• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қыркүйек, 2017

«Қазақтелеком» – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір

576 рет
көрсетілді

Отандық байланыс жүйесі дегенде халықтың жадында жатталып қалған, ойына бірден орала кететін ордалы шаңырақ – «Қазақтелеком». 

Осы компания – егемендік алған еңселі тұстан бастап, тіпті оған дейін де халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан телекоммуникация саласындағы тегеурінді ұжым. Мекеменің қысқаша тарихына үңілсек атасынан немересіне дейін осы жерде қызмет істеп көктеп отырған әулеттер көптеп кездеседі. Бұл өз кезегінде «Қазақтелеком» шаңырағының ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпірге айналғанын аңғартса керек. Тамыры мен тарихы тереңде жатқан компанияның ел дамуындағы алар үлесі ауқымды.

Компанияда кадр әлеуеттілігі, тех­ноло­гия­лық мүмкіндіктер, страте­гиялық мін­дет­терді дұрыс жоспарлау, қызмет түр­ле­рін оңтайландыру сияқты негізгі жұ­мыс­тардың барлығы жүйелі түрде жолға қойылған. Еліміздің барлық өңіріндегі бө­лім­шелері бұқара халыққа байланыс сала­сы­ның барлық талаптарына сай қызмет көр­сетеді. Компания отандық ақпараттық ком­муникация нарығын дамыту саясатын іс­ке асыра отырып, әлемдік стандарттарға жауап беретін жоғары технологиялы ин­фра­құрылым жүйесін құрды. Бір айта ке­тер­лігі, аталған қоғамда трансформация бағдарламасы аясында ауқымды істер атқарылып келеді. Елбасы қолдауымен бастау алған бағдарламаның ел экономикасына тигізер пайдасы мол екені айтпаса да түсінікті. Бұл ұзақ мерзімді процесс 2050 жылға дейін еліміздің ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуына ықпал етеді. Осындай әлемнің жетекші елдерінде жүзеге асырылған жобаның елімізде тың тыныс алып, кеңге қанат жайып келе жатқаны көңіл қуантады. Заман жылжып, уақыт сырғыған сайын әр саланың жаңа­ша сипатта дамып отыратыны белгілі. Осы ретте аталған ұжым кез келген сұ­ра­­нысқа жауап бере алатын заманға сай, бәсекеге қабілеттілігімен халықтың сенім үдесінен шығып келеді. Компания қыз­мет­керлері бұл тұрғыда мекеменің ежелден қалыптасқан дәстүрлі жолын берік ұстауды назардан тыс қалдырған емес.

– «Телекоммуникация саласы өте жыл­дам әрі қарқынды өзгеріс үстінде, уа­қыт өткен сайын бәсекелестік талап­тары күшейіп келеді және жаңа ойыншылар қа­та­ры да көптеп саналады. Сол себепті осын­дай жағдайда бізге не­ғұр­лым жылдам әрі икемді болу қа­жет, яғни компанияның ұй­ым­дық мо­делі өзгеруі тиіс. Біз өз або­не­нт­теріміздің ұсыныстарына барынша шұ­ғыл әрекет етуіміз керек. Компанияның жа­ңартылған стратегиясын түсіндіру, сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ алдағы трансформациялау жөніндегі стратегиялары мен жоспарларының негізгі ережелерін талқылау мен ұсыныстарды жинау үшін қызметкерлермен кері байланысты ұйым­дас­тыру мақсатында тұрақты түрде жұ­мыс ұжымдарымен коммуникациялық топ-менеджмент сессиялары өткізілуде. Транс­фор­ма­ция барысын түсіндіру жөнінде жұ­мыстар жүргізіліп, ұжымға алдағы жос­парлар жеткізіліп, осыған сәйкес компания бірте-бірте өзгеретін болады. Атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша қызметкерлердің басым бөлігі трансформациялауды компанияның алдағы болашақта дамуының бірегей мүмкіндігі деп қабылдайды. Топ-менеджерлердің қатысуымен өткізілетін коммуникациялық сессиялар барысында бизнес-үдерістерді жетілдіру бойынша ұсыныстар қаралуда. Ұйымның барлық деңгейіндегі біздің қызметкерлер орталық кеңседен бастап, өңірлік бө­лімшелерге дейін өзгерістер қа­жет­тілігін түсініп, оларға белсенді түрде ат­салысуда. Компанияның жаңартылған стратегиясының арқасында, біз сенім­мен алға қарай ұмтылып, көздеген мақсаттарға табысты қол жеткізіп, қой­ыл­ған міндет­тер­ді ойдағыдай орындап келеміз», – дейді «Алматытелеком» ӨТД бас директоры Шерхан Раздықов.

Жоғарыда айтылған жаңа стра­те­гия­лық жоспар компанияның жаңаша дамуына жол ашпақ. Ол үшін халыққа қызмет көр­сетудегі әрбір кішкентай элементке дейін жан-жақты сараптан өткен. 2014 жыл­дан бас­тап қолға алынған «Өрлеу» жаңғырту бағ­дарламасы осының ай­қын дәлелі. Бұл жобаның негізгі мақ­саты на­рықтағы көш­басшы орынды ны­ғай­та түсуге б­а­ғыт­талған. Бағдарлама күшіне енгеннен бері компания елеулі жетістіктерге қол жет­кізген. Соның нә­тижесінде абоненттік база мөлшері ұл­ғай­ып, қызмет көрсету сапасы арта түс­кен. Осыған орай топтамалық ұсы­ныстар тізбегі қалыптасып, тек байла­ныс қана емес, ақпараттық технология­лар арнасындағы қажеттілікті жабатын тұтынушыларға тың өнім түрлерін ұсы­нуға жол ашылған.

Қай салада болмасын жетістікке қол жеткізудің басты қағидасы терең бі­лім мен кәсіби шеберлік. Яғни, саланы алға сүй­рейтін сапалы кадр. Себебі, өз жұмы­сын шын ықыласымен жақсы кө­ре­тін маман ғана еңбек жолында барлық қа­жыр-қай­ратын, білім-білігін аямай мақсатқа же­туде табанды түрде қызмет етеді. Бар өмі­рін осы іргелі шаңырақтың тасын өрге домалатуға арнаған талай азаматтардың артынан ерген ұл-қыздары ата-анасын үлгі тұтып, осы кәсіпті таңдап, өмірін ата-ана­сы­ның тері сіңген, өздері үшін қастерлі са­налатын шаңырақпен байланыстырған. Кейін­нен ол қызметкерлердің ұрпақ­тары да ата-әженің ұлағатты жолын жалғап, осы кәсіптің иесі атанып, «Қазақ­те­леком» қазанында қайнаған. «Қазақ­те­лекомның» ел аумағындағы барлық бө­лімшелерінің қызметкерлер тарихына көз жүгіртсеңіз, қай өңірде болмасын үрім-бұтағымен өмірлерін осы мекемемен байланыстырған от­басылар жетіп артылады. Атадан ба­ла­ға мирас болған бұл жалғастықты кез­дей­соқтық деп айта алмайсыз. 

Қолымызға түскен мәліметтерді саралай келе, мұнда еңбек еткен әулеттердің жал­пы еңбек өтілі бес мың жылды құрай­ты­нын көріп таң-тамаша болдық. Атадан ба­лаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осы көш-керуен бүтін бір жүйенің аяғына нық тұруына қажыр-қайратын арнаған тұл­ғалардың өмірімен астасып жатыр. Тынымсыз төккен тер, ортақ мұрат, отбасы мүшелерін одан сайын тығыз байланыстыра түсетін ортақ кәсіп үлкен тәжірибенің қайнар бұлағына айналып мол жетістіктерге жол ашады. Осының бар­лығы бір-бірімен біте қайнасып отба­сылық қастерлі құндылыққа айналады. Жауапкершілік артып, әке кәсібіне адалдық таныту керек деген түсінік туын­дайды. Мамандардың айтуынша, ұр­пақтар сабақтастығын жалғап, бір ме­кемеде ұзақ еңбек еткен әулеттер бас­қаларға қарағанда кәсібіне құрметпен қа­райды. Ата-анасының, туыстарының төккен тері мен табысты жолын жалғай отырып, оған дақ түсірмеуге тырысады. Осылайша, еңбек өнімділігі көбейіп, ком­па­нияның әлеуеті арта түседі. Осының бар­лығын назардан тыс қалдырмай, елеп-ес­керіп, қызметкерлерінің отбасылық құн­дылықтарын жоғары бағалайтын меке­меде ұрпақтар сабақтастығы жалғаса беруі заңды да. Қызметкерлеріне ерекше құрметпен қарайтын компания соңғы жылдары Отбасы күніне орай мекеменің өрістеуіне елеулі үлес қосқан әулеттерді марапаттауды дәстүрге айналдырып ке­леді. Бұл өз кезегінде азаматтардың ай­бы­нын асқақтата түседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «Біз болашаққа көз тігіп, Тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Ст­ратегиясы осынау мәңгілік жолда­ғы бу­­ын­дар бірлігінің, ұрпақтар сабақ­тас­ты­ғы­ның көрінісі», деген еді. Отанды сүю ерлікпен ғана өлшенбейді. Әр адам өз кәсібінің шебері, өз саласының жанашы­ры болса одан артық сүйіспеншілік жоқ. Өз ісіңе деген сүйіспеншілік – үлкен жетіс­тік­­тің қақпасы. Ал, үлкен жетістіктер жи­­ынтығы қоғамды алға жетелейді. Қо­ғам­­ға қалтқысыз қызмет етіп, байла­ныс са­ласының барлық кеңістігінде ше­бер­лі­гімен шыңдалғандардың сапынан қазақ­те­лекомдықтардың қажырлы еңбегін айту­ға болады.

«Қазақтелеком» АҚ уақыт көшіне сай қа­­лыптасқан игі дәстүрлерін сақтай отырып дамып келеді. Жыл сайын қызмет көр­сету аясы кеңіп, технологиялық үде­­ріс­­терді жақсарту мен технология­ларды жа­ңарту бойынша кешенді жұмыстар жүр­гізілуде. Заманауи нарық талапта­ры күн сайын байланыс саласына өзгеріс әкеліп, бизнес-орта талаптары күрделене түскенімен, аты аңызға ай­нал­ған мекеме өз биігінен түскен жоқ. Ал­дағы уақытта да тегеурінді компания егемендікпен бірге жасап ел игілігі жо­лында жаңа белестерді бағындыра бе­ретініне сенеміз. 

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»