• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қазан, 2018

Электр қуаты мен жылу бағасы – Бас прокуратура назарында

577 рет
көрсетілді

Бас прокурор Қайрат Қожамжаров төрағалық еткен Бас прокуратураның алқа отырысында электр қуаты мен жылудың бағасын қалыптастырудағы заңдылық мәселелері талқыланды.

Алқа жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, орталық мемлекеттік органдар мен монополист-кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Бас прокурор қатысушыларға Мемлекет басшысының Жол­дауында тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық және табиғи мо­нополистер көрсететін қыз­мет­тердің ақысын өсірмеу туралы тапсырмасын еске салды. 

– Президент монополистердің қызметіне тиімді мониторинг жа­сауды және баға белгілеу кезін­де ашықтықты қамтамасыз ету­ді талап етті. Тариф мәселесі ха­лық үшін өте маңызды, өйт­кені отбасылық бюджеттен ком­му­налдық қызметтерге айтарлық­тай қаржы жұмсалады, – деді Қ.Қожамжаров. 

Ол тариф белгілеуге қатысты бірқатар салалық проблемаларды, соның ішінде Энергетика және Ұлттық экономика ми­нис­трліктері тарапынан мемлекеттік ба­қылаудың тиісті деңгейде жүр­гізілмегенін атап өтті. Оған қоса, Қ.Қожамжаров аталған ми­нистрліктердің тариф белгілеу саласындағы мемлекеттік ба­қылауын «бұлыңғыр» деп атады.

Мәселен, тексерулер кезінде еліміздегі көптеген электр стансалары тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасын жоғарылатуға әсер еткен негізсіз тарифтер бойынша ұзақ уақыт жұмыс істегені анықталды. Осы­ның нәтижесінде энергия беру­ші және жабдықтаушы ұйым­дар тарифтерді көтеру арқы­лы 29 млрд теңге мөлшерінде пайда тапқан.

– Бір жағынан, тарифтер­ге монополияға қарсы ведомс­т­воның үнсіз келісімі бойынша қызметкерлерге төленетін сый­лықтар мен бонустар, сондай-ақ не­сиелер бойынша сыйақылар не­гізсіз қосылып отырған. Екінші жағынан, шығындарды ұлғайту мақсатында жабдықтарды жо­ғары бағамен жөндеу және сатып алу үшін арнайы сервистік кәсіп­орындар құрылған. Алынған табыс «заңсыз» компаниялар арқылы шығарылып отырған, – деді Бас прокурор. 

Мәселен, «Маңғыстау БЭК» сме­та­сында 1 млрд теңгеге жуық сыйақы мен басқа да сыйа­қы шығыстары негізсіз ескеріл­ген. Сонымен қатар «Астана­энер­госбыт» тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен, іс жүзінде 2 есе арзанға сатып алған. Соның нәтижесінде елорда тұрғындарынан 2,6 млрд теңгеге артық қаржы жиналған. 

Дәл осындай жолмен әрекет еткен Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қа­зақ­стан облыстарындағы жаб­дықтаушылар 1 млрд теңге кө­лемінде негізсіз пайда тапқан. Прокурорлық шаралардың нәтижесінде монополистер 5 млн тұтынушыға 13 млрд теңгеге жуық шығынды қайтарған. Оған қоса, 14 өңірде электр қуаты мен жылудың бағасы төмендетілген. 

– Егер 3 жыл ішінде уәкілетті орган тұтынушыларға электр энергиясы бойынша небәрі 3,7 млрд теңгені өтесе, онда прокур­орлар тек бір тексеру кезінде 8 есе артық соманы анықтады, – деп атап өтті Бас прокурор.

Сонымен қатар тұрғындарға жылу есептейтін құралдарды орнату кезінде мемлекеттік қаражат тиімсіз жұмсалып келгендігі анықталған. 

Мәселен, Қарағанды облысы Саран қаласында орта­лық­тандырылған жылудың жоқты­ғына қарамастан, 2015 жылы 215 млн теңгеге 274 жылу есептеуіш құралы орнатылған. Қазіргі уа­қытта бұл әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 

Мұндай прокурорлық тексерулер нәтижесінде жалпы 15 лауазымды тұлға жіберген ол­қы­­лықтар үшін жазаланып, мо­но­полистерге 159 млн теңге кө­ле­мінде айыппұл салынған, сон­дай-ақ 10 қылмыстық іс қозғалған. 

Алқа мәжілісіндегі сөзін қо­ры­тындылай келе Бас проку­рор табиғи монополиялар су­бъек­тілерінің басшыларына қо­ғам алдындағы әлеуметтік жа­уапкершілікті сезініп, жұмыс тәсілін өзгертуге шақырды.

– Энергия қорының елеулі бөлігінің қолдарыңызда болуы сіздерге тұтынушылардың мүд­де­леріне назар аудармау құқы­ғын бермейді. Прокуратура орган­дары құқық қорғау функциясын ескере келе, тарифтерді белгі­леу мәселелерін жүйелі түрде бақылайды, – деп сөзін түйін­деді Қ. Қожамжаров.

Отырыс қоры­тын­дысы бо­йынша тарифті қалып­тас­тыру кезінде ашықтық дең­гейін арт­тыруға бағытталған бірқатар нақ­ты ұсыныстар қабылданды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»