Биыл Қарағанды облысы бойынша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында бірнеше жаңа нысандар бой көтерді.
Айталық, Пришахтинскідегі бүлдіршіндерге арналған 360 орындық «Одарешка» балабақшасы Елбасы күніне орай ұйымдастырылған ерекше сыйлықтардың бірі болды. Мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында ашылған мектепке дейінгі мекеме Пришахтинскідегі 23 шағын ауданда орналасқан. Балабақша құрылтайшысы Гүлнар Смайлованың тәжірибесіндегі бұл төртінші балабақша. Қарағандылық кәсіпкерлерге мемлекет-жекеменшік әріптестік зор мүмкіндіктер ұсынғаны рас. 2015 жылы 1000 орынға арналған төрт жекеменшік балабақша ашсылса, 2016 жылы кәсіпкерлер осындай 10 бақша ашқан. Ал биылғы жылы солардың қатары 19-ға артқан.
«Одарешка» балабақшасының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықталып, қазіргі күні тіпті, 400-ге тарта балаға есігін ашқан. Барлық жағдай жасалған ғимараттың сырты да, іші де көз тартарлық. Оның үстіне, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Ақерке», «Армашка» және Майқұдықтағы «Ақжарқын» балабақшалары да Гүлнар Смайлованың еңбегі. Кәсіпкер дамыту-тәрбие процесін жүргізіп қана қоймай, балабақшаларда тұзды шахталар, робототехника кабинеттері, шығармашылық шеберханалар ұйымдастырып, балалармен логопед және психолог мамандарының да жұмысын жан-жақты қарастырған.
Құрылтайшының айтуынша, 1975 жылдары «Улыбка» деп аталған балабақшаның құрылысы салынғанына қырық жылдан астам уақыт өткен. Кейіннен тоқсаныншы жылдардың қиындығы кезінде балабақша жабылып, «Солнышко» балабақшасына қосылған. Ата-аналардың төлейтін ақшасының жоқтығынан, тамақтандыру жайы да мәз болмауы себепті бірінен кейін бірі жабылған мектепке дейінгі мекемелердің ғимараттары бос қалды. Содан бері, жиырма жылдан астам қолдан-қолға өткен ғимарат бұл күні бүлдіршіндерге есігін қайта ашты.
Аталмыш нысанның ашылу салтанатына өңір басшысы Ерлан Қошанов қатысты.
– Мереке қарсаңында Пришахтинск тұрғындары үшін бұл жақсы сый. Бүгін шынымен де қуанышты күн. Бірінші кезекте бүлдіршіндердің ата-аналарын осындай тамаша балабақшаның ашылуымен құттықтағым келеді. Осы жерде еліміздің болашағы өсіп-жетіледі. Балаларыңыздың болашағы зор болсын. Ал, біз – Елбасының тапсырмасын осындай жоғары деңгейде орындауға тырысамыз, – деді әкім.
Биыл, жалпы Пришахтинскіде барлығы үш балабақша ашылған. Егер жыл басында кезектегі балалар саны 1000-ға тарта боса, мемлекет-жекешелік әріптестік аясында кезектегі балалар саны 400-ге азайған.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы