• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Мамыр, 2018

Еуразиялық медиа-форум: Digital дәуірдегі журналисти­каның бүгінгі міндеттері

805 рет
көрсетілді

Кеше Алматыдағы «The Ritz Carlton, Almaty» қонақүйінде «Эволюцияның 15-ші жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем» атты Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын бастады. 

Биыл он бесінші рет өткізіліп отырған форумның бірінші күні бірден шеберлік дәрістерінен бас­талып, әлемнің әр шалғайынан келген әріптестеріміздің мүдде­лес­тігін көрсетті. Орталық Азия­дағы тәуелсіз үнқатысу алаңы аталған Еуразиялық медиа-фо­румның басты миссиясы – сарап­шылар мен саясаткерлер, эко­номистер мен қоғамдық пікір иелерінің араласуымен Қазақ­станның, Еуразияның, жалпы әлемдік қоғамдастықтың эконо­микалық, геосаяси, әлеуметтік-мәдени мәселелерін талқылау.

Дәстүрлі журналистика мен блогерлер бәсекесі

Алғашқы шеберлік дәрі­сін форумның мәртебелі қона­ғы, аса танымал «Hashtag our stories» компаниясының негі­зін қалаушы Юсуф Омар (Ұлы­британия) бас­тады. Дәріс тақырыбы «Мобильді журналисти­кадан әлеуметтік виртуалды шындыққа дейін» деп аталады. Бұл күндері әлемдік қо­ғамдастық құлақ үйрете бастаған с­торителлинг (оқиғаны баяндау) ақпарат жеткізу тәсілі 2020 жылға дейін қай деңгейге дейін көтеріледі?

Ақиқатында мобильді журналистика әлеуметтік виртуалды шындыққа өту арқылы жү­зеге асады деген нақты сенім бар. БАҚ әлемі түбегейлі өзге­ре­тін күн де алыс емес. Қазіргі таңда жылдамдығы орасан интернет пен смартфондар медиа мен журналистика туралы жалпыға бірдей қалыптасқан түсінікті өзгертіп жіберді. Дәріс саба­ғы­ның кіріспесін осылай бас­таған Юсуф Омар жаңа тенден­ция­­лар, тоқсан тоғыз тараптан шы­­найы мәліметті теріп, әп-сәт­те әлемнің кез келген түкпірі­нен ақ­­па­рат алу мен тарату мүм­кін­ді­гі туралы қызықты етіп баяндады.

Жаңалық таратудың жаңа әдістерін көбейтуге үлес қосып жүрген Юсуф Омардың ойынша, ақпарат таратудың келешегі бейнежурналистикада. БАҚ-ты түбегейлі өзгерткен видео мен виртуалдық ақиқат өзді­гінен қол жетпес «алтын кеніш­ке» айналып отырған жоқ. Осы екеуін біріктірсе, бүкіл кеңіс­тік өздігінен қарқынды дами бас­тай­ды. 5G-интернет пен шындық­тың нүктесі түйіскенде, БАҚ әле­мінде нағыз дауыл пайда болмақ. 

Қазіргі журналистикада ауыр-ауыр камераларды қос-қостан бірігіп оператор көтеріп жүрмейді. Ал оқырман ресми дерек көздеріне емес, жекелеген адамдардың ақпаратына сенеді. Тыңдарман телевизияға емес, интернетке иек артады. Енді мұндай жағдайда дәстүрлі журналистикаға біртіндеп болса да осы үдеріске икемделуге тура келіп тұр. Дегенмен дәстүрлі журналистикада жарияланатын ақпараттарды електен өткізу, мәліметтердің рас-өтірігін тексеру тәжірибесі бар. Блогерге жетіспейтіні де осы.

Ендігі жерде дәстүрлі журналистика бірінші болып ақпарат тарата алмайды. Журналистің үлесінде оқиғаға қосымша мәтін жазып қосып, сараптамалық мақалалар мен зерттеу мате­риал­дарын жасау ғана қал­ды. Сондықтан мобильді журналистика әлеуметтік вир­туалды шындыққа қол жеткі­зу үшін кәсіпқойлықты мансұқ ет­пеуі тиіс. Ал қазіргі журна­лис­ти­ка ақпа­раттық технология­лар­дың жүйрі­гіне мініп, заулап ба­ра­ды. Оны тоқтату мүмкін емес, тек оның жыл­­дам­­дығына ілесіп үлгеруің қажет. 

