Жуырда ұстазым Ғалия Кәрімжанқызын жолықтырдым. Педагогикалық училищеде сабақ беріп, тобымыздың жетекшісі болған еді.
Сексеннің сеңгіріне келген ұстаздың жүрісі ширақ, дауысы жас адамның дауысындай. Жас көрінуінің сыры неде екен деген ойға қалдым. Бұл, ең алдымен адамның тегіне, өмір сүру ортасына және мамандығына байланысты болса керек. Мамандыққа байланысты дегеніме таң қалатындар да, дау айтатындар да табылар. Менің ойымша, бұл бірден-бір ескерілетін дүние. Адамның жас көрінуіне бірден-бір әсер ететін мамандықтың бірі – мұғалім. Себебі мұғалім жеткіншектермен жұмыс істейді, балалардың қуанышты жүздерін көріп, бірге қуанады. Демек қуанышы еселене түседі. Әрине мұғалім болу, бала тәрбиелеу – қиын да жауапты іс. Сол қиындықпен бірге қуанышы да екі есе көп. Бұған жастардың күмәні болмауы керек. Жастарда қуат көзі бар. Жастардың ортасында рухтанасыз, қанаттанасыз, қартаймауға тырысасыз. Өмірдегі асыл мамандық – мұғалімнің алдынан президент те, әкім де, ғалым да өтеді. Сондықтан әр адам жастық шағымен бірге мұғалімін де есіне алары анық.
Ал Ғалия Кәрімжанқызы мұғалімдердің мұғалімі болды. Келешек мұғалімдерді оқытты, тәрбиеледі. Қырық жылдан астам уақытын мұғалімдікке арнаған ол өзі де мұғалімдер отбасында дүниеге келген болатын. Бұл туралы бірде «Менің әкем де, анам да өз өмірлерін бала оқытуға сарп етті. Жұмыстарына адал болды. Дастарқан басында үнемі шәкірттерінің жетістіктері туралы айтып отыратын. Мен де сол кісілердей болғым келетін. Анам Шәрбан Хасанқызы ағарту ісінің үздігі болды. Бірде анамды көп жылдық адал еңбегі үшін төсбелгімен марапаттады. Бұл менің таңдауымды одан сайын нақтылай түсті», деген еді.
Ғалия Кәрімжанқызы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдап, институт ректоры Мәлік Ғабдуллиннің өз қолынан дипломын алған соң оқу орнының жолдамасымен туған елі Көкшетауға қайта оралды. Жергілікті техникумда орыс тілі пәнінен сабақ берді. Өзі сияқты Алматы медициналық институтын аяқтап, жолдамамен дәрігер болып жұмыс істеп жүрген жігітке тұрмысқа шықты. Күйеуі Төлеухан Бертісханов қызмет бабымен Павлодарға ауысқанда, Ғалия Кәрімжанқызы партия жолдамасымен алғашқыда №9 кәсіби лицейде директордың оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары болса, бір жылдан соң В.Воровский атындағы Павлодар педагогикалық училищесіне (қазіргі Бейсен Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжіне) ұстаздық қызметке келді. Ал өмірлік қосағы қала ауруханасында ішкі ағзаға ота жасаушы хирург болып еңбек етті. Демек екеуінің де жұмыстары адам өмірімен байланысты болды.
«Қазір білімнің жаңа жүйесі қалыптасуда. Шетелдің оқу жүйелері мен тәжірибелері енгізілуде. «Елу жылда – ел жаңа» деген осы. Десе де теледидардан көретін мұғалім мен оқушы арасындағы түрлі келеңсіздіктерді санамыз қабылдай алар емес. Мұның бәрі адамның тым әлеуметтеніп кетуінен деуге болады. Сондықтан бір сәт бір-бірімізге деген құрметімізді, ілтипатымызды, адами қарым-қатынасымызды естен шығарма- йық», дейді ардагер ұстаз.
Ғалиябану РЕЗУАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты