• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2018

Аста­на­ның 20 жылдығына арналған керуен елордаға бет түзеді

272 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі кезде мем­лек­ет­аралық сипатта қабылданған ең алғашқы қабырғалы құжат қан­дай екенін білеміз бе? Ол – Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасында екі ел басшылары қол қойған Мәңгілік достық туралы шарт. Осы арқылы мемлекетаралық байланыстар мен шекаралық ынтымақтастықтың алғашқы құқықтық негіздері қаланды. 

Мұның өзі Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңір­ле­рі ара­сындағы қарым-қаты­нас­тар­­дың жаңа тұрпатта қа­лып­та­суына да ықпалын тигізді. Көп ке­шікпей шекаралас өңірлер үшін ортақ экономикалық, гума­ни­тарлық және экологиялық мәселелерді тиімді түрде шешу жолдары бел­гіленді. Бұл қадам тату-тәт­ті көршілік байланыстардың өріс­­­теуіне жол ашты. Қазақ­стан мен Ресей өңірлері арасын­да­ғы осындай шекаралық ын­ты­­мақ­­тастықтың өміршең, қай­та­лан­бас моделі Ресейдің Орын­бор жә­не Қазақстанның Ақтөбе об­лыс­тары арасында жылдан-жыл­ға нығайып келеді.

Бүгінгі күні екі өңір арасын­да­ғы экономикалық және мәдени бай­ланыстар одан әрі тереңдей түс­кені де атар таңдай, батар күн­дей шындық. Айталық өт­кен 2017 жылдың көктемінде Орынбордағы Ақтөбе облы­сы­ның күндері үлкен табыс­пен өткеніне куә бола ала­­мыз. Ең бастысы, бұдан бір жыл бұ­рын екі өңір басшылары қол қой­ған келісімде көрсетілген өңір­аралық мәселелер толықтай дер­лік шешімін тапқанының өзі бір мерей. Аймақтық-шек­ара­лық деңгейде келісөздер үсте­лін­де қойылған өзекті жайттар қанаттаса өркендеуге қазық бола алғаны екі жақтағы сарапшылар мен жұмыс топтарының да нә­тижелі еңбегінің көрінісі.

Екінші бір көзқарас тұрғы­сы­нан қарастырғанда мұның өзі бейне бір сынақ іспеттес дер бол­сақ, бұдан екі жақтың да абырой­мен өте білгені атап айтуға тұ­рар­лық іс. Осы арқылы шекаралас өңірлерге ортақ тұстардың түй­ін­дері тарқатылды. Со­ның ішін­де экономикалық ын­ты­мақ­тастықтың басты буыны – отын-энергетика кешені, яғни мұнай өнімдері мен газ өндіру және көгілдір отынды қайта өңдеу саласы бойынша берік өнеркәсіптік негіз қаланды. Сондай-ақ стратегиялық әріп­тес­тік екіжақтағы машина жасау ісі­не оң септігін тигізді.

Соңғы бір жыл ішінде тұр­мыс­­­тық-гуманитарлық мәсе­ле­­лерге қатысты да шешімін тап­­қан істер көп. Шекаралас аудан­дардың тұрғындары үшін ар­найы шекара өткелдеріне қа­тысты мәселелер нақтыланды.

Был­тыр сәуір айының аяғында Орын­борда өткізілген Ақтөбе об­лы­сының күндеріне журналистік ісса­пармен жолымыз түскен кезде Ресей шекарасынан басталған жол­дың 45 шақырымдық бө­лігі ойқы-шойқы екенін көр­генбіз. Ал қазір қандай десек, бұ­­ған – «тақтайдай» деп жауап қай­таруға әбден болады. Бір сөз­бен айтқанда, қысқа уақыт­тың ішінде аяқталған күрделі жөн­деу бүгінде шекаралас облыс­тар арасында барыс пен келі­с­тің одан әрі жиілей түсуіне жол ашып отыр. Бұған жауап ре­­тін­де бүгінгі күні ақтөбелік ав­­то­жолшылар Ақтөбе-Ор бағы­тын­дағы магистральдың Ресей Фе­дерациясына дейінгі бөлігіне күр­делі жөндеу жұмыстарын жүр­гізуде. Оның құрылысы би­ылғы жылдың соңына дейін аяқ­талмақ.

Енді міне, табиғаттың тамыл­жы­ған кезінде, Ақтөбеде өткі­зіл­­ген Орынбор облысының күн­­дері достық пен татулықтың ту­­ын тағы да желбіретіп ала жө­не­лді. Сондай-ақ бұл күндер тек шекаралас Ақтөбе мен Орынбор облыстары үшін ғана емес, тұ­тастай егемен еліміз үшін, тіп­ті керек десеңіз ізгі ни­ет­ті мемлекетаралық қарым-қа­ты­настар үшін елеулі рөл ат­қар­ды деуге әбден болады.

Бұлай деуіміздің басты сыры неде? Алдымыздағы шілде айы­ның 6-шы жұлдызында Аста­на­ның 20 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Осы мерейлі датаның құр­метіне орай күндер кезінде ар­найы ұйымдастырылған авто­керуен Орынбордан Қызыл­ор­да қаласына қарай аттанды. Мәселенің мәнісі мынада. Орын­бордың қазақ елінің тұңғыш астана­сы болғаны тарихтан жақсы мәлім. Бұдан кейін ел астанасы Орынбордан Қызылордаға, содан соң Алматыға көшірілді. Ал соң­ғы 20 жыл ішінде елдің ордасы – Астана болып отыр. Авто­ке­руен қазақ елінің бұған дейінгі үш астанасын аралап, 6 шілде кү­ні керуеннің басын Астанаға ті­ремек.

Осы уақыт аралығында оның құ­рамындағы мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қау­ым мен жастар өкілдері мәде­ни­ет пен өнер жанашырлары, ғалымдар мен білім, денсаулық сақтау саласының мамандары аталған бағыт жолында кездесулер өткізеді. Шеберлік сабақтарын жүргізіп, тұрғындарға тиісті кеңестер мен көмектер береді. Мұндағы басты мақсат – Астананы асқақтатумен бірге қазақ елінің бұрынғы астаналары Орынбордың және Қызылорда мен Алматының ор­нын олқы түсірмеу. Оның әр­қайсысының еліміздің да­муы­ндағы алатын орны мен мәр­те­бесі туралы ғибратты әңгі­ме­лер өрбіту. Бұл жөнінде Ақ­тө­бе мен Орынбор облыстары рес­ми делегацияларының кез­де­суі мен Тұңғыш Президент атын­дағы саябақта Орынбор облы­сының күндері салтанатты түрде ашылу рәсімі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Са­пар­баев айтып берді.

Орынбордың Қазақстанның тұңғыш астанасы болғанын ешкім тарихтан сы­зып тастай алмайды. Осы орай­да Орынбор – Қызылорда – Ал­маты – Астана автокеруенінің қыз­метін Орынбордан бастау жө­нінде шекаралас әріптестер та­ра­пынан ұсыныс түскен кезде бұ­ған түсіністікпен қарай білдік. Орын­ды тілекке қолдау көрсеттік, деді Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг. Сондай-ақ шекаралас өңір басшысы ресми делегациялардың кездесуі ке­зінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақс­тан мен Ресей тағдырдың өзі қос­­қан ежелгі тарихи көршілер екен­дігі жөніндегі сарабдал сө­зін алға тартып, сол ежелгі қа­рым-қатынастарды қазіргі гео­сая­­­си және экономикалық та­­лаптарға сай жалғастырып, жаң­­ғырта беру басты көршілік әрі әріптестік парыз екенін мәлі­м­- д­еді.

Сондай-ақ Орынбор облысы үкіметінің төрағасы Ю.Бергтің тұжырымдауынша, өңіраралық ынты­мақтастықты қалып­тас­тыру ісі екі жаққа да бірдей тиім­­ділік әкеле білді. Осы ар­қылы экономикалық бай­ла­ныс­­тар мен өндірістік коопера­ция­ны дамытудың негіздері қа­ланды. Осындай байланыстар гу­манитарлық салада да орнығып ке­леді. Оның басты көрінісінің бірі – Орынбор мен Ақтөбе облыс­тары арасындағы экономикалық жә­не гуманитарлық тұрғыдағы байыпты қарым-қатынастар деді ол одан әрі. 

Губернатордың айтуы бойын­ша, Орынбор облысының Ақтө­бе­дегі күндеріне қатысу үшін мың­нан астам адам келіпті. Оның не­гіз­гі құрамы іскер топтар мен кә­сіп­керлік құрылымдардан, ми­не­ралды өнімдерді өндіру мен өң­деу ісінің шеберлерінен, машиналар мен электр жабдықтарын құ­рас­тырушылардан тұрады. Орынбор Ресейдің далалық өңі­рі­нде орналасқан шеткері облыс­та­ры­ның бірі бола тұрса да, соңғы уақытта оның жалпыресейлік экономиканың дамуына қосып отырған үлесі жылдан-жылға өсіп келе жатқаны байқалады. Бұған ше­каралас аймақта жасақталған инвес­тициялық бағдарламалар мен жобалардың тигізген ықпа­лы мол, деді кездесулер кезінде Орын­бор облысы үкіметі төр­аға­сы­ның орынбасары, вице-губер­на­тор Н.Левинсон. сондай-ақ оның айтуынша, өнім өндіруші өн­дірістік құрылымдар арасында бірлескен кәсіпорындардың саны өсіп келеді екен. Сөз жоқ, бұл өте жағымды жайт. Соның ішінде Наталья Лазеревна «Забер 56-«Ваниль» секілді Орынбор мен Ақтөбе өндірісшілерінің ба­сын қосқан іргелі жобаны оң мысал ретінде келтірді.

Тағы бір түйсінгеніміз, бала­ма­лы энергия көздерін өндіру мен дамыту ісінде шекаралас өңір­­лер арасында бірін-бірі байыта­тын әрі бірінен-бірі үйренетін тә­жі­ри­белер жеткілікті екендігі. Сон­дай-ақ орынборлықтар таяуда биз­­нес-класс жобасы шеңберінде «Тә­лімгер-2018» жобасын бекі­т­кен екен.

Сәйкестілік дейміз бе, жоқ әлде кездейсоқтық дейміз бе, не де­­сеңіз о деңіз, дәл осыған ұқсас жо­­ба биыл Ақтөбе облысында да қолға алынғанына таңғалмай кө­­ріңіз. Бұған Ақтөбеде бизнесті жа­­ңадан бастағандардың қадам­да­рын қолдау үшін республикада баламасы жоқ айрықша жоба қолға алынғанын айтқан жөн. Оның басты бір ерекшелігі –жобаға қатысушылар бизнестің жілік майын шағып ішкен білікті де тәжірибелі тәлімгерге бе­кі­тіл­уі­нде.

Сондай-ақ Орынбор об­лы­сы­н­да денсаулық сақтау ісі мен ме­дицинаның дамуы тұ­тас­тай Ресей Федерациясы бойын­ша ал­дыңғы орында екені жасырын емес. Мұнда тіпті Фе­доров атын­дағы көз аурула­ры клиникасы бүкілресейлік ма­ңызға ие. Күндер кезінде Ақ­төбе қа­ласындағы Тұң­ғыш Пре­зи­де­нт атындағы сая­бақ­та ор­на­лас­ты­рылған көр­ме­лер тіз­бе­гінде «Жо­­ғары тех­но­ло­гия­лық ме­­ди­ци­­налық көмек» деп аталатын Орын­бор облысы медици­на­сы же­т­істіктеріне арналған көр­­мені көр­шілес өңірлер басшы­лары Б.Са­парбаев пен және Ю.Бергпен бір­ге тамашалаудың сәті түскені-ді.

Сөз жоқ, барды бар, жақсыны жақ­сы деп бағалау парыз. Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді дегендей, көрме павильондары мен қабырғалық материалдарға көз тастаған кез келген адам Орын­бор медицинасының озық дәс­түрлеріне қаныға алады. Әйтсе де орынборлықтардың стра­тегиялық әріптестері – ақ­тө­бе­ліктер де бұл бағытта бәсе­ке­ге төтеп бере алатындай дең­гей­де екенін айтпай кетсек, шын­дық­қа қиянат болар. Мұн­да ме­дициналық кластер құ­ру ісі бой­ынша республикада ба­ла­ма­сы жоқ жобалар қолға алын­ған. Со­ған сәйкес Ақтөбеде рес­пуб­ли­каның батыс өңіріндегі Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының тұр­ғындарын медициналық қыз­мет­пен қамтитын ірі орта­лыққа айналғанын айту қа­жет. Күндер ке­зінде облыс орта­лығындағы «Да­­ру» көз ауруларын емдеу ор­та­лығының қызметімен таныс­қан орынборлық мамандар оған оң баға берді.

Сонымен ақтөбеліктер орын­бор­лық көршілерінен, олардың игі де ізгі істерінен көңілдеріне та­ғы да қандай ой түйе алады? Біз­дің ойымызша, Орынбор үкі­ме­ті Қазақстанның Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарымен шектесетін губерниялық шеткері өңі­рі – Соль Илецкіге  мол қара­жат құйып жатқаны тағы­лым алу­­­ға тұратындай іс. Ежел­гі Илецк тұзды көлінің емдік қа­­си­еті ғылыми-медицинада дә­­лел­ден­геніне 165 жыл болған екен. Күні кешеге дейін осы жер­дің айналасы жартылай жаба­йы күйін­де болып келгені қазақ­стан­дықтарға да құпия емес. Әрі оған ағайындарымыз ем алу үшін «тұз айы» деп есептелген шілде кезінде ғана баратын.

Күндер кезінде іргеміздегі ше­каралық аймақ жыл бойы жұ­мыс істейтін Ресейдің Сочиден кей­інгі басты қалпына келтіру курор­тына айналғанын білдік. Бұ­ған дейін талай рет барған Илецк емдеу орнын слайдтан көрген кезде оны танымай қал­ғандай күй кештік. Бұған қоса Ақтөбемен іргелес Қуандық курорты да өзгеше түрге еніпті. Бұған қосарымыз ресейлік про­вин­циялық билік өкілдері аталған шет­кері аймақты туристік белдеуге айналдыру жөнінде оңтайлы шешім қабылдапты.  Мәселен, Ақтөбе аймағында соңғы кез­де­­рі шалғайдағы Ырғыз ауданы ау­мағы туристік бағытқа сұ­р­ан­ып тұрғаны жөнінде әңгімелер қозғалып жүр. Осы бастаманың аяқсыз қалмағанын қалар едік.

Тағы бір тағылым алар тұс, күн­дер кезінде айтылғандай, ше­ка­ралас өңірде оның бренді болуға лайықты дерліктей Орынбордың түбіт орамалын өнеркәсіптік не­гіз­де өндірудің кең ауқымды жо­балары белгіленіпті. Соның не­гі­зінде ежелгі түбіт орамал тоқу ісі іргесін кеңейтіп, түрлі тоқыма бұйымдар өндіретін, бір ауысымда 1200 адам жұмыс жасайтын келісті кешенге айналыпты.

Ресейлік өңірдің Ақтөбе об­лы­сындағы күндері кезінде Қ.Жұ­ба­нов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­ле­к­еттік университеті базасында екі өңірдегі мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары бас қосып, интеграциялық әлеу­ет­ті өсіру жөніндегі өз ойларын ор­та­ға салды. Сондай-ақ облыс орта­лығындағы «Батыс 2» шағын ауда­нында Орынбор аллеясы ашыл­ды. Сонымен бірге күндер ая­сында шекаралас өңірлердегі білім беру саласының басшылары арасында инновациялық білім беру сапасын жақсарту жөніндегі бірлескен жобаларға қол қойылды. Тіпті екіжақты бас­қосу кезінде балалардың биылғы жа­з­­ғы демалысын бірлесіп ұй­ым­­дастыру мәселелері де ұмыт қал­ған жоқ. Бұл жөнінде қол қойыл­ған меморандум Орын­бор­дың «Солнечная страна» лагерінде ақтөбелік дарынды балалардың, өз кезегінде Ақтөбенің «Әсем» жазғы демалыс орталығында орынборлық жеткіншектердің жазғы де­малы­сын ұйымдастыруды көз­­дей­ді. Осындай келісімдер екі та­раптағы өнеркәсіпшілер мен кә­сіпкерлер арасында да жасал­ды. Түйіп айтқанда, Ресей­дің Орынбор өлкесінің Ақ­төбе об­­лысындағы күндері көр­ші­лік қарым-қатынастар мен эко­но­микалық және гума­ни­тар­лық бай­ланыстардың одан әрі те­рең­дей түсуіне жол ашып берді.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

Орынбор – Ақтөбе – Орынбор

Суреттерде: Ресейдің Орынбор облысының Ақтөбедегі күндерінен көріністер