АРАНДАТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Жексенбі күні Атыраудағы «Исатай-Махамбет» алаңында жұртшылықтың қатысуымен митинг өтті. Митингке халық өте көп жиналды. Әр түрлі саланың өкілдері бар, мұнайшылар да, мұғалімдер де, студенттер де Жаңаөзендегі оқиғаны айыптаған пікірлерін білдірді. Алдымен сөз алған еңбек ардагері Кеңес Қосыбаев «Жаңаөзен қаласындағы оқиға Қазақстанның тәуелсіздігі арқылы қол жеткізген жетістігімізге, елдің бірлігі мен ынтымағына нұқсан келтіре алмайды. Біз елдің тұрақтылығына сына қаққысы келген арандатушылар әрекетіне жол бере алмаймыз», деді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Өсила Арманқызы «Жаңаөзендегі оқиға арандатушылардың әрекеті, мұны еркін елдің ертеңі –жастар ешқашан қолдамайды. Біз ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың бұзылмағанын қалаймыз. Біз үшін ең басты құндылық – Қазақ елінің тәуелсіздігі. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет», деді. – Біз бүгінгі еңбегіміздің жемісін балаларымыз, кейін ұрпақ көрсе екен дейміз. Сол себептен, елдің бірлігін сақтап, келешек ұрпақ үшін өнеге боларлық іс жасайық, –деді Исатай ауданындағы «ЖайықМұнайГаз» басқармасының мұнайшысы Қожантай Сыдиықов. Митингке қатысушылар Маңғыстау жұртшылығына арналған үндеу қабылдады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.
•
21 Желтоқсан, 2011
Қоғамдық тұрақтылық – қасиетті қазынамыз
420 рет
көрсетілді