• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 31 Шілде, 2017

Бұл жарыс бұрынғыдан өзге­рек

266 рет
көрсетілді

Спорт – денсаулық кепілі. Кеше ЭКСПО-2017 көрмесі аясында кезекті маңызды спорттық шара ұйымдастырылды. Астана қаласында үшсайыстан, яғни жүгіру, жүзу және веложарыс бойынша тұңғыш рет Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Бұл жарыс бұрынғыдан өзге­рек. Халықаралық деңгейде өткен бәй­геге кәсібилер мен спортты сүйікті ісіне айналдырған әуесқойлар бө­лек-бөлек қатысты. Сынға түскендер суда 1,9 шақырым жүзіп, 21 шақырым қашықтықты жаяу жүгіріп, сондай-ақ, 90 шақырымды велосипедпен жүріп өтті. Мұндай ауқымды шараны Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қа­зақ­стан триатлон федерациясы, Азия триатлон конфедерация­сы (ASTC), Халықаралық триат­лон одағы (ITU) бірігіп ұйымдастырды. Ал жеңімпаздарды марапаттау үшін Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаев, Триатлон феде­ра­циясының президенті Кәрім Мәсі­мов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қатысты. Олар мәре сы­зығын кескен жеңімпаздар мен қаты­су­шыларды қарсы алып, жылы лебіздерін білдірді. Кәрім Мәсімов өз сөзінде барлық қатысушыларды, ұйым­дас­тырушыларды, сондай-ақ, жарыс­тың көркін қыздырған жанкүйер­лерді Триатлон федерациясы атынан Қазақстан Республикасындағы тұңғыш ашық чемпионаттың ашылуымен құттықтады. – Бұл дүние жүзіне кеңінен танымал спорт түрі. Кеше дәл осы жерде Халықаралық триатлон одағының қолдауымен Азия Кубогының іріктеу кезеңін көргенбіз. Жанкүйерлердің ұшқын атқан жанарынан спорттың бұл түріне деген қызығушылықты бірден байқауға болады. Болашақта триатлонды дамыту үшін келесі жылы Ironman 70.3 жарысын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі жарысқа қатысқан спортшыларды құттықтаймын! Олар келер жылдың шілдесінде Ironman 70.3 Astana жарысына алғаш болып қатыса алады, – деді Кәрім Қажымқанұлы. Қазіргі таңда әлем елдеріндегі секілді бізде де Age Group, яғни әуесқойлар санатындағы спортшылардың саны күннен күнге артып келеді. Оған осы жарыс­ты мысалға келтіруге болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа қатысуға 200-ден астам адам ниет танытқан екен, бұл жолы 155 адам тізімге іліккен. Кәрім Мәсімов ілгеріде айтып өткендей, бұл жарыс елімізде өткізілсе, Қазақстаннан да әлемдік деңгейге шығатын спортшыларымыздың саны артар еді. Жоғары лауазымды тұлғалардың көпшіліктің қызығушылығын арттырып, спорт­тың осындай түріне ден қоюы мен қолдау көрсетуі қарапайым жұрт­шылыққа шабыт беретіні анық. Чемпионатқа қатысушылардың арасында велошабандоз, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров та болды. Бұл жолы ол әуесқойлар арасында бақ сынады. Ол 40-44 жас аралығындағы сында мәре сызығын 4 сағат 25 минутта кесіп өтті. Оның жұртшылық арасына келіп, қоян-қолтық араласа жүруі жарыстың мәртебесін арттыра түскендей. – Бас қаламызда өтетін осындай үлкен жарыс туралы естігеннен кейін үйімде қарап отыра алмадым. Шынымды айтсам, спорттан кеткендіктен болар, маған оңайға соқпады. Алайда велосипед өмірімнің бір бөлшегіне айналып кеткен ғой, сондықтан бұл жағы маған жеңіл болды. Ал ең ауыр тигені – жүзу түрі. Шамамен, бірін­ші болып жеткен әріптесімнен жарты сағатқа кешігіп келген болармын. Жарыста үздік болып, бірінші орынды алуды мақсат еткенім жоқ. Тек өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, аз да болсын септігімді тигізсем, жоспарымның орындалғаны болар еді, – деді Лондон олимпиадасының чемпионы. Кәсіби спортшылар арасында ресейлік Иван Тутукин бірінші орынға ие болса, күмісті отандасымыз Максим Крят иеленді. Ал үздік үштікті Украинадан келген Виктор Земцев қорытындылады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар әуес­қой­лар арасындағы үздіктерді түрлі жас дәрежелеріне қарай марапат­тады. Өз кезегінде Максим Крят 2015 жылдан бері мұндай қашықтықта сын­ға түспегендіктен жарыстың қиын болғанын айта келіп, екін­ші орын алғанына қуанғанын мәлім­деді.  Айта кетейік, 29 шілде күні триатлоннан ерлер мен қыздар арасында Азия Кубогы өтті. Қатысушылар спринт арақашықтығында бақ сынады. Яғни, жүзу – 750 метр, веложарыс – 20 шақырым, жүгіру – 5 шақырым. Мұндай ауқымды жарысты елордамызда өткізу Халық­аралық триатлон одағы мен Азия триат­лон конфедерациясы арасында өт­кен келіссөздер нәтижесінде шешіл­ген болатын. Саламатты өмір салтын ұстану, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу көптеген дамыған ел­дердің халқы ұстанатын жол. Жыл өткен сайын біздің ел азаматтары да оны дәстүрге айналдырып келеді. Билік бастап, халық қостаса, алдымызда әлі талай біз алатын асулар тұр.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»