• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2017

Басты бағдар – инновациялық өнімдер

196 рет
көрсетілді

Жуырда өңір басшысы Құмар Ақ­са­қаловтың төрағалығымен өткен ке­ңесте кә­сіпкерлікті қолдау, негіз­гі ка­питалға ин­вестиция тарту, им­порт ал­мастыру се­кілді өзекті мәсе­ле­лер қа­ралып, жер­гілікті кәсіп­орын­дар­дың сыртқы на­рық­қа шығу, бәсекеге қабілетті өнімдер өн­діру мүм­кіндіктері жан-жақты сараланды.

Оның ішінде индустриялық-инно­ва­циялық бағдарламаны жүзеге асыру жайы басты тақырып желісіне айналып, технологиялық жаңғырту жайына ерекше басымдық берілді. Өйткені, индус­трияландыру картасына 65 миллиард теңгені құрайтын 36 жоба енгенімен, былтыр 12-сі өн­дірістік қу­атын толық игере ал­ма­ған. Ал би­ыл төртеуінің жұмысы мау­сымдық си­патпен ғана шектелген. Төрт айда 32,2 миллиард теңге инвести­ция тар­ты­лып, өңір рес­публикада екін­ші орынды иеленгенмен, осынау ма­ңызды іске аудандардың атсалы­суы кө­ңіл көншітпейді. Облыс басшысы жер­гілікті жерлер үшін қолайлы, эко­но­микалық жағынан тиімді индус­трия­лық-инновациялық жобаларды өн­діріске кеңінен қосуды, жақсы үл­гілерді насихаттауды тапсырды.

Біз жиыннан кейін индус­трия­лық-инновациялық даму басқар­масының жетекшісі Жанат Сәдуа­қасовты әңгімеге тартып, озық тех­но­логия­ларды еркін меңгеру б­а­ғы­тын­да атқарылып жатқан шаралар туралы айтып беруін сұрағанбыз. Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» Жолдауында цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету талабын қойды. Қазақстанда 3D принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және бас­қа да перспективалы салаларды да­мы­ту қажеттігін атап өтті, дей ке­ліп, осы міндеттерді шешу аясын­да жа­ңа инновациялық өнімдер шы­ға­­румен жүйелі айналысып келе жат­қан кәсіпорындар қатарына алдымен С.Киров атындағы зауытты жатқызды. Мұнда мұнай мен газ саласына қажет қондырғылар, Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсырысымен көп арналы радиостанса секілді алты ұтқырлы байланыс жүйесі кешендері, темір жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ас­паптар жасалады. Былтыр 2 миллиард теңгенің жаңғырту жұмыстары атқарылған. Зауыт сонымен қатар «Отау ТВ» цифрлы телевизияға арналған «STY» құрылысын шыға­ру­ға мамандандырылған. Оған Қы­тай­дың, Тайваньның, Оң­түс­тік Кореяның материалдары қолда­ны­ла­ды. Күніне 1000-1500 дана қон­дырғы жасап шығарылып, Ресейдің көрші аймақтарына да сатылады.

Енді «Қазақтелерадио» АҚ-тың еліміздің солтүстік өңірлерінде жер­се­ріктік инфрақұрылымын қа­лып­тас­тыру тапсырысын алып отыр. Жоба құны – 8 миллиард теңге. Биылдан бастап 3D принтерлерін шы­ғару қолға алынды. Алғашқы үл­гілері сынақтан сәтті өтті. Зама­­на­уи техника арқылы кез келген зат­тың 3D форматтағы плас­тмасса кө­шір­месін шығаруға бо­лады. Барлық бөл­шектер өзімізде құ­рас­тырылады. Жы­лына өнімнің үш мың данасы шығарылмақ.

