Орталық коммуникациялар қызметінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «International Education Fair 2018 – Халықаралық білім көрмесі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Шараға «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» вице-президенті Мейіржан Алпысбайұлы, Оқытуды ұйымдастыру департаментінің директоры Ақмарал Сапанова қатысты.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Орталық Азиядағы ең ірі «International Education Fair 2018» халықаралық білім көрмесін өткізгелі отыр. Көрмеге 100-ден астам отандық және АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа мен Азия және ТМД сияқты шетел жоғары оқу орындары, тіл үйрету мектептері мен білім агенттіктері қатысады», деді Ж.Мелдешов.
Сонымен қатар ол шараға 10 мыңнан астам адам қатысатынын тілге тиек етіп, оның мақсатына да тоқталып өтті. «Аталған көрме білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру, шетелде стипендиялық бағдарламалар арқылы білім алу мүмкіндіктері жайлы хабардар ету, сонымен қатар халықаралық білім жобаларын іске асыру бойынша тәжірибе алмасуды көздейді», деді Ж.Мелдешов.
«International Education Fair 2018» көрмесі 20-25 қаңтар аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өтеді.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»