• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Маусым, 2017

Журналистер жиыны – жаһандық жағдаяттарға ықпал ету құралы

261 рет
көрсетілді

Бүгін Астанадағы ЭКСПО-2017-нің Конгресс-орталығында «Ымыраға келу жолдарын іздестіру» тақырыбында XIV Еуразиялық медиа-форум басталады

Сөз бостандығы – адамзат қоғамының айнымас атрибуттарының бірі. Барлық демократиялық ел­дердің заңнамалары адамның осы құқын қор­ғайды, оған қолсұ­ғу­шылықты заңмен қуда­лай­ды. Ал адам өзінің ойын еркін түрде ауызша немесе жазбаша айта алмаса, ондай қоғам демократиялы қоғам деп саналмай, барлық әлемнің көзтүрткісі болады. 

Сөз бостандығының жалауын көтеру­ші­лер – журналистер. Шырылдаған шындықты айтып, шырмауықты үзіп, қыл­мыстарды әшкерелеп, саяси, эконо­микалық, әлеуметтік, экологиялық және басқа да сәйкессіздіктерді ашып, заң бұзу­шы­лықтарды жария етіп жатқандықтан, бұл мамандықты қылмыстық топтар мен жалғыз жортқан қаскөйлер, күмәнді істермен айналысатын мемлекеттік қызметкерлер, тіпті өз халқына немесе жеке адамдарға қарсы әділетсіз, кейде, тіпті заңсыз істер жасайтын мемлекеттер де ұнатпайды. Бірақ олар журналистердің дүмпу салуынан туған халық арасындағы ой-пайымнан, әділетті қа­лаған қозғалыстардан, қоғамдық пікірден қаймығып, қалам ұстаған қауымның ауыздарына қақпақ қоя алмай амалсыздың күйін кешіп жүреді. Алайда... 

Иә, алайда, АҚШ-тағы бүкіләлемдік «Журналистерді қорғау комитетінің» мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылы ғана 69 журналист өзінің кәсіби қызметіне байланысты қайтыс болған немесе өлтірілген екен. Олардың арасында әлемдегі соғыс өрті шарпыған «ыстық нүктелерге» барғаннан қаза болғандар аса көп емес. Мысалы, Сириядағы қанды қырғынның ортасына барып, халыққа шынайы ақпарат жеткізуге тырысқан 13 журналист көз жұмған. Ал өз елдеріндегі қылмыстық топтардың, билікте жүргендердің қауіпті істерін әшкерелеп, оны халықтың құлағына жеткізгеннен қаза тапқандардың саны – 56 адам. 

«Әсіресе, бізді осындай кісі өлтірушіліктер алаңдатады», дейді комитеттің атқарушы директоры Джоэл Саймон. Сонымен қатар, нақ осы жылы әртүрлі елдердің 28 журналисі өзінің атына кәсіби қызметі үшін қоқан-лоқы көрсетілген хат алған. Жалпы, жур­на­листика – әлемдегі қауіпті кәсіп­тің бірі болып саналады. 

Қазақ бас­­пасөзінің қара нары Шерхан Мұр­­тазаның журналистердің жұ­мы­сы туралы: «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп өте қыс­қа және нақты анықтама бергені бел­гілі. 

Журналистер жеке мемлекеттердегі түрлі проблемалардың ғана емес, ғаламдық мәселелерге қатысты да пікір тудырып, әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қайраткерлердің назарын аударып, шешу жолдарын да ұсынып жүреді. Мұндай ұсыныстар айтулы форумдар мен кездесулерде ортаға салынып, ғаламдық озық ой-пікірдің араласуына жол ашады. Осындай бастамаларды қолдап, журналистер көтеріп жүрген проблемаларға әлемнің назарын аударту үшін үлкен шаралар мен медиа-форумдарды ұйымдастырып жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері, дәулетті меценаттар да бар. 

Журналистердің бастамашылды­ғымен өткізілетін ондай форумдарға айтулы саясаткерлер, бұрынғы мемлекет басшылары, сарапшы-мамандар, сарапшылар, т.б. қатысып, көтерілген мәселе бойынша өздерінің ой-пікірлерін ортаға салады. Белгілі немесе белгісіз ақпараттар ағындаған мұндай жиындардан журналистердің алар олжасы да көп. Сондай медиа-форумдардың бірі қазақстандық саясаткер, іс басындағы сенатор, саясаттану ғылымдарының докторы Дариға Назарбаеваның ұйытқы болуымен ежелгі қазақ жерінде 15 жылдан бері «Еуразиялық медиа-форум» деген атпен өткізіліп келеді. 

