Қарашаның басында Францияның ядролық және радио-активті қауіптер жөніндегі қоғамдық сараптама орталығының (IRSN) Еуропаның біраз бөлігін шығыстан келген ядролық бұлт торлағаны жөнінде мәлімет таратқан болатын.
Франциялық орталық қауіпті қалдықтың Ресей немесе Қазақстан тарапынан келгенін болжаған-ды. «Росгидромет» радиациялық ластанудың Орал тауынан, яғни Ресей территориясынан таралғанын мәлімдеді.
The Guardian басылымы радиоактивті изотоптың жоғарғы деңгейі 25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Челябідегі Аргаяш ауылының маңында тіркелгенін хабарлады. Газеттің деректеріне сүйенсек, ауаға тараған рутений-106 изотобы қалыпты жағдайдан 986 есе артып кеткен.
«Мәлімдемеде ластанудың таралу аймағы нақты көрсетілмеген. Алайда Аргаяш стансасы «Маяк» ядролық сынақ аймағынан 30 шақырым қашықта орналасқан. Аталған аумақта тарихтағы ең зұлмат ядролық апаттардың бірі болған-ды. Қазіргі таңда «Маяк» ядролық отынды қайта жаңғыртуға арналған», дейді The Guardian басылымы.
Ресей «гринпис» өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін «Росатомға» өтініш білдірген. Осыған орай жүргізілген зерттеудің нәтижесінде радиоактивті изотоп елдің оңтүстігінен таралып, батыс Еуропаға дейін жеткені айтылады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»