Еліміздің соттары шығарып жатқан шешімдер мен үкімдердің уақытылы әрі сапалы орындалуы өте маңызды мәселе. Өйткені халық ол үкімдердің орындалуын заң үстемдігінің толық қамтамасыз етілуінің бір көрінісі ретінде бағалайды. Осыған орай Жоғарғы сотта «Үкімді орындаумен байланысты мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оны Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен «IRZ» халықаралық құқықтық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоры ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қылмыстық атқару жүйесінің бас бостандығынан айырылғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату және үкімдерді орындау бойынша қызмет мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жазаны тағайындау шараларын ауыстыру, айыппұл салу, сотталғандардың шағымдарын үкімді орындау тәртібінде қарастыру, мүліктен тыйымды алу бойынша қолданыстағы сот практикасы қаралды.
Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Рахметулин үкімді орындау сатысын қылмыстық процесті аяқтайтын логикалық бөлігі дей келе, талқыланып отырған тақырыптың маңызы зор екенін атап өтті. «Қылмыстық сот ісін жүргізудің осы кезеңінде үкімдегі шешімдердің басталуы мен нақты іске асырылуын қамтамасыз ететін әрекеттер жасалады, үкімді орындау барысында туындайтын түрлі мәселелер жедел түрде шешімін табады. Сот жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың ұсыныстарын, сотталғандардың арыздары мен өтініш хаттарын қарастыра отырып, үкімдердің орындалуына, сотталғандардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қадағалау жасайды», – деді.
Қылмыстық заңнама бойынша жүргізілген соңғы реформа соттарға аталған санатта келіп түсетін материалдар санының айтарлықтай артуына ықпал етті. Жаңа заңдар қолданысқа енген алғашқы жылдың өзінде-ақ мұндай материалдардың саны 28 пайызға артты. Ағымдағы жылдың 9 айында соттардың іс жүргізуінде 55 мыңнан астам осындай материал болды, олардың басым бөлігін мерзімінен шартты түрде босату және жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру істері құрады. Республика соттары осы кезеңде мерзімінен шартты түрде босату туралы барлығы 7108 материалды қарап, оның 64,2 пайызын қанағаттандырды.
Заңда көзделген жаңа құқықтық нормалар белсенді түрде қолданып келеді. Мәселен, соттар айыппұл секілді жаза түрін белсенді тағайындай бастады. Ағымдағы жылдың өткен жартыжылдығы ішінде қылмыстық құқықбұзушылықтардың барлық түрлері бойынша сотталған тұлғалардың ішінде айыппұл тағайындалғандарының үлес салмағы 12 пайызды құрады. Заңды күшіне енген үкімдер бойынша өндірілген айыппұл сомасы 609 млн-нан астам теңгені құраса, оның 470 млн теңгеден астамы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша тағайындалған.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар санының артуына және «түрме халқының» азаюына жаңа қылмыстық заңнама мен «Жазаны өтеуден мерзімінен шартты түрде босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру мен тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» Жоғарғы сот әзірлеп, 2015 жылы қабылданған нормативтік қаулы зор ықпал етті. Талқыланып отырған мәселе бойынша сот практикасына тұрақты түрде дәйекті шолу жасалып келеді, жиі қайталанатын қателіктер мен заңды дұрыс қолданбаумен байланысты орындалмай қалуы секілді мәселелер сарапталуда.
Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы бүгінгі таңда сот жүйесі сот төрелігін жүзеге асыру процесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізуде флагман болып табылатындығын атап өтті. Жоғарғы Сот түзеу мекемелерін бейнебайланыс (ББ) жүйелерімен жарақтандыру бойынша бастама көтерген болатын. Қазіргі таңда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бейнебайланыс жүйесімен 100 пайызға жарақтандырылған. Бұл технология уақыт пен қаржылық шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қауіпсіздіктің жалпы режімін сақтауға оң әсер етеді. Ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде соттар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мекемелерімен бейнебайланысқа шығу арқылы сотталғандарды күзетпен алып келусіз 10 мыңнан астам материалды қарады.
Бекітілген күн тәртібіне сәйкес Жоғарғы соттың судьялары Ғазиза Мұсабекова мен Серік Әбнасыров соттардың мерзімінен шартты түрде босатуға байланысты өтініш хаттарды қарастыруы, үкімдерді орындау, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бекболат Төремұратов Комитеттің үкімдерді орындау бойынша қызметі туралы сөз сөйледі. Үкімдерді орындау саласындағы қадағалау туралы Бас прокуратураның 2-ші басқармасының бастығы Серікжан Мырзалы айтып берді. Бұған қоса, түрлі деңгейдегі жергілікті соттардың бірқатар судьялары баяндама жасады.
Германияның Жоғары жер сотының судьясы Арнт Вайсхаупт Германияның заңнамасы бойынша сотталғандарды жазаны одан әрі өтеуден босату, сондай-ақ жазаны орындаумен байланысты мәселелерді шешудің қолданыстағы практикасы туралы өз ойымен бөлісті. Майндағы Франкфурттың учаскелік сотының вице-президенті Франк Рихтер үкімді орындау тәртібіндегі кейбір мәселелер мен Германияның қылмыстық-атқару палаталарының қызметі туралы әңгімелеп берді. Астана қаласының адвокаты Аманжол Мұхамедияров үкімді орындау сатысында білікті заң көмегіне қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша баяндама жасады.
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»