Кеше ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өткен «Саламатты болашақ» балалар суреті байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Өнер сайысында балалар үйінің, «SOS балалар ауылының» және арнайы түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілері бақ сынады. Марапаттау рәсімі «Медикер» медициналық компаниясының көрме павильонында өтті. Жеті мен он бес жас аралығындағы балалар өздерінің шығармашылық қабілетін көрсетті. 16-31 мамыр аралығында қабылданған жұмыстарға баға берілді. Бір айта кетерлігі, олардың барлығы денсаулық тақырыбына арналған. Суреттерді «Аяла» қайырымдылық қорының, «Медикер» медициналық компаниясының және «Philips» компаниясының өкілдерінен құралған сарапшылар бағалады. Бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленген жеңімпаздарға «Philips» компаниясы және «Аяла» қайырымдылық қоры бағалы сыйлықтар табыстады. Қосымша тағайындалған алты аталым бойынша жүлделерді «Philips» компаниясы ұсынды. Жарысқа қатысқан басқа балалар да құралақан қайтқан жоқ. Себебі, қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, барлық жұмыстар назар аударуға және жүлделі орынға лайық. Сонымен, «Салауатты болашақ» балалар суреті байқауының бірінші жүлдесі – Ержан Дінисламға, екінші орын – Ирина Олейникке, үшінші жүлде Любовь Чугаеваға бұйырды. Ал «Тақырыпты ашқаны үшін» аталымы бойынша – Анатолий Попов, «Ең жас суретші» жүлдесімен – Ержан Қасқырбай, креативті туындысы үшін – Владимир Олейник, «Ең жарқын суретімен» дараланған – Ұлан Тасполат, «Болашаққа көзқарас» жүлдесін иеленген Лана Ыбраева, табиғатпен етене еңбек ете білген Альбина Нұрбекова жеңімпаз болып табылды. Байқау үздігі Ержан Дінисламның айтуынша, өнер бәйгесіне мұнан кейін де көптеп қатыса беру қажет. Өйткені, әріптестермен бәсекеде әр суретші өзін барынша көрсетуіне әрі түрлі қырынан ашылуына мүмкіндік табады.
Қаршыға КҮЛЕН