Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» атты тарихи еңбегінде «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп айрықша атап өтуі бекер емес. Өйткені әрбір оқырманның қолына жаңа Қазақстанның қалыптасу сатыларының тарихи сипаттамасы, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы мемлекетіміздің қалыптасуы үшін Елбасының ішкі және сыртқы ғаламдық сын-қатерлерге жауап ретінде маңызды шешімдерді қабылдаудағы ішкі қисын мен тетіктердің мұқият талдауы қамтылған саяси, экономикалық және тарихи маңызы зор еңбек тиді. Сонымен қатар республикадағы болған оқиғалар мен қазақстандық даму үлгісінің қалыптасуы туралы шынайы фактілерді сол оқиғалардың қайнаған ортасында болған автордың өзі ұсынуы тұрғысынан алғанда да кітаптың айрықша құнды рухани дүние екенін түсінесіз. Кітапта ақиқат уақиғалар мен тарихи жағдайлар, шынайы фактілер, және ең бастысы, еліміздің күнделікті өмірінен алынған кейіпкерлер – Қазақстан халқы мен Тұңғыш Президенті тұр.
Елбасы кітабы 4 бөлімнен тұрады: «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар)». Шығарманың ғажайыптылығы сонда, автор, оқырманға мемлекетіміздің қарышты, қарқынды дамуын көрсете отырып, сонымен бірге болған оқиғаларға сыни бағам жасайды, қабылданған шешімдердің жан-жақтылығын тереңдей талдайды, халықтың мүддесі мен арман-мұраттарын өз пайымдары мен сезім тебіреністері арқылы өткізеді, орын алып жатқан үдерістерді Қазақстанның гүлденуі жолында өзі аянбай қызмет жасап келе жатқан көп ұлтты халқының тұрғысынан түсініп, қабылдайды.
Автор өткенді еске алып, бүгінді бағалай отырып, оқырманға, жас ұрпаққа еліміздің жарқын болашағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлер, тәуелсіздік пен егемендік, бірлік пен келісім, бейбітшілік, төзімділік пен ашықтық тәрізді ғажайып құндылықтарды иеленіп, оны алға қарай дамыту негізінде ғана құрылатынын көрсетеді. Елбасы тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген, өз мазмұны бойынша қазақстандық құндылықтарды білдіретін «Біз ең бастысы – бейбітшілікті сақтап қалдық»; «Соны лептер мен дәстүрлердің қайта өрлеуі»; «Сыртқы саясатты құру нөлден басталды», «Қазақстан барысы» секіріс жасауға дайындалуда»; «Жаңа астана жасаймыз!»; «Экономикалық саясат және экономиканың тұрақтануы»; «Тәуелсіздік біздің рухымызды нығайтты»; «Әлемдік дағдарыс сынағына біз төтеп бере алдық»; «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік ренессанс»; «Барша әлем мойындаған көшбасшылық»; «Көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер»; «Жаңа экономикаға қарай батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы»; «Қазақстанның басым бағыттары айқын әрі айнымас» тәрізді және басқа да көптеген нақты да мағынасы кең айшықты теңеулерін талғампаз оқырманның жоғары бағалайтыны сөзсіз.
Елбасымыз тәуелсіздік жылдарында өзіміз иеленген және еліміздің әрбір азаматының мақтанышы болып табылатын Қазақстанның басты 33 жетістігінің мәнін символикалық түрде жан-жақты ашып көрсеткен: заманауи мықты мемлекет құру; мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық бекіту; этносаралық және конфессияаралық келісімнің ғажайып үлгісі; Семей ядролық полигонын жабу; нарықтық экономиканы нөлден бастап қалыптастыру; өз валютамыз – теңге; жаңа елордамыз – Астананы салу; заманауи Қарулы Күштерді құру; ауқымды инновациялық индустрияландыру; әлеуметтік жаңғырту; ЕҚЫҰ-ға және басқа беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету; мерзімінен бұрын жүзеге асырылған «Қазақстан-2030» Стратегиясы және елдің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы; Бес институттық реформа; халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі және тағы басқа. Сол арқылы, кітап тұтастай алғанда, өскелең ұрпаққа: «Біздің барша халқымыздың күш жұмылдыруы нәтижесінде қазіргі күні бізде берік іргетас жасалып, біз өзіміздің ортақ болашағымыз – қалыптасқан мемлекетімізді тұрғызуды жалғастырып келеміз», дегені ертеңгі күнге үлкен сенім береді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихының бізге беретін аса маңызды сабағы – кез келген қолайсыз беталыстарды жеңуге, кез келген келеңсіз болжамдарды жоққа шығаруға және ең өршіл әрі биік мақсаттарға жетуге болатынымен тұжырымдалады. Табыстың кепілі – үнемі алға жылжу. Еркін, прогрессивті азаматтар ғана Қазақстанды жоғары дамыған мемлекет жасай алады. Бұл дегеніміз терең білім, қажырлы еңбек, өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыру әр адамның тіршілік нормасы болуы тиістігін білдіреді. «Ұлы тарих Ұлы болашақты туғызады», деп көрсетеді Елбасы.
Елбасымыздың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының әрбір бетін парақтай, әр тарауына үңіле отырып, онда сипатталған жас мемлекетіміздің өміріндегі әрбір оқиға үшін мақтаныш сезімі, тарихи қысқа уақытта қол жеткізген табыстар үшін кеудеңді ерекше қуаныш кернейді. Қазақстан өзінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық зор беделі мен кемеңгер саясатының және оны халықтың барынша қолдауының арқасында жаңа мазмұндағы мемлекетті орнату жолында сындарлы сынақтар мен аса күрделі кедергілерден сәтті өткендігі туралы терең сезіммен тұжырым жасайсың.
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректорының міндетін атқарушы, техника ғылымдарының докторы, профессор