Адам баласы көп ретте оп-оңай-ақ таптаурын ойлардың құрбаны болып жатады. Бірақ сынаптай сырғыған уақыттың бір орнында тұрмайтыны тәрізді, өмір ағымы да соншалықты жылдам, сағат сайын, сәт сайын өзгеріске толы. Оба, тырысқақ тәрізді кеселдердің емі болмай, жаппай індеттен тұтас жұрт қырылып жататын ол күндер қазір келмеске кеткен. Тіпті қазір қатерлі ісікті басқа да созылмалы аурулардың қатарына жатқызатындай мүмкіндік бар, дейді маман дәрігерлер.
Астанада «Қатерлі өскіндерді диагностикалау және емдеудегі заманауи тәсілдемелер» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан осы оймен нық сенімде шықтық. Астана қаласындағы Онкология орталығының 65 жылдық мерейтойына орайластырып өткізген бұл басқосуға Ресей, Украина, Франция, Литва, Қырғызстанның жетекші медициналық мекемелерінен мықты мамандар шоғыры жиналыпты. Ой бөліскен, тәжірибе алмасқан бірнеше шеберлік сабақтар мен пленарлық отырысқа қатысқан уақытта дәрігер емес, қарапайым журналистің өзі біраз нәрсеге көзі ашылып, қаруланып қалғандай.
Профессор Раушан Рахымжанова бүгінде әйелдердің сүт безінің қатерлі ісігінің онкоаурулар ішінде алдыңғы орынға шығып отырғанын және оған шалдығушылардың жыл өткен сайын жасарып бара жатқанын айта келіп, алға қойылған басты міндет неғұрлым ертерек анықтау екеніне басты маңыз берілетінін айтқан. Науқастың емделуімен қатар, әрі қарайғы еш уайымсыз, күнделікті тіршілігін жалғастырып, сапалы өмір сүруіне алып келетін ең маңызды фактор аурудың неғұрлым тезірек анықталып, дұрыс диагнозы қойылуы дей келе, ол осы реттегі зерттеулерді ортаға салды.
Сәулелі диагностика маманы, профессор Рахымжанова баяндамасынан аңдағандай, магнитті-резонансты томография мультиспиралды, 40 кесілімді компьютерлік томография, УДЗ, цифрлы маммограф, пантомограф, ангиографтарды қолдану диагнозды әлдеқайда анық әрі жылдам қоюға жол ашқан.
Медицина ғылымдарының докторы, онколог ғалымдар арасында Ресейдің бренді десе артық емес Татьяна Семиглазова жас қыздар мен әйелдер ісікке шалдыққанда аналық безінің жұмысын уақытша тоқтатып, сол уақытта қажетті түрлі терапиядан өткізіп, сауыққан кезінде қайтадан іске қосу технологиясын ортаға салды. Мәселен, бұрын бауырда метастаза басталса, бірден науқасқа химиятерапия қолдану керек деген ұғым болатын.
Қазір бұл тұжырымдамаға өзгеріс еніп, гормонды терапиямен емдеу арқылы пациентке ауыр тиетін химиялық жолдан бас тартатын жағдайға жеттік деген Семиглазова сүт безінің қатерлі ісігіне операция жасағаннан соң әйел мүсінін сақтап қалудағы ем жолдарын да ғылыми негізге, зерттеуге сүйене, өте бір жанға жайлы көңіл-күйде айтып берді.
Астанадағы Онкология орталығының бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев науқас неғұрлым кешігіп қаралған сайын дәрігер қолынан келетін мүмкіндіктің де шектеулі бола түсетініне өкініш білдіреді. Расында да біздің қоғамда аурудың алдын алып, учаскелік дәрігер скринингке шақырғанда міндетсініп әзер барып, өз денсаулығы үшін емес, емдеу мекемесіне қажетті статистикалық есепке керек әуре деп қарайтын көзқарас жиі кездеседі.
Бүгінде дәрігерлер алдында тұрған үлкен проблема – адамдардың ертерек қаралуы. Сонда ғана ұзағырақ өмір сүруіне кепілдік беруге болады. Тіпті қаралуға қорқып, әлдеқалай диагноз айтып қала ма деп емхананы айналып өтеді.
Ең бастысы, адам өзін жіті бақылап, сәл ауытқу болса күдікпен қарап неғұрлым ерте қаралғаны жөн. Тіпті маңайындағы туысқандар бір-бірін бағып, неге тамақ ішуі кем, неге ұйқысы азайды, неге жүдеп барады деп күмәндануы тиіс. Созылмалы сырқаты бар жан жылына бір рет рентгеннен өтіп, қолы жетсе компьютерлік томография жасатуы керек. Өкпе рагы өлім көрсеткіші жөнінен елімізде бірінші орында тұр. Созылмалы ауруы бар жандардың өздеріне күдікпен қарап, уақыт тауып қаралғандары жөн.
Мәселен, көптеген адамдарда папиллома бар. Бұл – денеде бұрын болмаған еттің өсіп шығуы және папиломма теріде ғана емес ішкі органдарда, ішекте, асқазанда да, ауыз қуысы мен жыныс жолдарында да болуы мүмкін. Соны алып тастап, зерттеуден өткізу керек, әйтпесе бір қолайсыз сәтте ракқа айналып кетуі мүмкін. Тағы бір күнделікті кездесіп қалатын жайт, хеликобактериясы бар адамның қолы таза жуылмаса оны үйіндегі адамдарға тарату қаупі бар. Ол адамдарды гастрит, сасық кеңірдек сынды ауруларға алып келуі мүмкін. Соның барлығы түбінде обыр ауруына ұшырап қалудың ықтимал белгілері. Туысқандардың бейғам болмауы да диагнозды ерте қоюға әсерін тигізеді, дейді Мұхтар Төлеутаев.
Бүгінде тек Астана қаласы бойынша 8900 адам онкологиялық науқас ретінде есепте тұрса, соның 200-і бала екен.
Конферециядан соң Татьяна Семиглазованы әңгімеге тартудың орайы келген. Әйелдердің сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығуы әлеуметтік мәні бар ауру. Өкініштісі, бұл дерт аяқ астынан келе қалып, барлығын астаң-кестен етуі мүмкін. Бірақ қазіргі медицинаның мүмкіндігімен оны үкім ретінде қабылдауға әсте болмайды. Егер адам денесін шынықтырып, күніне 2 сағаттай таза ауада жүріп, уақытында 2-3 баласын дүниеге әкеліп, бөбегін емізсе, бұл ауру айналып та өтеді.
Шетелде осы аурумен ауырған жандардың дертке шалдығуының ықтималдығын кемітетін технологиялар да бар. Негізінде аурудың бастапқы кезеңдерінде анықталуы өте маңызды. Тіпті омырауды алып тастағанның өзі бұрынғыдай емес, бүгінгі медицинада импланттар арқылы оны қалпына келтіру әдістері бар.
Статистикаға жүгінсек, әлем бойынша жыл сайын 12 миллионға жуық адам осы дертке шалдығып, олардың 7 миллионға жуығы өмірмен қоштасады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылы онкоаурумен ауырып, қайтыс болу көрсеткіші екi есе ұлғаю мүмкіндігін де алға тартады. Сондықтан қатерлі ісікті бастапқы кезеңінде анықтау сіз бен біздің өміріміздің ұзаруының кепілі екенін есте ұстап, емханаға жиірек барып қаралғанымыз абзал.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»