Қауіпті аймақтан репортаж жасау – күрделі үдеріс

Журналистің жүріп өткен жолы, сан жылдар бойы жинақ­таған тәжірибесі мен пайымы кәде­ге асқан кезде ол нағыз мәнге ие болмақ. Шеберлік дәріс­теріне құрылған медиа-форум­ның екінші дәрісі «Қауіпті аймақ­тан репортаж жасау» деп аталды. Бұл туралы ВВС-дің британ­дық корпорациясында 14 жыл еңбек еткен әскери журна­лист Шахида Төлегенова (Ұлы­британия) әңгімеледі. Әрі продюсер әрі режиссер ретінде де кемеліне келген репор­тер­дің дәрісі шынында да әріптес­теріміздің жа­сан­ды­лық­тан ада қызығу­шылығын тудырды. 

Ш.Төлегенованың соң­ғы жылдарда шиеленісті аймақ­тардан, оқ пен оттың арасында жүріп жасаған репортаждарын Еуразиялық медиа-форум залына жиналған журналистердің талайы көрген. Сондықтан да әскери репортерге Армения, Украина, Иран, Ресейден келген БАҚ өкілдерінің сауалдары да өте көп болды. 

Бұл дәрісте тек журналис­ти­калық тәжірибе сөз болған жоқ. Қантөгіс болған жерде ха­лық өзін тастанды, шарасыз сезі­неді. Шындық пен пана іздейді. Мұн­дай кезде ешқандай тарапқа қыз­мет етпейтін, тек қарапайым халықтың ахуалына алаңдайтын, нақты ақпарат тарататын БАҚ-тың психологиялық қолдауы ересен.

Мәселен, қақтығыс жүріп жат­қан нүктелерде «пәлен адам» қаза болды деген сандарға бет-бейне беру, қасірет шеккен жекелеген адамдардың қайғысы мен қазасы арқылы оқиғаның қанды салдар-сипатын көрсету қашанда өзекті. 

Сонау Босниядан бастап бүгінгі Сирияға дейін қауіп­тің кеме­сімен жүзіп өткен журна­лис­тің әрбір сұраққа сұрқия сая­сат­сыз адалдықпен жауап беруге ұмтылуы да форумға қатысу­шыл­ар тарапынан жақсы баға­ланды.Тісқаққан журналист сауалдардың бірқатарын саясаткерлерге бұрып жіберді. 

Әскери базалардан, әлі де әді­леттің барына сенетін солда­т­тан, содырлардан алын­ған сұхбат­тарда, сепаратистер­мен бол­ған әңгімеде әскери әйел репор­­тер мен ер репортердің айыр­­ма­­шы­лығына қатысты шын­дықты ақтарған Ш.Төле­генова­ның шеберлік дәрісі нағыз кәсіп­қойлықтың шоуы болды.

Өйткені бүгінгі соғыстың си­­па­ты да өзгерген. Дәстүрлі әс­кер атауы «ойыннан» шыққан. Олар қазіргі жағдайда көбіне-көп бел­гілі бір діни ұйымдар мен эт­нос­тық немесе белгілі бір саяси топ­тар­ға бағынады. Ондай қарулы топ­­та­р­мен тіл табысып, ақпарат май­­да­нында жұмыс істеудің адам айтқысыз қиындығы бар. Әс­­­ке­­ри тілші, продюсер, режис­сер Ш.Төлегенованың қауіп­ті аймақ­тан жүргізілетін ре­пор­таж­дары мен жүріп өткен «жауын­­герлік соқ­пақ­тары» кеше Алматы­да бас­қос­қан әріптестерін бейжай қалдырмады.

«Бәрі де жер кіндігі – Байқоңырдан басталған!»