«Блок» ЖШС – жоғары сұ­ра­ныс­қа ие электр оқшаулағыш мате­риалдар шығаратын еліміздегі екі зауыттың бірі. Ресей, Украина нарығына еркін шы­ғып, экспортқа әбден төселіп ал­ған. Өнімнің негізі саналатын слюда минералы әртүрлі қысымдарға тө­зімді, жақ­сы ыдырайды. Мұнда электр оқ­шаулағыш материалдардың он­нан астам түрі әзірленсе, жарты­сы­на жуығын лакоткань, миканит құ­райды. Сатылым мөлшері 75 пай­ызға артқан. «Бизнестің жол картасы–2020» бағ­­дарламасы шеңберінде құрал жаб­­дықтар жаңартылған. ТМД ел­дерінде баламасы жоқ жоба қазір өн­дірісте кеңінен қолданылады. Дә­лірек айтқанда, өте сапалы ризолин деп аталатын құрылыс ма­те­ри­а­лының озық технологиясы табыс кө­зіне айналған.

Жолдауда еліміздің кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендерін жаңа нарықтарға шығару, өнім жеткізу аумағын кеңейту, гео­ло­гиялық барлау жұмыстарын бел­сенді жүр­гізу тапсырмалары жүк­телгеніне тоқталған Жанат Ғаббасұлы пайдалы қазбалар қорын игеру сала­сына халықаралық стандарттарды енгізу шараларын кешенді ұш­тас­тырудың маңыздылығын жеткізді. Өңірде 300-ге жуық барланған кен орны бар. Тайынша ауданында титан-цирконий, Айыртау ауданында қа­лайы, Уәлиханов ауданында уран өндірілетін болады. Осыған орай шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде инвестиция- лар тарту, бірлескен кәсіпорындар құру уағдаласына қол жеткізілген. Елбасының Қытаймен бірлескен ин­вес­тициялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру тапсырмасы бойынша Аспанасты елінен «Айцзю» компаниясы Тайынша ауданына келіп, май зауытын салуға кіріскен. Пре­зиденттің қатысуымен өткен был­­тыр­ғы Жалпыұлттық телекөпірде май­­лы дақылдарды қалдықсыз өң­дейтін кешеннің бірінші кезегі іске қо­сылған. Жылдық жобалық қуаты – 300 мың тонна. Өнімдер экспортқа бағ­дарланған. Бұдан басқа тағы бір қытайлық «Wuhan Shilinfuxing Techology Development Co Ltd» ком­па­ниясы Ғ.Мүсірепов ауданында егіншілік саласында заманауи технологияларды пайдалану арқылы астық өңдеу, өнім қалдықтарын кәдеге жарату сияқты толық циклді өндіріс орнын ұйымдастыруға бел буып отыр. Қосымша мал фермасы мен тыңайтқыштар өндіретін зауыт та салынады. Сонда жарты мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.

Ж.Сәдуақасовтың сөзіне қара­ғанда, өнеркәсіпте жоғары тех­но­логиялық өндіріс құру жұмыстары одан әрі жалғасады. Екінші бес­жыл­дықта экономиканың басым сек­тор­ларындағы жобаларды екі есеге дей­ін көбейту көзделген. Бұл ретте жаңашылдық, бәсекеге қабілеттілік алдымен ескеріледі. Өткен жылы 8,8 миллиард теңгенің 9 жобасы пайдалануға беріліп, 300 жұмыс орны ашылса, биыл 43 жоба іске асырылуда. Тұтастай алғанда, 100 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба өнді­ріске енгізіледі.

Тағы бір мәселе тоқтап тұрған кәсіпорындар жайы болды. Соңғы бір­жарым жылдың ішінде 15 кә­сіп­орынның жұмысы қайтадан жан­да­нып, 300-ден астам адам жұ­мыс тап­қан. Енді индустрияландыру картасы аясында тағы алты кәсіпорын толық қуатына қо­сылмақ. Олардың қатарында ағаш өңдейтін, кірпіш шығаратын, темір-бетон өнімдерін жасайтын, астық қабылдайтын әрі сақ­тай­тын өндірістер, ет комбинаты, «Биохим» кешені бар.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы