• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қазан, 2017

Адал еңбек – ауқатты тұрмыс арқауы

629 рет
көрсетілді

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Еңбек күні және Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» республикалық форумы өтті. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысқан шарада «Еңбек жолы» мен «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

Айтулы мереке Президент Н.Назарбаев­тың «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында Елбасы Жарлығымен бекітілген «Еңбек күніне» орай ұйымдастырылған болатын. Ал форумға Парламент депутаттары мен Президент Әкімшілігі, Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар, халық­аралық ұйымдар, бизнес-қоғамдастық пен кәсіподақтар өкілдері қатысты.

Форумды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазіргі таңда тек жеке адам емес, тұтас халық бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», деп атап өткенін айтты.

«Негізінен, бұл мереке Отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз ететін халықтың еңбегіне деген құрметтің бір белгісі. Оған қоса, бұл күн әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді дәріптеуге арналған. Еліміздің әрбір азаматы адал, риясыз, нәтижелі еңбектің маңыздылығын санасына сіңіруі тиіс. Сонда ғана Қазақстан әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылады. Өйткені келешекте ұлттың табыстылығы адами капиталдың сапасымен өлшенетін болады», деді ол.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының мақсаттарына жеткізетін бірқатар мем­лекеттік және салалық бағдарламаның орындалу нәтижелеріне де тоқталды.

«Осы күндері мемлекет, жекеменшік сектор және кәсіби бірлестіктер ынты­мақ­тастығының тетіктеріне негізделген әлеу­меттік-еңбек қатынастарының жаңа моделі қол­данысқа енгізілді. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында биыл 290 мың жұмыс орны ашылды. 500-ге жуық кә­сіби стандарттар әзірленді», деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы ірі және орта кәсіп­орын­дардың шамамен 90 пайызында, сондай-ақ шағын кәсіпорындардың 30 пайыз­дан астамында әлеуметтік-еңбек қатынас­тарын реттейтін ұжымдық шарттар бар екенін тілге тиек етіп, елімізде жаңа жоба – тегін кәсіптік білім беру ісі қолға алынға­нын атап өтті. Осылайша, жастар үшін өзі­нің еңбектегі алғашқы мамандығын мемлекет есебінен игеру мүмкіндігі пайда болған­дығын алға тартты.

Содан кейін сөз алған Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүй­сенова бұл күн ел экономикасының түрлі салаларында қызмет етіп келе жатқан 8,5 миллионнан астам азаматтардың айтулы мерекесі екенін айтты.

«Елбасы өзінің «Жалпыға Ортақ Ең­бек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағ­дар­ламалық мақаласында әлемдік өрке­ниеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарының емес, адамның еңбегімен жасалады деп айтқан болатын. Расында да егемендігімізді алғаннан кейінгі ширек ғасырға көз жүгіртетін бол­сақ, осы уақыттың ішінде елімізде 7,5 мың шақырым жол салынды. 113 млн шар­шы метрден астам тұрғын үй қол­данысқа берілсе, 3 мыңға жуық мектеп пен денсаулық сақтау сынды әлеуметтік ны­­сандар бой көтерді. Ал өндірілген жалпы өнімнің көлемі 1993 жылғы 29,4 млрд тең­геден, өткен жылғы қорытынды бойынша 47 триллион теңгеге жеткен. Осындай көр­сеткіштерге ие Қазақстанды әлемдік қо­ғамдастық нарықтық экономикадағы мем­лекет ретінде мойындап отыр», деді Т.Дүй­сенова.

Айта кетейік, форум аясында «Еңбек жолы» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған 329 адам қатысқан болатын. Нәтижесінде, «Үздік еңбеккерлер әулеті» аталымы бо­йынша Ақтөбе облысынан теміржолшы Жұбанышевтар отбасы; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Батыс Қазақстан облысынан энергия кәсіпорны өндірістік-техникалық қызмет бөлімінің бастығы Тілек Харин; «Үздік жас қызметкер» номинациясы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан мұғалім Нұрсұлтан Аббасов; «Жас ұрпақты еңбекке баулудағы үлесі үшін» номинация­сы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан балабақша меңгерушісі Нұржамал Төлеуова жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ел экономикасының түрлі саласының ардагерлері «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Форум соңында қазақстандық танымал эстрада әртістерінің қатысуымен концерт өтті.

 

 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»