Елбасымыз «Халқымыздың әлеуметтік жағдайын дамытып, азаматтардың бақуаттылығын арттырумен бірге, мемлекеттің іргетасы – берік отбасы, үлгілі шаңырақтан басталатынын» қадап айтқан болатын. Мемлекет басшысының бастамасымен биыл елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы төртінші рет өткізіліп отыр. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсаты бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды отбасы құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы үш кезеңде өтті. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне аудан, қалалардан отыздан астам үміткер отбасылар қатысты. «Мерейлі отбасы-2017» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанған екі отбасы Шымкент қаласынан Каналбай Сейілбекұлының және Ордабасы ауданы Омаш Шапаевтың отбасына Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама және облыс әкімінің дипломы мен қаржылай сыйлық тапсырылды. Қалған жиырма сегіз отбасына бағалы сыйлықтар мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді. Бас жүлде алған Сейілбекұлы Каналбай отбасы туралы айтар болсақ, еңбек ардагері, зейнеткер. Қазақ театрының дамуына сүбелі үлес қосып, әншілік, айтыс, жыршылық, суырпсалма ақындық өнерімен елге танылған мәдениеттанушы. К.Сейілбекұлы 1964 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық фестивальде Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклінде Шегенің, 1967 жылы Самарқан қаласында өткен Бүкілодақтық халық театры байқауында Б.Майлиннің «Жалбыр» спектаклінде Қайрақбайдың образдарын үлкен шеберлікпен орындап, лауреат атанған. К.Сейілбекұлы Ақан серінің, Біржан салдың, Ғ.Құрманғалиев әндерін, Базар жырау, Майлықожа бидің термелерін халық арасында насихаттап келеді. Мақтаарал ауданының құрметті азаматы 5 ұл және 4 қыздан 40 немере 18 шөбере тәрбиелеп келеді. Отанды сүю, оның өркендеуіне жан-жүрегіңмен қызмет ету әр отбасының өзінен, ішкі мәдениетінен басталады. Жайшылықта «Мен Отанымды сүйемін, керек болса жанымды беруге бармын» дегенді көп жұрт қызыл сөзге балайды. Оның себебі, ешкім жан сұрамайтындықтан осылай айтып үйренгендер де бар. Айту керек болды, айтты. Көзге түсу керек болды, түсті. Қай жағынан да ұпай түгел. «Мерейлі отбасы» байқауында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков бір жайтты айтқан. Оншақты жыл бұрынғы кеп. Ұласбек Сәдібеков ол кезде облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы. Шардара ауданында идеология тақырыбында келелі жиын жүріп жатыр. Сөзге алдын ала жазылып қойғандар бірінен соң бірі тау суындай ағытылады. «Мен Отанымды сүйемін. Барлық қиындығына дайынмын». Жиын ортасында бір кейуана сөз сұрапты. Бәрі аң-таң. Кемпірдің жалынды патриоттық сөздер айтпайтыны анық. Сонда не айтпақ?! Айтыпты. 75-тегі кейуана. «Сендердің сөздеріңді бағанадан бері тыңдап отырып, айтарлықтай үлкен қызметіміз жоқ біз Отанымызға не береміз деген ойда болып, жауабын таптым. Біріншіден, әйел-ана өз отбасының ұйытқысы болып, өмірге ұрпақ әкелуі керек екен. Екіншіден, отбасы, ошақ-қасыңды аулаңды таза ұстап өзгелерге өнеге болу керек. Үшіншіден, құдай қосқан көршіңмен тату-тәтті болып, елдің тыныштығына, бірлігіне қызмет ету керек. Бұл жұмыстар біздің қолымыздан келеді». Айтқан сөзінің тоқетері осы. Жаны бар сөз. Көбік сөзді көпірткеннен осы үш отбасылық қызметтің ұшығына жете алсаң Отаныңның тұтатқан отының түтіні түзу шығарына сене бер. Осы пікірдің жалғасын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды марапаттаған жиыннан соң Астанадағы байқауға жолдама алған шаңырақтың иесі Каналбай Сейілбекұлына жұбайы Тұрған Сейілбекова апайдан естідік. – Елбасымыз Қазақстан бүгінгісінен де қуатты, бүгінгісінен де мықты мемлекет болса деп армандап, мемлекеттік бағдарламалар жасап жатыр. Әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіру үшін экономикалық өсімнің өскені маңызды болғанымен Отанымыз адам ресурсымен, өскелең ұрпақпен мың жасауы керек деп ойлаймын. Еркек үйдің егесі болғанда, әйел – шегесі. Өкінішке қарай, үйлене салып ажырасатындар көбейіп барады. Бұл – үлкен індет. Отбасын құрдың ба, ең алдымен сәбилеріңнің бақытын ойла, тесік өкпе етпе. Ол үшін ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрлермізді, мәдениетімізді сақтауымыз керек. Ата-баба мұрасына адалдық танытқан жағдайда қазақ отбасылары бақытқа жетеді. Әйел анаға ең алдымен шаңырақтың тыныштығын ойлау керек, – деді ол. Есті сөз. Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен аналар тәрбиесі – ұлттың келешегі. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының түйіні осындай ұлттық құндылықтарға арқа тірейді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы