Мемлекеттік орган басшысы сөзінің әлқисасын халықаралық көрме хақында бастады. Ол орынды да. Себебі, шекарамызды аттап, шетел асып келіп жатқан қонақтардың бірі экономикамызды бақылап келсе, енді бірі мәдени ахуалымызға көз жүгіртері анық. «Қазіргі уақытта әлемнің бар назары біздің елордамыз Астанаға ауып отырған шақ. Еліміздің тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан ауқымды да, маңызды оқиғаға әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан қонақтарды қарсы алып отырмыз. Барлық келушілер ЭКСПО-ның мәдени бағдарламаларына белсенді түрде қатысады және көрменің керемет мазмұнды шығармашылық бағдарламаларынан ләззат алуға, Қазақстан халқының бірегей өзіндік тарихи мұраларымен, оның қазіргі заманғы жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алады. Тек өткен күндердің өзінде ЭКСПО-ға арнайы салынған «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін бірнеше мыңнан астам адам тамашалаған. «Нон-стоп» режімінде жұмыс істейтін «Этноауылда» қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері, ұлттық спорт, дәстүрлі аңшылықтың түрлері, ұлттық тағамдар, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының асханалары, өңірлердің Мәдени күндері және тағы басқалар ұсынылады. Алғаш рет «Этноауыл» аумағында Nomad Way этномузыка фестивалі болды. Ертең Құрманғазы атындағы дәстүрлі орындаушылар конкурсының Гала-концерті өтеді. «Этноауыл» тұтас үш ай бойы жұмыс істейді, әрі қарай оны тұрақты өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз», деді министр. Сонымен қатар, ол 11 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО кубогы» өткенін тілге тиек етті. «Жарыс жоғары деңгейде өтті. Елімізден бөлек, Ресей Қырғызстан, Өзбекстан, Польшадан қатысушылар келді. Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында халықаралық деңгейдегі 18 ауқымды спорттық шара ұйымдастырады. Еліміздің өңірлері де спорттық жарыстардан қалыс қалмайды. Халықаралық көрме аясында Қазақстанның 14 облысында 20-дан астам спорттық сайыс өткізіледі», деді А.Мұхамедиұлы. Жиын барысында ведомство басшысы өткен жылдың өзекті тұстарына шолу жасап, 2016 жылдан бастап министрлік тарапынан 160-тан астам нормативтік-құқықтық актілер әзірленгенін, «Мәдениет туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңдар жаңартылғанын, «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» жаңа заң жобасы қабылданғанын, «Архив ісі мәселелері туралы» және «Кинематография туралы» заңдардың жобалары дайындалғанын айтып өтті. Бейжің, Лондон, Рио-де-Жанейро Олимпиадаларында спортшыларымыз толағай табыстарға қол жеткізгені спорт саласындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі деуге болады. Иә, былтыр ғана өткен XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада да еліміз алғаш рет Қытай, Жапония, Корея, Франция сынды мемлекеттерді басып озып, 2-ші орынға көтерілді. Бұл миллиондаған қазақстандық үшін спортпен айналысуға және салауатты өмір салтын қолдауға басты себеп болып, жаңа серпін бергені сөзсіз. Баяндама барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы Қанат Ислам, Геннадий Головкин, Жанқош Тұраров сияқты қазақтың атын шығарып, абыройын асырған спортшылар спорт саласына ғана емес, еліміздің даңқын көтеруде де сүбелі үлес қосқанын атап өтті. П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауы, «Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтің Нью-Йорктегі музейінен алынған жауһарлар» атты көрмесі, «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» көрмесі, италиялық композитор Дж.Вердидің «Аида» операсы, «Ромео мен Джульетта» мюзиклі, «Қытайдың Цинь Шихуанди императорының Терракота әскері» атты көрмесі, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы, Л.Минкустің «Дон Кихот» балеті осы және өзге де концерттік бағдарламалардың барлығы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аясында ұйымдастырылатынын айта кетсек дейміз. Сөз соңында мәдениет және спорт министрі ЭКСПО-ның тұтас өту кезеңінде министрлікпен 1400-ден астам мәдени және спорттық іс-шараны өткізу жоспарланғанын жеткізді. «Жалпы барлық іс-шаралар туралы хабарландырулар үздіксіз түрде жарияланып отырады. ЭКСПО-ның тұтас өту кезеңінде министрлік тарапынан 1400-ден астам мәдени және спорттық іс-шараны өткізу жоспарланған. Барлық мәдени нысандар мен спорттық алаңдар үздіксіз жұмыс істеуде. Көптеген іс-шараларға билеттер олардың басталуынан бұрын сатылып кеткен. Мұның өзі әлемге қазақстандық мәдениет пен спорттың зор мүмкіндіктерін ашып көрсетеді», деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Үкімет
•
19 Маусым, 2017
Мәдениет – мәртебеміз, спорт – мақтанышымыз
522 рет
көрсетілді
Қазақстанның қатардан қалмай, қарқынды дамуы жолында мәдениет пен спорттың қосар үлесі қомақты. Қос саланың өткен жылғы атқарған айшықты істері мен алдағы күнге қойған маңызды міндеттері жайында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халық алдында есеп беру кездесуін өткізіп, кеңінен баяндады.