Биылғы ХІV медиа-форумның «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өтетінін бұған дейін жазған болатынбыз. Бірақ оның тақырыптары көрме көтерген «жасыл экономика» мәселесімен шектелмей, халықаралық саясат пен әлемнің геосаяси құрылымын, қауіпсіздік стратегиясы мен цифрлық төңкерістерді және т.б. ғаламдық өзекті мәселелерді қамтиды. Форумның жалпы тақырыбы да қазіргі жаһандық мәселеге жақындығымен ерекшеленіп: «Ымыраға келу жолдарын іздестіру» деп аталыпты. Бүгінгі әлем бұлтартпас фактілер ғана басымдыққа ие болатын бұрынғы халінен айрылып, ағындаған ақпараттардың әсерімен туындайтын неше түрлі пікірлер мен уәждердің астында қалды. Соның өзі шындықтың бетін шырмап, саяси ауытқушылықтар мен экономикалық өзгерістердің тууына себеп болып отыр. Осындайда тек түпкі шындық емес, ымыраға жол салатын амалдар ғана алға шығады. Медиа-форумның ымыраны алға шығарып, басты тақырыбына айналдырып отырғаны да содан. 

Бүгінгі таңда тек ымырашылдық жолымен ғана келісімге келіп, теке-тірестерді тоқтатуға болатынына әлемнің көз жетіп отыр. Өйткені, абсолютті шындықты табу мүмкін емес. Осы жолдың дұрыстығына Еуропаның прагматик саясаткерлерінің көздері жеткен, олардың елдері ұзақ жылдар бойы соғысқан ата жауларымен келісімге ымырашылдық жолымен келген. Соның арқасында қазір бірлесе дамып, өмірдің өзіне бұйырған қызықтарын алқаусыз тамашалап отыр. Олар бұл істің озық екендігін өз тәжірибесінен көрсетіп, Таяу Шығыс елдеріне де үнемі айтып отырады. Алайда, «қалайда жеңеміз» деген ортағасырлық санадан арылмаған көптеген саясаткерлер өздерінің халқы мен жерін қанға бөктіріп, ХХІ ғасырдың өзінде қырғынға ұшыратуда.

Форумның соңғы күні қаралатын «Сирия дағдарысы: соғыстың соңы бола ма?» деген тақырып нақ осы мәселелерді қаузап, ортаға салады. Бүгінгі таңда «соғыстан менің ауылым алыс, маған оның қатысы жоқ» деп ешкім де айта алмас. Сондықтан Сирия жанжалын ауыздықтауға бүкіл әлемнің араласуы керек. «Терроризмге қарсы күресте бірігіп, Сириядағы соғысты аяқтау керек» деген ұрандармен әлемдік көшбасшылардың талай жиындары өтті. Бірақ қантөгіс әлі де толастар емес, кейде тіпті ұлғайып, жазықсыз бейбіт тұрғындар қырылуда. 

Бұл жердегі гәп басқада екені көрініп тұр, өз елдерінің мүддесін көздеген саясаткерлер ымыраға келе алмай, соғысты тоқтатуда әлсіздік танытып отыр. Сондықтан ымыра, тек қана ымырашылдық қана бәрін ауыздықтауға мүмкіндік береді. Және ол ымыра Сириядағы қарсылас топтардың арасында емес, ұлы державалардың арасында жасалуы керек. Осындай ой-пікірлерді форумға қатысатын журналистер мен сарапшылар бұрыннан айтып келеді. Бәлкім, дағдарысты реттеу бойынша Астана процесіне белсене қатысып жүрген, ғаламдық мәдениеттердің тоғысуы мен Еуразияның геосаяси орталығы болып табылатын қасиетті қазақ жерінде тағы бір рет айтылса, оның дұрыстығына бүкіл әлемнің көзі жетер деген үміт бар.  Кезекті медиа-форумнан күтілетін ең маңызды мәселені бірі осы. 

Жақсыбай Самрат, «Егемен Қазақстан»