Келесі шеберлік дәрісінің тақырыбы: «Тиімді Байқоңыр». Ғарыш тақырыбындағы ақпарат­тық сюжеттер жасаудың сыры­мен халықаралық ғарыш зерт­теуші журналист Тира Шубарт (Ұлыбритания) бөлісті. Ол ға­рыш саласын өз еркімен толас­сыз әрі дамылсыз көп зерттеген Лондондағы Корольдік аст­ро­номиялық қоғамының мүше­сі, Ұлыбританиядағы ғылым мұражайының елшісі саналады. Өте қарқынды дамып келе жат­қан ғарыш зерттеулері біз­дің планета, Күн жүйесі, сон­дай-ақ түпсіз кеңістік туралы ежел­гі түсі­нігімізді ептеп өз­гер­­ту үс­тін­де. Қазақстандағы Бай­қо­­ңыр ғарыш айлағы осынау өз­ге­ріс­тердің нақты орталығына айналған. 

Әріптестерімен тәжірибе бөліскен Т.Шубарт адамзаттың ғарышты игерудегі алғашқы қадамынан бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы өзгерістерді авторлық бейнероликтері арқылы баршаға түсінікті етіп баяндады. Дәл бүгінгі сәтте ғарыш кеңістігінде қалқып жүрген Халықаралық ғарыш стансасының (ХҒС) көлемі кәдімгі футбол алаңына пара-пар екені айтылды. Т.Шубарттың бейнекөріністік ұғынықты әңгімесінің арқасында дәріске қатысып отырған әрбір журналист өздерін ХҒС-да болып қайтқандай сезінді. Сапар мерзімі аяқталып Байқоңырға оралатын ғарышкерлер метео­риттей ұшқанда сырттағы температураның +2000 градус болатыны, мұндай ыстықта тіпті кү­містің өзі еритіні бар екен. Бі­рақ ғарышкерлер кең-бай­тақ Қазақстан жеріне әманда аман-есен қонады. Ол – ғарыш сала­сын­дағы әлем ғалымдары қол жет­кізген бүгінгі ең биік көрсеткіш.

Бір кезде ғарыш игеру КСРО мен АҚШ елдерінің игілігі ғана болса, бұл күндері түпсіз ғаламдық кеңістікті зерттеуге аңсары артқан мемлекеттер саны күрт өскені байқалады. Олар­дың қатарында Еуропалық ғарыш агенттігіне иелік ететін мем­лекеттер мен Қытай ғарыш зерттеушілері бар. Алайда Т.Шубарт айтқан маңызды дерек – қазіргі кезде ғарыш игеруге бөлінетін қаражаттың дені жекеменшік иелерінің қолында. Атап айтқанда, бүгінде жалпы ғарыш игеру саласына бөлінетін 355 миллион доллардың 78 пайы­зын жеке кәсіпкерлер төлейді. Инвестициядан түсетін қаражатты салық көлемі басып барады. Ғарыштық жобалар аясында мемлекеттік тапсырыстардан тыс кеңістікте ұшып жүрген айпадтың көлеміндей ғана Жер серіктері бір жылда 2 миллионға дейін сурет түсіріп, жердегі иесіне жібереді. 

Америкалықтар Ай планетасына қызығушылығын тоқтатқан. Ынта танытқандар болса дәл қазір Ай бетінде америкалықтардың ғарыштық үш арбасы жерден кел­­ген кез келген әріптестерге қыз­­­мет етуге әзір тұр. «Шаңын сүр­­т­е­сіз де от алдырып, мініп жүре бе­ресіз» Т.Шубарт тура со­­лай деді. Ғалымдар мен ғарыш зерт­­­­теу­­­шілер үшін қазір­гі басты про­­б­­ле­ма – ғарыш кеңіс­тігін­дегі «үйі­­ліп қалған» қоқыс қал­дық­тары. 1957 жылдан бері ғарышқа бет алған Жер серіктерінен Жер­ге 41 мың­дай техника мен оның қал­дық­тары оралған екен. Ғарыш­та қал­ған қалдықтардың саны 5 мил­лион­нан асады. Қазір ол қо­қыс­ты жи­нау шараларын жүзеге асы­ра­тын ға­ламдық жоба іске кірі­сіп те кетіпті. 

