Ал Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков: «Мәңгілік Қазақ елінің әлемге танылуында халқымыздың өнері мен мәдениеті зор мән-маңызға ие екендігін ескерсек, Хадиша апамыздың өмірі мен өнер жолынан мол ғибрат алуға тиіспіз», деді. Салтанатты рәсімнен кейін жиналған көпшілік Хадиша Бөкееваға арналған көрмемен танысып, «Өзгелерді дарынымен тамсандырған» атты деректі фильмді тамашалады. Ел ардагерлері Жайсаң Ақбай, Мұлхайдар Әміреев және өнер тарланы Меруерт Өтекешова, жазушы Сара Ләтиева естеліктер тиегін ағытты. Сонымен қатар, ауданның мәдениет қызметкерлері Хадиша Бөкеева орындаған рөлдерді сахнаға қайта шығарса, мерейтойға арнайы келген астаналық опера әншісі Айзада Қапонова, сол секілді Ақмарал Ахметова, Айбар Қайырханов, Нұржан Тасболатов, Альберт Ғазизжанов, Ернар Өмірәлі сынды өңіріміздің өнер шеберлері әннен шашу шашты. Ұлтымыздың ардақты қызы Хадиша Бөкееваның ғасырлық мерейтойы бәйге, аударыспақ, қыз қуу, көкпар сықылды халықтық спорт түрлеріне ұласты. Ұлттық ойындарға Ресейден, Атырау мен Маңғыстау облыстарынан келген спортшыларға қоса, Ақжайық, Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым және Шыңғырлау аудандарының өкілдері де қатысты. Сара ЛӘТИЕВА, «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы: – Хадиша апамен әңгімелесе қалғанда, өнерінен гөрі, өмірі туралы көбірек айтатын. Оның себебі, өнері халық алдында, ал жеке өмірі туралы былайғы жұртшылық біле бермейді ғой. Мен ол кісі туралы жазған кітабымда жеке өміріне көбірек тоқталдым. Бұл күндері облыс, аудан басшылығы ұйытқы болып, сахна өнерінің сөнбес жұлдызына айналған тұлғаның өнер жолын жұрт жадында жаңғыртуда. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкеева есімінің берілуі де Жайық жұртының оның өнерін асқақ бағалағаны деп түсінемін.
Мөлдір ӘНУАРБЕК, Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы