Астанада Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін және оларға теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қолдауға арналған шаралар жөнінде брифинг өтті.
Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, Қарулы Күштердің Бас штабы тәрбие және идеология департаменті басшысының орынбасары Қанатбек Белгібеков және ардагер Ахат Бекмади қатысты.
С.Жақыпованың деректеріне сүйенсек, биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне бір реттік көмек ретінде 2,7 миллиард теңге көлеміндегі бір жолғы ақшалай төлем қарастырылған. Сондай-ақ 2,6 миллиард теңге сомасындағы әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары бар.
«Бүгінгі күні республикада 2067 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, 39 723 оларға теңестірілген адамдар, 166 700 Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген басқа санаттағы тұлғалар тұрып жатыр», деді С.Жақыпова.
Елімізде ардагерлері ең көп қала – Алматы, мұнда 268 соғыс ардагері тұрады. Шығыс Қазақстан облысында – 176, Оңтүстік Қазақстан облысында 124 ардагер бар. Маңғыстау облысында 24 ардагер бар екен.
Ардагерлерге көрсетілетін бір реттік төлем мөлшері аймақтардың экономикалық жағдайына байланысты әртүрлі. Мәселен, Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында соғысқа қатысушылар 500 мың теңге сомасындағы бір реттік жәрдемақы алады. Басқа өңірлерде орташа төлем мөлшері 150 мың теңгенің айналасында. Сондай-ақ еліміздегі Ленинград тұрғындары, концлагерьдің кәмелетке толмаған тұтқыны атанғандар, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жұбайлары, тыл ардагерлері мен басқа да соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер де түрлі мөлшердегі бір реттік төлем алады.
Бұдан кейін соғыс ардагері А.Бекмади сөз сөйлеп, бейбіт өмірдің маңызына тоқталып, соғыс болмасын деген тілегін жеткізді.
«Соғыс ардагері ретінде маған үш бөлмелі пәтер берді. Жолда тегін жүремін, енді не керек маған?! Осындай құрмет көрсеткені үшін еліме, Елбасына алғыс айтамын. Біздің мақсатымыз – бейбіт өмір сүру», деді қария.
Жиын соңында А.Бекмадиге бағалы сыйлықтар берілді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»