Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Дәурен Абаев «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының іріктеу кезеңінің нәтижесін жария етті. Бұл туралы министр Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. El.kz порталында жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру арқылы жобаның іріктеу кезеңінен өткен 102 жеңімпаз анықталды. Осы орайда, әділдік үшін дауыс саны бойынша алғашқы жүздіктен сәл ғана төмен тұрған екі үміткерді де тізімге қосуды жөн санадық», - деп мәлімдеді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, жобада 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берген. «Осының өзі жобаның қоғам үшін маңызды болғанын көрсетеді. Ендігі жерде үлкен жұмыстар басталмақ. Қазіргі уақытта Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын әзірлеуде», - дейді министр. Дәурен Абаев жоба жеңімпаздарының есімі ел табыс тарихының жаңа парақтарына айналады деген сенім білдіді.
«Осы орайда жобаға атсалысқан барша жұртшылыққа - еліміздің жаңа есімдері туралы жан-жақты ақпарат берген журналистерге, бізге қолдау көрсеткен волонтерлер мен қоғамдық ұйым мүшелеріне алғыс білдіремін. Өтінімдерді жинау барысында елімізде мақтан етуге де, өскелең ұрпаққа үлгі етуге де лайықты мыңдаған бірегей жандардың бар екеніне куә болдық. Осынау жаңа есімдер арқылы тұтас Тәуелсіз Еліміздің табыс тарихының жаңа парақтары ашылмақ», - деп жазды Дәурен Абаев.