Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіподақты қоғамдағы ықпалды күшке айналдыруға, жұмысын жетілдіруге қашанда көңіл бөліп келеді.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тарихи құжаттарында ел дамуының, қазақстандықтардың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын одан әрі жақсартудың қарышты қадамдары мен стратегиялық бағыттары белгіленіп, жұмыла жүзеге асырудың бел ортасында салалық кәсіподақ ұйымдары да бар.
Биыл кәсіподақтар федерациясы кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы кәсіподақ ұйымдарының түрлі құрылымдарға белсене қатысуының маңыздылығын атап көрсетіп, министрліктер мен әкімдіктерге әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу салалары бойынша комиссиялардың жұмысын бірлесе жандандыру міндеттерін жүктеген болатын. Бұл орайда жергілікті филиалдар мен билік органдарының, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының, азаматтық бірлестіктердің әлеуетін тиімді пайдалану ортақ іске өз үлесін қосары анық. 50 мыңға жуық адамның ерік-жігері мен күш-қайратын бір арнаға тоғыстырып, ортақ мүддеге жұмылдырып келе жатқан облыстық кәсіподақ орталығында 953 бастауыш кәсіподақ ұйымы тұрақты түрде жұмыс істейді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, байланыс және пошта жүйесі, машина саласы, мемлекеттік ұйым қызметкерлері мен жұмыскерлері өз жұмыстарын заң нормалары, еңбек кодексі, екі тараптық келісімдер аясында жүргізе отырып, мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалардың талапқа сай жүзеге асырылуына, еңбек заңнамаларының сақталуына, толыққанды еңбек ортасының қалыптасуына, материалдық-әлеуметтік жағдайдың жақсаруына ықпал етуді қашанда басты мұрат санайды.
Соңғы кездері қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынас бағыттарында қоғамдық бақылау күшейтіліп, түрлі ұсыныс, бастамалар қолдау тауып келеді. Мәселен, жұмыс топтары мен комиссиялар мәжілістерінде жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты еңсеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс берушілермен еңбек келісімдерін жасау сияқты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, қабылданған шешімдердің орындалуы тұрақты бақылауға алынды. Кәсіподақ ұйымдарының өндірістік кеңестер құру, сол арқылы өндіріс учаскелерінде еңбек тәртібі мен қауіпсіздігін реттеу, қамтамасыз ету ұсынысы қолдау тауып, тұрақты қоғамдық бақылауды 975 техникалық инспектор мен 799 өндірістік кеңес жүзеге асырады.
Бұдан тысқары «Еңбек қауіпсіздігі» бағдарламасы қабылданып, практикалық шаралар ретінде көрініс тапты. Кәсіпорындарда жұмысшы-қызметкерлердің қалыпты еңбек етуіне мүмкіндік тудырып, өмірі мен денсаулығын көздің қарашығындай сақтау бұлжымас басты талаптардың бірі саналады. Осы себепті меншік формасына және ұйымдық-құқықтық құрылымға қарамастан кез келген өндірістік нысандарында жағдаймен танысу, рейдтер жасау, кемшіліктер орын алған жағдайда шұғыл түзету, алдағы кезеңде болдырмау, еңбек заңдарын түсіндіру шаралары жеміссіз емес. Еңбек күнінің орташа ұзақтығы, қосымша әлеуметтік пакеттер, сапалы демалыс кепілдігі, жұмыс берушінің есебінен еңбеккердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, жұмыс күшінің ішкі нарығын қорғау секілді аса маңызды өлшемдер ұжымдық шарттарға енгізіліп, өмір сапасы басты назарға алынған.
Өңірде аумақтық-салалық кәсіподақтармен әріптестік байланысты кеңінен өрістету тәжірибесі қалыптасқан. Олардың өкілдері қоғамдық қабылдау, ашық есік күндеріне жүйелі түрде қатысады. Сөйтіп орын алған түрлі еңбек дауларының ойдағыдай шешілуіне, өтініш-тілектердің орындалуына ұйытқы болып жүр.
Кәсіподақ орталығы жұмысының тиімділігін арттырудың жолдары сан алуан. Солардың бірі әлеуметтік әріптестік көкжиегін кеңейту десек, қателеспейміз. Бүгінде кәсіпорындармен 3656 ұжымдық келісімшарт жасалып, былтырғы деңгейге қарағанда санының да, сапасының да артқаны байқалады. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов кәсіподақ белсенділерімен кездесуде кәсіподақ ұйымдары құрылған өндіріс орындарында бұл көрсеткішті жүз пайызға жеткізу міндетін, әсіресе еңбекақыны көбейту мәселесін басты назарда ұстауды тапсырған болатын. Ірі зауыттарда «Татуласу орталығы» құрылған. Мақсат – еңбек қатынастарына байланысты туындаған дау-дамайларды бейбіт жолмен, түсіністікпен бірлесіп шешу. Мамлют, Ғ.Мүсірепов аудандарында өткен көшпелі мәжілістер оның өміршең дәстүр екенін көрсетіп берді.
Өңірге келген жұмыс сапарында Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым қордаланған әлеуметтік мәселелерді байыптылықпен шешудің бірқатар жолын ұсынып, экономика саласында жалақының төмендігін, кей кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істемейтінін, санаторий, демалыс базаларының жеткіліксіздігін атап көрсеткен еді. Қол жеткенге тоқмейілсу – солтүстікқазақстандық кәсіподақ мүшелеріне жат құбылыс. Елбасы ұсынған қоғамдық жаңғыртуларға үн қосып қана қоймай, нақты істер арқылы үлгі көрсету абзал борышымыз болып қала бермек.
Ерік НҰРАҚАЕВ,
республикалық кәсіподақтар федерациясы облыстық филиалының төрағасы
Солтүстік Қазақстан облысы