Әріптесіміз ашып айтқан бір шындық – осы күнге дейін басқа планетадан Жерге жеткен, тіпті, Жерді айналып ұшқан бірде-бір ғарыш қонақтары болмаған әрі тіркелмеген. Егер қандай да бір сәтте немесе жағдайда тосын­нан ғарыш «қонақтарымен» ұшырас­қандар болса, қазір Женевада БҰҰ ғарыш қонақтарын тіркейтін бас кеңсесі ашылған. UNOOSA мекенжайы интернетте көрсетілген.

Т.Шубарт өз дәрісін «Біле­сіз­дер ме, осының бәрі де бір кезде Қазақстанның Байқоңырынан басталған», деп түйіндеді.

Медиа-форум қонағы – 60-тан астам елден 500 делегат 

Келесі шеберлік дәрісі ақпа­рат­тық технология дамыған заман­дағы медиаэтиканың мән-маңызы хақында жүрді. Бұл туралы «New Eastern Europe» журналының бас редак­торы Ивона Райхардт және ғалым-сая­сат­танушы Бартош Рыд­линьски баяндады. Сонымен қатар олар бұрмаланған ақпа­рат­тың қоғамға теріс әсері мен фейк-жаңалықтардың түрлі жол­дар­мен таралуы жөнінде ой бөлісті.

Авторлық шеберлік дәрі­сін әрі қарай жалғайтын – «Select Communication Group» бас­қару­шы директоры Виктор Ели­сеев. Оның шеберлік дәрісі медиа сала­сындағы маңызды тенден­ция­лардың бірі – БАҚ «дижитали­за­циясы» және аудиторияға қажет ақпараттық өнімді құрудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру жөнінде болды. Сондай-ақ спикер зама­науи мультимедиалық жур­на­лис­­тиканың жаһандық мәсел­е­лерін қарастырып, БАҚ үр­діс­тері, Digital дәуірдегі ме­диа­ның бү­­гінгі форматтары туралы айтып берді. Фейк-жаңа­лықтар дәуірінде қоғам сеніміне ие болу, тар өрісті ауди­торияны құлақтандыру және сәйкестендіруге арнал­ған мағ­лұматтарымен ой бөлі­сетін ке­лесі спикер – CNN теле­ар­на­сы­ның халықаралық жобалар бо­йынша шығарушы редакторы Райан Смит. 

«Журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы әйелдер мен ерлердің қызметін теңдестіріп, тепе-теңдік орнат­қан кезде жаңа мүмкіндіктер ашылады» деген пікірімен форумның бірінші күнін «БҰҰ – әйелдер» құрылымдары қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Гизем Йарбил Гүрол қорытындылады.

Журналистерге тегін шеберлік дәрістерін өткізу «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды да­мыту қорының қолдауымен жү­зеге асып отыр. Орталық Азия­дағы тәуелсіз үнқатысу ала­ңы аталған Еуразиялық медиа-форумға 60-тан астам елден 500 делегат қатысып отыр­ғанын баса айтуға тиіспіз. Форум өз тарихында 6000-нан аса шет­елдік қатысушыларды, олардың қата­рында танымал журналис­тер, белгілі саясаткерлер, мықты экономистер, Нобель сый­лығы­ның лауреаттары, қоғам қай­рат­керлері, ғалымдар мен кәсіп­кер­лерді Қазақстанға жинады. Бұл ретте шетелдік спикерлер Қазақ­станның әлем алдындағы беделінің күн санап артып келе жатқандығын алға тартып отыр. 

Бүгін – жиынның екінші күні. Форумның салтанатты ашылуы рәсімінен кейін Қазақстан Рес­публикасы Ақпарат және ком­муникациялар министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласы­ның әкімі Бауыржан Байбек, ЕАМҒ Ұйым­дастыру комите­тінің төр­айымы Дариға Назарбаева қатысу­шы­лар алдында құттық­тау сөз сөй­лейді. Содан соң «Ха­лық­а­ра­лық қатынастар эволюция­сы: ғаламдағы салқын леп» тақыры­бына сай 1-ші мәжіліс өз отырысын бастайды. Спикерлер қатарында Қазақ­стан­ның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Италия­ның бұрынғы премьер-мини­стрі Маттео Ренци, БҰҰ-ның Жене­вадағы бөлімшесінің меңгерушісі Давид Чикваидзе және басқа да халықаралық мәртебелі меймандар бар. 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