Ата-анаға опалы болу, оны өле-өлгенше ардақтап, құрметтеу – ата дәстүрі, ұрпақ парызы.
Қазақта «Төріңнен қарт кетпесін», «Ақ сақалды ата бол, ақ самайлы әже бол» дейтін ақ баталар бар. Жасы үлкенге құрмет еткен, қартын сыйлаған, жетімін жебеген, жесірін жылатпаған халықпыз. Ұрпақ – өзін өмірге келтірген, тіршілігіне нәр берген ата-ананың алдында мәңгілік қарыздар. Ананың ақ сүтін, әкенің ақ тілегін ақтау өз болашағыңа жарқын жол жасау деген сөз.
Ата-анаға не істесең, алдыңнан сол шығады. Атаңа істегенді ботаң саған істейді. Пенде өмір бойы жас болып тұрмайды. Бүгін жас, ертең қартсың. Сен ата-анаңды қалай сыйласаң, сенің балаларың да сені қартайғанда солай сыйлап, солай бағып-қағатын болады. Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» атты мысал әңгімесінде мынадай бір шағын оқиға баяндалады:
«Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты. Әке-шешесі: – Балам, не істеп отырсың? – деп сұрайды. – Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын», – депті баласы.
«Әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды», деген сөз тегін айтылмаған. Ата-анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған. «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» демекші, бүгінгі қазақ қоғамында өз ұлтының бағалы асылдарын ұмытып, безбүйректікке бет бұратын перзенттер де жоқ емес. Анда-мұнда ақпаратта бір жарқ ететін «қарттар үйін», «жетімдер үйін» көргенде жүрегің қан жылайды. Тіпті, кейбіреулердің жалғыз басты әкесін немесе анасын бөлек үй алып беріп, айырып бағып отырғанын да көзіміз көрді. Немересінің маңдайын иіскеуге зар болып, жалғыз басы сопайып қалған оның күні де тозақтан кем емес. Дүниеге бала әкеліп, оны азаппен өсіріп, енді соның қызығын, қызметін көре алмай тірідей суынып, қайырылмай кеткен баласын аңсай-аңсай, дүниеден өткен кәрі әке-шеше қайғысынан артық қайғы бар ма?! Өзінің перзенттік борышынан бас тартып, ата-анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар екі дүниеде де жақсылық таппайды. Абайдың: «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» дегені де сондайға қаратылса керек.
Демек, баланың осындай қатыгез болуына не себеп? деген сауал туады. Оның жауабы да оңай. Ол жүректегі иман мен ұлттық тәрбиенің кемдігі. «Не ексең, соны орасың» дейтін халық сөзі соған қаратылған.
Олай болса, кез келген қазақ шаңырағының ұлағатты ұл, инабатты қыз тәрбиелеп отырған әрбір ата-анасы ең әуелі өзінің алдындағы жаны жақындарын ерекше құрметтеуі, оларды ренжітпеуі керек. Өмірдегі тәрбиең – өз өміріңнің айнасы. Өлгенде өкіріп-бақырып жылап, қабірінің басына алтыннан ай, күмістен күн орнатудың бір тиындық құны жоқ. Балтаның сабындай қысқа ғұмырда, тез сөнетін жарық жалғанда сыйластық, бауырмалдық қана жүрекке шуақ, өмірге сән береді. Атаңа опалы болсаң – ботаңа қадірлі боласың.
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