Жуырда Астананың 20 жылдық мерекесіне орай елдің дамуы мен елорданың қуатты қалыптасуына қосқан елеулі еңбектері үшін «Астана 20 жыл» мерейтойлық медалімен мәдениет және спорт саласының үздіктері марапатталды.
Елораданың торқалы тойын атап өту қарсаңында көптеген мерекелік шаралар ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Соның бірі – мәдениетімізге мәнді ғұмырын арнап, спорт саласына маңдайтерін төккен, ел игілігіне елеулі еңбек сіңіріп жүрген бір топ қоғам өкілдеріне берілген марапат.
«Астана 20 жыл» мерейтойлық медалі мен естелік сыйлықтарын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы табыстады. Бас шаһардың еңселі бой түзеуіне қосқан үлесі үшін қоғам қайраткерлерінің, ғылым және шығармашылық зиялы қауымның, спорт саңлақтарының ішінен 62 адам осы марапатқа лайық деп танылды. Олардың ішінде Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков сынды тұлғалар бар. Айта кетуіміз керек, «Астана 20 жыл» мерейтойлық медалі Президент Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес тағайындалған мемлекеттік награда болып есептеледі.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»