Қазақстан қаңтардан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметіне кіріскені белгілі. Бұл маңызды шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалған жоқ. Осы орайда еліміздің беделді Ұйымға төрағалық етуі жөнінде жазылған жаңалықтарды шолып шыққан едік.
Xinhua: Ядролық қаруды таратпауға көңіл бөледі
Xinhua БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан тарапы ұсынатын бастамаларын санамалап шыққан екен. Агенттік үш басымдықты – жаппай қырып-жою қаруын таратпау, Орталық Азия мен Ауғанстан және Таяу Шығыс мәселесін ерекше атап көрсетеді.
«Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және сенім шаралары жөнінде жоғары деңгейлі брифинг өтетінін мәлімдеді. «Бірқатар мемлекет басшылары мен министрлері шараға қатысады» деген ол жиынның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен жүргізілетінін сөз етті» делінген агенттік жариялаған мақалада.
Xinhua-ның ақпаратына сай, 18 қаңтарда өтетін шараға БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш те қатысады. Бұдан бөлек, Қ.Омаров Орталық Азия мен Ауғанстанның арасында әріптестік орнату мақсатында министрлер деңгейінде жарыссөз өтетінін хабарлаған. Осы шараға Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов төрағалық етеді.
«Қ.Омаров 25 қаңтарда Кеңесте Таяу Шығыс, соның ішінде Палестина ахуалы талқыланатынын айтты. Күн тәртібінде тұрған мәселелерге сәйкес, Кеңес мүшелері Конгодағы қалпына келу шараларын бақылайды. Сондай-ақ Ұйым Орталық Африка Республикасына салынған санкцияны жаңарту жөнінде қарар қабылдауға ниетті», дейді Xinhua.
The Hill Times: Қазақстан әлемге үлгі
Канада 2021-2022 жылға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуға талпынып көрмек. Осы орайда, елдегі белді басылымдардың бірі The Hill Times өздерінің дипломаттары қазақстандық әріптестерінен үлгі алу керек деп есептейді.
«Канада үшін Қазақстан дипломатиялық сабақ алатын ел ретінде бірден еске түспеуі мүмкін. Алайда премьер-министр Джастин Трюдо Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болуы барысында бұл елден үлгі алуымыз керек дейді», деп жазады басылым.
Газеттің деректеріне сай, еліміз Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу кезеңін басқа елдерге қарағанда кештеу бастаған. Әйтсе де Африка құрлығындағы дипломатиялық қарым-қатынасын жақсарту нәтижесінде Қазақстан басты бәсекелесі Тайландтан көп дауыс жинаған.
«Бұл – бір кездері жұтқа ұшырап, қаналған халық үшін үлкен жетістік. Елдің өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қиын-қыстау кезеңінен 2017 жылғы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайланғанға дейінгі жүріп өткен жолы ұйымға 2021-2022 жылдары сайлануға талпынатын Канадаға үлгі боларлық. Канада саяси тұрғыда өзін «орта күш» (middle power) деп есептейді, бірақ солтүстігі Ресеймен, шығысы Қытаймен шектескен, оңтүстігі мұсылман әлемімен қоршалған, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Қазақстан тура мағынасында орта күшке айналып үлгерді», дейді The Hill Times.
Басылым бұдан әрі тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның өз еркімен ядролық қарудан бас тартқанын, әлі күнге дейін жаппай қырып-жоятын бомбаларға қарсы берік ұстанымы бар екенін тамсана жазады.
«Қазіргі таңда халықаралық мәселелерді шешуде Канаданың БҰҰ алдында беделі төмен. Салыстырмалы түрде қарасақ, Қазақстан Астанада Сирия келіссөздерінің 8 раундын өткізіп, деэскалация аймақтарын құруға қол жеткізді. Канада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке ұмтылады. Ендеше, қазақтардың мысалынан үлгі алып, ядролық қаруы бар оңтүстіктегі көршімізден ауылымызды алыс қондырып, бейбітшілік пен халықаралық әріптестіктің үздігі болу үшін әлі де кеш емес», делінген газеттегі мақалада.
FoxNews: Жаңа мүшелермен толықты
АҚШ-тың беделді арналарының бірі FoxNews Қауіпсіздік Кеңесіндегі жыл сайынғы мүше мемлекеттердің ауысуы жөнінде ақпарат таратты.
«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа жылдан кейін 6 мемлекет мүше болып кірді. Олар: Экваторлық Гвинея, Кот-д’Ивуар, Кувейт, Голландия, Перу және Польша. Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың қатысуымен өткен салтанатты рәсімде аталған елдердің тулары Кеңес ғимаратының сыртына қойылды. Қ.Омаровтың мемлекеті қазіргі таңда Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді», дейді FoxNews.
Арна Қауіпсіздік Кеңеске мүше болу халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселесін талқылауда орнықты ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретінін айтады.
«Кеңес БҰҰ-дағы ең қуатты мекеме саналады. Қытай, Франция, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ тұрақты мүшелер және олардың вето қою құқығы бар. Басқа мемлекеттер БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінен екі жыл мерзімге сайланады. Бірақ биыл Голландия мен Италия аталған мерзімді бөліп атқарады», дейді FoxNews.
Iran Daily: Иран Қауіпсіздік Кеңесінің назарында емес
Iran Daily Иранда болып жатқан оқиғаларға қатысты Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың мәлімдемесіне тоқталған. Агенттіктің хабарла- уынша, парсылар еліндегі жағдай ҚК-нің күн тәртібінде тұрған жоқ.
«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Иранға қатысты кезектен тыс кездесу өткізу жоспары жоқ екенін айтты. Бұған дейін АҚШ өкілі Ники Хейли елдегі наразылық шеруіне қатысты жедел отырысқа шақыратынын мәлімдеген болатын. «Иран Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде емес. Бірақ мүше мемлекеттердің бірі мәселені көтеріп, оны талқылауға шақырса, осы төңіректе жұмыс істеуге әзірміз. Сондықтан бәрі ҚК-нің шешіміне байланысты», деді Қ.Омаров Нью-Йорктегі баспасөз жиынында. Бірақ ол осы тақырыпта пікірталас болғанын атап өтті», дейді Iran Daily.
АҚШ-тың Тұрақты өкілі Никки Хейлидің алдағы уақытта Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комиссияның отырысын шақырып, Иран ахуалын қозғайтынын айтқан-ды. Н.Хейли «Иран халқы азаттық үшін күресіп жатыр, БҰҰ өз сөзін айтуы керек» деген болатын. Агенттіктің сөзіне сай, Иранның БҰҰ-дағы өкілдігі оның сөзіне наразылық білдірген.
Report.az: Қаңтардың жұмыс жоспары таныстырылды
Әзербайжандық Report агенттігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бекіткен негізгі тақырыптар жөнінде тарқатып жазған. Ядролық қаруды таратпау басты басымдықтардың бірі екенін айтады.
«Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров алдағы айдың жұмыс жоспарын таныстырып, 18 қаңтарда жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг өтетінін мәлімдеді. Шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді. Келесі күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың басшылығымен Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы аймақтық әріптестікті нығайтуға арналған министрлік деңгейіндегі жарыссөз өтеді. Оған БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш қатысады», дейді Report.az.
Шолуды әзірлеген
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»