Ет жемейтін ел бар ма екен?.. Бір қызық деректер жекелеген қауымдардың арасында саналы түрде ет пен ет өнімдерін тұтынудан бас тартқан адамдар тобының кездесетінін айтқанымен, тұтастай алғанда, таңдайының татымын басқа азық-түліктен табатын нәсіл жоқ дейді. Демек, адамзат үшін ет жеп, сорпа ішу әдеті ежелден бергі сұраныс, әл-ауқаттың басты қажеттілігі.
Етке құмарлықтың екінші жағы және бар. Осы турасында айтсақ па деп едік. Жалпы, қазіргі әлемде адамдардың сұранысын туғызатын кез келген өнім түрі – экономикалық табыс көзіне айналатыны анық. Ендеше, ет пен еттен жасалатын тағам түрлеріне деген сұраныс та ешқашан төмендеген емес, осыған сай өндіріс те қарқынды дами беретіні шындық. Қазір әлемді етпен қамтитын елдер арасындағы бәсекелестік мықты болғанымен, табиғи ерекшелік пен түрлі талаптар үдесінен шығу, сол арқылы талғап жейтін ауыздың қорегін тауып беру әрбір үшінші мемлекеттің ғана қолынан келеді екен. Біз бұл жерде сорпасы татитын, жілігінен кемік майы тамған таза сұрыпты малдың етін айтып отырмыз. Әйтпесе, технологияның дамыған заманында жасанды ет өндірісі әлдеқашан қолданысқа еніп кеткен. Тіпті, адам ағзасы химиялық жолмен алынған еттің дәмі мен иісіне бейімделіп болды.
Мәселен, жедел дайындалатын кеспені алыңыз немесе бір түйірін қайнаған қара суға салып жіберіп, маңдайыңыз терлеп отырып ішетін сорпаны айтыңыз. Қуанышқа қарай деп айту керек шығар, осы жасанды сорпаның майы қазақтың қазанына қақ болып қата қойған жоқ. Бәлкім, біздің ел болашақта да, тіпті ешқашан химиялық жолмен өндірілген азық-түлікті тұтынбайтын шығар. Оны қойып, әлемнің ашқұрсақ адамдарына қажетті ет пен сүтті, күріш пен нанды табиғи қалыпта өндіру арқылы әрі табысқа кенеліп, әрі сауабын алатындай күнге жетеріне сенімдіміз. Өйткені, еліміздің табиғи ерекшелігі мыңғырған мал өсіруге мүмкіндік береді. Аграрлы мемлекет ретіндегі жаңаша серпіліс жасау, сол арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға білек сыбанып кірісу өзімізді ғана емес, алыс-жақын шетелдің де қажетін толық қамтуға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдегі әрбір тиынның қайдан келетінін бағып және сол тиыннан тиын сауып отырған сарапшы мамандардың пікірі. Демек, Қазақстан үшін табиғи ерекшелікті тиімді пайдаланып, әлемдік ет монополиясына ұмтылыс жасаудың уақыты келді.
Әрине, осыған негіз болғанымен, ниет бар ма деген алаңдаушылық туады. Біздіңше, алғышарттары жасалып болды. Қазір агросала сәтсіз жүргізілген реформалардың салдарынан арылып, үлкен өзгеріске аяқ басты. Оның бір мысалын Елбасының пәрменімен ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперативтер құру ісінен байқауға болады.
Қазақстанға жоғарыда айтқан әлемдік ет нарығының беделді ойыншысы болуға мүмкіндік беретін шаруашылықтың бір саласы – қой шаруашылығы. Шопан ата баласының басқа тиімділігін былай қойғанда, тек етін саудалаудан ғана қыруар пайда табуға болады. Мәлiметтерге жүгінсек, дүние жүзі бойынша ет өндiруде қой етiнiң үлесi 3,2 пайызды құрайды екен. Монополистер қой етіне деген сұраныстың жыл сайын өсіп отырғанын біледі, бірақ, осы аңсарды қанағаттандыратындай өнім өндірушілерге зәру. Яғни, Қазақстан үшін қой етін экспорттауда әлі де бәсекелесуге мүмкіндік бар.
Айтпақшы, қой етінің әлемдік экспорттағы үлесінің көп бөлігін бағланның еті құрайды екен. Өйткені, дүниежүзiлiк экспортта жас еттiң жұғымдылық және дәмдiлiк сапасына байланысты қозы етiн өндiруге деген қызығушылық артып келедi. Және оны өнеркәсiптiк негiзде өндiру көптеген мемлекетте экономикалық және сапалық жағынан тиiмдi әдiс болып саналады. Сондықтан, шетелдерде жас қозы етiнiң бағасы қой етiне қарағанда 2-3 есе жоғары болады екен. Әлемдiк нарықта қозы етiнiң бағасы бұзау етiнiң бағасымен қатар жүредi, қой етiне қарағанда 1,5 есе қымбат, ал шошқа мен сиыр етiнен 2-3 есе жоғары бағаланады.
Статистикаға жүгінсек, Германияда жыл сайын 1,2 млн қозы сойылады. Жаңа Зеландияда етке тапсырылатын 30-32 млн қойдың 65-70 пайызын 5-8 айлық қозы құрайды. Болгарияда өндiрiлетiн қой етiнің де 80 пайызы қозы етiне тиесілі. Осындай деректерге сүйенсек, қозы етіне деген тұтынушы талғамы өсе түскенін аңғарамыз. Демек, марқаның етін мейірленіп жейтін тек қазақтар ғана емес екенбіз, жас сорпаға құмарлар еуропалықтар арасынан да табылып отыр.
Бұл нені білдіреді? Әлем сапалы ет өніміне зәру, оның ішінде табиғи тағамның құндылығынан бас тарта алмайтындығын мойындады деген сөз. Ендеше, адамзаттың қазанына ас салып беретіндей әлеуетке жету үшін жұмылуымыз керек. Қазіргі қадамның өзі қуанарлықтай. Күні кеше Ауыл шаруашылығы министрiнiң бiрiншi орынбасары Қайрат Айтуғанов қазақ даласында еркін жайылып өскен қозының етіне деген сұраныстың артып келе жатқанын хабарлаған еді. Бұл туралы келесі мақаламызда кеңірек айтатын боламыз, әзірге түйгеніміз мынау: ет – етке, табыс – мемлекетке!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»