• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Мамыр, 2018

Ржев қа­ласындағы мемориалдық кешен жаңғыртылды

259 рет
көрсетілді

Соғыстың аты – соғыс. Бірақ жауынгерлердің өмірі шыбын құрлы болмай, қанды қасапқа айналып кетуінің өкініші мен зардабы кім-кімге де ауыр тиеді. Бұл ретте 1941 жылдың желтоқсан айында Ақтөбеде құрыла бастаған әрі толық жасақталу мерзімі 1942 жылдың мамыр айына дейін созылған №101 ұлттық атқыштар бригадасы ауызға бірінші оралады. 

Калинин майданы құрамына кіретін №101 ұлттық атқыштар бри­гада­сының сапында 5007 сарбаз бол­ға­нын интернет деректері айғақтайды. Оның 80 пайыздан астамы қазақтар, қалған бөлігін орыстар мен украиндар құраған. Бригада командирі болып ең алғашқыда С.Я.Яковленко тағай­ындалса, кейін­нен бұл міндетті А.И.Се­ребряков атқарған. Бригада комис­сары болып М.Әлиев бекітілген. 1942 жылдың 28 қарашасында басталып, екі айға дейін созылған Ржевтегі қанды қырғын шайқаста бригада жауынгерлерінің 50 пайыздан астамы ерлікпен қаза тауыпты.

Ұлы Отан соғысының арғы-бергі тарихында қазақстандықтар нақ осы Ржев түбінде болған шайқастағыдай 80 пайыздан асып түсетін мол шығынға ұшы­рамапты. Оның басты себептері Же­ңістің 73 жылдығы қарсаңында Ре­сейдегі Тверь облысының Ржев қа­ласында Қазақстанда құрылған №100 және №101 ұлттық атқыштар бри­га­дасының қаза тапқан жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешеннің қайтадан жаңғыртылу рәсімі кезінде айтылды да. Бұл мәселеге сәл кейі­нірек тоқталмақпыз. Осы арада 1941 жыл­дың күзінде Алматыда жасақ­тал­ған №100 ат­қыштар бри­гадасының құ­рамын­да қазақтың батыр қызы Мән­шүк Мә­метова және майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов болғанын айта кеткен жөн.

Ақтөбе облысының әкімі Берді­бек Сапарбаев бастап барған қа­зақ­стандық делегация мен Қазақ­стан Республикасының Ресей Феде­ра­ция­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовті Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя, Ресейдің ежелгі орман­ды өлкесіндегі көздері тірі соғыс және еңбек ардагерлері, барша Ржев қаласының жұртшылығы жылы жүзбен қарсы алды. Бұл өзі көзге жас, көңілге мұң әкелген жүздесу болды. Ржевті қорғаймын, оны жаудан сақтап қаламын деп қанын төккен қазақстандықтардың осы топырақта көрсеткен өшпес ерлігі еш уақытта ұмы­тылмайды. Қаламызда бұдан 8 жыл­ бұрын қазақ халқының батыр пер­зент­терінің есімдерін мәңгі есте қал­дыру мақсатында арнайы мемо­риал­дық кешен жасақталған кезде ржев­тіктер оның ашылу рәсімін үлкен те­біреніс үстінде атап өткен еді. Мұн­дай қасиетті де киелі сауабы мол іс­тің басында Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақ­стан­ның Ре­сейдегі елшілігі және Ақтө­бе облы­сының әкімдігі тұрғаны біз үшін мақ­таныш. Бұл сөзді Тверь об­лысының губернаторы Игорь Руденя айтты.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та терең тебіреніс пен толқу үстінде тіл қатты:

– Тверь түбіндегі №101 ұлттық атқыштар бригадасының жанқиярлық ерліктері жүрегімізден өшпейді. Ерлік – барша адамзаттық баға жетпес рухани құндылық. Ол ұлт таңдамайды. Соғыстың алғашқы жылдарында қай­сар­лық пен батылдық үлгілерін көрсете білген №101 атқыштар бригадасының атында Ақтөбе қала­сында үлкен көше бар. 1944 жылы қатары әбден сиреген соған қарамастан жауға өліспей беріспеген №100 және №101 атқыштар бригадасының қал­ған құрамалары №47 және №90 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамына қосылғаны да олардың алдыңғы ерлік дәстүрлерінің одан әрі жалғасқанын көрсетеді, – деп түйін жасады Бердібек Мәшбекұлы.

И.Тасмағамбетов ме­мо­­­риал­­дық ке­шен­нің қайтадан жаң­ғырты­луына мол үлес қосқан, атап айт­қан­да, оған қа­жетті барлық құрылыс ма­териалдарын жет­кізіп беруге ық­па­лын тигізген Ақтөбе об­лы­сының әкім­дігіне ризашылығын жеткізді. Бұдан әрі ол Ржев шайқасы Ұлы Отан соғысы тарихында қан ең көп төгіл­ген шайқас болғанын, оның бас­ты салмағы қазақстандық екі атқыштар бри­гадасының жауынгерлеріне түс­кенін атап көрсетті.

Біз көне де жаңа Тверь топырағын­дағы №100 және №101 атқыштар бри­гадасының жауынгерлеріне қойыл­ған ке­шеннің қайтадан жаңғыртылуына бай­ланыс­ты өткізілген мемориалдық рә­сім аяқ­талғаннан кейін бір топ отан­дық және ресейлік соғыс тарихын зерт­теу­ші ғалымға шығынның неге көп болуына орай сауал қой­ған едік.

Олардың тұжырымдауынша соғыс жылдарында қайт­кенде де белгілі бір шепті алу мін­деті қойылған. Осы орайда амал, ай­ла, қорғана білу, тіпті қажет кезінде ше­гіне білу тәсілдерінің ескерілмей қал­­ған кездері де кездескен көрінеді. Мол адам шығыны арқылы көзделген нысананы қолға көшіруге де болар. Алайда мұның өзі ең сенімді әрі оң­тайлы, ең ұтымды соғыс пен ұрыс тактикасы болып табылмайтыны тағы да аян.

...Ржев жерінде Жеңіс мерекесі қар­саңында болған қауышу мен жүз­десу қорытындысында №100 және №101 қазақстандық атқыш­тар бригадасының қаза тапқан жауын­гер­леріне қойылған мемориалдық кешенді Ржев қаласының муниципиалдық меншігіне енгізу жө­нін­дегі екіжақты келісімге қол қойылды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ – РЖЕВ – АҚТӨБЕ