• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2017

«Бала дауысы» – Атырауда

128 рет
көрсетілді

Атырауда «Бала дауысы-2017» ұлттық балалар ән бай­­қауының іріктеу кезеңі өтті. 7 мен 13 жас аралығындағы өнерлі өрендер Құрманғазы атын­дағы мәдениет сарайын әсем әнге бөледі.

Әлия Назарбаеваның «Жандану әле­мі» жекеменшік қоры мен Қа­зақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті − Елбасы қоры, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бас­тау алған бұл байқауға бала­лардың қызығушылығы жо­ғары. «Іріктеу кезеңіне 107 ба­ла қатысты. Олардың арасында алыс ауылдардан арнайы келгендер де бар», – дейді жоба менеджері Әлия Сыздықова.

Жайық жағасындағы талантты да талапты оқушылардың өнерін саралайтын қазылар алқасына белгілі әнші Серік Ибрагимов төрағалық етті. Жұлдызды тәлім­гер Атыраудағы ең жарқын дауыс­ты таңдау біраз қиынға соқ­қанын айтады. Жүзден астам өнер­паздың арасынан бір ғана жүлдегер рес­публикалық кезеңге жолдама алады. Дінмұхаммед Нұрқабаев сол биіктен көрінді.

Атырау қаласындағы «Фан­тазия» вокал студиясында дәріс алатын Д.Нұрқабаевтың жасы 12-де. Ән айтып қана қоймайды, фортепианода шебер ойнайды. «Өткен жылы да осы байқауға қатысып, алғашқы үштіктен кө­рініп едік. Биыл жеңіске жете­тінімізге сенімді болдық. Д.Нұр­қабаев музыка мектебіне ба­рады. Оның бар арман-мақсаты өнермен байланысты», дейді анасы Жанна Нұрқабаева. Енді жас әнші Алматы қала­сында өтетін байқаудың фина­лында Серік Ибрагимовпен бірге ән салады.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