Тарата айтсақ, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы 13047 адам еңбек ету құқына ие болмақ. «Өрлеу» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен отбасыларды қамтуға бірінші кезекте басымдық берілген. Осыған орай 270 әлеуметтік келісімшарт жасалып, 1200 адам қатысушыға ниет білдірген. Бұрындары бюрократтық кедергілер мен қағазбастылықтар салдарынан құжаттарды рәсімдеу бірталай қиындықтар тудырса, қазір бұл үдеріс әлдеқайда оңайланғаны байқалады. Жобаға қатысу үшін отбасы егесі болмаса мүшелері тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына не ауылдық әкімдікке қайрылып, тиісі құжаттарды ұсынса жеткілікті, дейді мамандар.
Бағдарламаның игілігін көрушілер тиімділігін айқын сезініп отырғандарын айтады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында еңбекке жарамды тұрғындар үлесінің 1,7 пайызға кемуі сөзіміздің бір дәлелі болса керек. Ендігі мақсат кірісі өмір сүру деңгейінен төмен топтағылардың санын 15,1 мыңға дейін азайтуға бағдарланған.
Сөз арасында нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық қазынадан 4,5 миллиард теңге бөлінгенін, шағын несиелеу мөлшері 2,5 есеге артып, 2,3 миллиард теңге қарастырылғанын айта кеткен жөн.
Сол сияқты «Бастау бизнес» бағдарламасы да өміршеңдігін көрсетіп келеді. Оның шеңберінде 920 адамды кәсіпкерліктің қыр-сырына үйрету белгіленсе, үштен бірі қысқа мерзімді курстарды аяқтап шыққан. 30 адам несие алу кезегінде тұр. 5 адам 11 миллион жеңілдікті қаражатқа қол жеткізген. Тұтастай алғанда, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін санаттағылардан алты мыңнан астам қатысушыға мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдікті қызметтері ұсынылған. Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының жергілікті филиалы да белсенділігін күшейте бастаған сыңайлы.
Ведомоство басшыларының айтуларынша, жыл аяғына дейін жұмыссыздар саны – 600, өзін-өзі еңбекпен қамтитындар 5000 адамға азайып, жалдамалы қызметкерлер 3,5 мыңға ұлғаятын болады.
Жыл басынан бері 13 мың солтүстікқазақстандық жұмысқа орналасып, бала-шаға нәпақасын айырып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы