«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» деп қайран Би-ағаң, Бейімбет Майлин жазғандай бірқатар түсінбестік пен келіспеушіліктің басы еліміздегі үлкенді-кішілі қалалардағы көшелерге қойылатын атаулардан бастау алатыны бар.
Осындай кейбір кереғарлықтың алдын алу үшін соңғы кездері облыс орталығында көше мерекелерін өткізу үрдісі қолға алынды. Бұл іс-шаралар тек құр дүрмек пен концерттік нөмірлерді қызықтау үшін өткізілмейді. Немесе белгілі бір қолөнер бұйымдарын тұрғындардың назарына ұсыну үшін жасалмайды. Сөз жоқ, көше мерекелері кезінде оны одан әрі көркейту мен абаттандыру мәселелері талқыланады. Оны шешудің жолдары ортаға тасталады. Бұған қоса көше мерекесінің бұдан да гөрі тереңірек мәнісі бар деуге болады.
Ең алдымен көше мерекесінің мазмұн мен түр жағынан тығыз үйлесім табуына жағдайлар жасалады. Көше есімі берілген қайраткердің кім болғаны, осы топыраққа қатысы мен оған шапағатын тигізгені жөнінде кең ауқымды түсінік жұмыстары жүргізіледі. Бұған есімдері елге танымал тарихшылар мен өлкетанушылар, ономастика мен тіл саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар мен лингвист мамандар қатысады.
− Көшелерге ұсынылған атауларға сараптама мемлекеттік мекеме арқылы жүргізіледі. Одан кейін оны республикалық ономастикалық комиссия мүшелері бекітеді. Қайткенде де көшелерге атау беру жөнінде кешенді көзқарас ұстанғанды жөн көреміз. Осындай қағидат кейінгі кездері дәстүр мен тәжірибеге ене бастаған көше мерекелеріне де тән. Ондағы ашық әңгімеден соң кейбір екіұшты ой мен көзқарас туғызып жүрген мәселелер де өз ыңғайын таба бастағанына көз жеткізіп келеміз, − деді газет тілшісіне Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева.
Жергілікті Тіл басқармасы басшысының мәлімдеуінше, жаңа көшелерге тек қазақ ұлтынан шыққан тұлғалардың есімдерін беру шарт емес. Керісінше, Ақтөбе қаласында осы елдің даңқын асырған өзге ұлт өкілдерінің атындағы көше атаулары жеткілікті. Оны Николай Онотриенко, Михаил Прохоров, Алексей Марисьев және Виктор Пацаев деп жалғастыра беруге болады. Бұлардың алғашқылары Кеңес Одағының батырлары болса, кейінгісі Ақтөбе аймағында туып-өскен ғарышкер екені көпшілікке белгілі, деді ол одан әрі.
Ақтөбе күн сайын өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайып келе жатқан республиканың батыс өңіріндегі ірі қала. Мұнда жаңадан бой түзеп жатқан көшелер мен орамдар және шағын аудандар жетерлік. Қазір атау әлі беріле қоймаған 200-ге тарта көше бар. Ақтөбелік көше жанашырлары оның бәріне көшелі көзқарас тұрғысынан келуді көздейді.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