Қатысушылардың басым бөлігін жастар құраған жиында ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің мәні мен маңызы, еліміздің бүгіні мен келешегіне қатысты атқарар рөлі жайлы сөз болды. Экология үлкен проблемаға айналып отырған ХХІ ғасыр – энергия көзінің жаңа технологиясын ойлап табуымен тарихта қалуға тиіс. Ауаны ластайтын, табиғатты зақымдайтын, адам денсаулығын бұзатын шикізат көздерін мейлінше аз тұтыну мәселесі көтеріліп келе жатқалы да көп уақыт болды. Бүгінгі таңда әлем ғалымдары ойлап тауып жатқан тың энергия көздерін жаппай қолданысқа енгізетін күн де алыс емес. Сол кезде осы тақырыпта көрме өткізген еліміздің үлесі жайлы аз айтылмайтын болады. Бұл көрмені өткізудің бір маңызы осы. Одан өзге, шартараптан келіп жатқан соңғы ғылыми-техникалық жаңалықтар ел өндірісінің жандануына ықпал етеді. Өзгеден үйренем деушілерге де мүмкіндік мол. Бұл көрме – болашақ жаңа әріптес- тіктердің бастауы болуға тиіс. Көрменің саяси маңызы жайлы да айтылмай қалған жоқ. Форумның ашылуында сөз сөйлеген «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев: – ТМД елдері аумағында алғаш рет өтіп отырған ірі көлемдегі үлкен көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның қатысуы көп нәрседен хабар береді. Әлемге деген достық пен ынтымақтастық ұстанымымыздың көрінісі бұл. Маңыздылығы жағынан дүниежүзілік маңызды экономикалық форумдар мен туризм саласы бойынша ең үлкен шараның Қазақстанда өтуі – еліміздің халықаралық деңгейдегі ықпалын асыра түсетіні анық, – деді. Бұл шара негізінен жастарға арналды деуге де болады. Алаңға жиналған жастар флешмоб ұйымдастырып, қосылып ән салды. «ЭКСПО көрмесі алдымен мереке болуға тиіс», дейді ұйымдастырушылар. Сол себепті, осындай көңілді, еркін пішімдегі форум өткізуді мақұл көріпті.
Алмас НҮСП, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы