Мемлекет басшысының елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жөніндегі бесінші бастамасы бізді де бейжай қалдырмады. Жалпы, тәуелсіздік алған жылдан бастап елімізде көгілдір отын өндіру көлемі 8-ден 52 миллиард текше метрге дейін артқандығын айта кетпекпін. Бүгінгі таңда елімізді газбен қамту деңгейі 50 пайызға жеткен.
Алайда еліміздің орталық және солтүстік өңірлері әзірге газсыз қалып отыр. Сондықтан да Қараөзектен (Қызылорда облысы) Жезқазғанға, одан Қарағанды мен Теміртауға және Астанаға тартылатын магистральды газ құбырын салу көзделіп отыр. Әрі қарай, жоспар бойынша – Павлодар, Петропавл және Көкшетау. Аталған жобаны жүзеге асыру 2,5 млн адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар жаңа өндірістер ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болып, экология айтарлықтай жақсарады.
Компаниямыз газ өндірумен айналысатындықтан да жобаның жүзеге асырылуына мүдделі екендігін тағы бір қаперге сала кеткенім артық емес. Бұл ретте ұзақ мерзімге сақтауға кететін шығындар қысқарып, цистерналар арқылы тасымал және темір жол тұйықтарына апарып қою сияқты көптеген артық іс-қимылдар қажетсіз болып қалады.
Экологиялық таза отын саналатын газдан бөлінетін жылу сұйық пен қатты отындардың қызуынан ешбір қалыспайды және де қуатты немесе технологиялық отын ретінде пайдаланылады. Өзі арзан.
Ринат МУРАТОВ,
«Атбасарский-Газ» ЖШС директоры
Ақмола облысы