• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
17 Шілде, 2017

Көпвекторлы саясат – ерекше даму моделі

424 рет
көрсетілді

Қазақстан соңғы ширек ға­сырда халықаралық қоғам­дас­тық­тың бел­ді мүшесіне айналды. Осы қысқа мер­­­­зім­де Қазақстан өзінің ерекше да­му моделін таңдап, талайға үлгі бола біл­ді. 

Мемлекетіміз қысқа мерзімде ха­лық­аралық қатынастардың жауапты субъектісі ретіндегі беделін бекітті. Бүгінде біз өзекті жаһандық мәселелерді шешу және жаңа әлемдік тәртіпті құру ісіне белсенді қатысып қана қоймай, сол бағыттарда бірқатар бастамалар көтеріп, оның оң шешілуі жолында нәтижелі шаруалар атқарудамыз. Осындай белсенді іс-әрекеттің арқасында Қазақстан халықаралық аренада тұрақтылықтың, мемлекет дамуының қарқынды және өркендеген моделінің бастаушысы ретінде лайықты бағасын алып отыр.

Елбасы Н.Назарбаевтың табысты жүргізген көпвекторлы сыртқы саясаты нәтижесінде еліміз аймақтағы және әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өркениеттік, экономикалық, экологиялық мәселе­лерге қатысты бастамалары оң қабыл­дануда. Жаһанның жетекші елдерімен стратегиялық жарасымды әріптестігі Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ, инвестициялық байланыстарының дамуына негіз болуда. 

Бүгінгі таңда Қазақстан қандай бас­­та­ма көтерсе де, ол әлемнің же­тек­­ші елдерінің басым бөлігінің қолдауына ие болып келеді. Мұның жарқын дәлелдерінің бірі ретінде ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу мәртебесін әлемдік қоғамдастықтың қолдауымен жеңіп алуымызды айту­ға болады. Париж қаласында 2012 жыл­дың 22 қарашасында өткен Халықаралық көрмелер бюросының ЭКСПО халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясы барысында Қазақстан ұсынысын Бюроға мүше 147 елдің 103-і қолдап, дауыс берді. Біздің бәсекелесіміз Бельгияның Льеж қаласы 44 дауыс жинаған-ды. Осылайша, еліміз ұсынған, дұрыс таңдалған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы сарапшылардың көпшілігінің көңілінен шығып, көрмені өткізу мәртебесіне ие болдық.

Көрменің тақырыбы бізді ғана емес, күллі әлемді алаңдатып отырған мәселеге жатады. Өйткені, қуат көз­дерінің жаңа баламалы түрлерін табу мен оны кеңінен қолданысқа енгізу мәселелеріне күллі дүние назарын аударуда. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсететін тиімді алаңға айналуда. Соны­мен қатар, көрме елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін өте маңызды. 

ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме жұмы­сы ресми ашылғалы бері қарқынды өтуде. Бүгінде келушілердің саны 1 млн адамнан асты. Бұған дейін көрмені 20-ға жуық мемлекет және үкімет басшылары тамашалады, әлі 10 шақты мемлекеттің басшылары келеді деп күтілуде. Халықаралық көрмеге 100-ден астам мемлекет пен 20-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысып, өз павильондарын ашып, «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өздерінің озық технологиялары мен жаңа инновацияларын көпшілікке ұсынуда. 

Жалпы, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі маңызды іс-шараларды өткізудегі тәжірибесі жеткілікті. Бұ­ған дейін біз ЕҚЫҰ-ның Астана сам­митін, ШЫҰ, ИЫҰ басшыларының кеңестерін, Астана экономикалық форумын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін жоғары дәрежеде өткізген болатынбыз. Енді халықаралық көрменің ресми жабылуына орай Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар бойынша 1-ші саммиті өтпек. Бұл бастаманы Елбасымыз былтыр ИЫҰ ХІІІ саммитінде көтерген болатын. Саммитке Ұйымға мүше 55 елдің және халықаралық ұйымдардың өкілдері келіп қатысады деп күтілуде.

Осындай қыруар еңбектің арқа­сында, тәуелсіздік жылдары  Қазақстан экономикасына 130-дан астам млрд доллар инвестиция тартылған. Қазақстан – Орталық Азияға келген барлық сыртқы инвестициялардың 80%-дан астамының қабылдаушысы. Әрбір іске асырылған инвестициялық жоба – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Инвестициялар мен инновациялар жаңа мыңжылдықтағы жаңа Қазақстанның қозғалтқыш күштері болып табылады. Ел экономикасына инвестицияларды, инновацияларды және жаңа технологияларды тарту мақсатында отандық дипломатия айтулы нәтижелерге қол жеткізіп, табысты жұмысты жалғастыруда.

Алғашқы күннен басымдық беріліп, дұрыс таңдалған көпқырлы сыртқы саясатымыздың арқасында, еліміз халықаралық қоғамдастықта айтулы табыстарға қол жеткізіп келеді. Осынау жетістіктеріміз өз кезегінде Қазақстанның жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне және әлемнің бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елінің қатарына қосылуына мүмкіндік беретін болады.

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы