Орал қаласында тұратын колледж студенті Нұрай Темірғали өзінің 17 жасқа толған туған күнін ерекше өткізді: дос-құрбыларын жинап, туған күнін атап өтуге жинап жүрген қаржысына құстарға арналған 17 ұяшық жасатып, Орал қаласының орталық саябағына орнатты.
– Тұңғыш қызымның туған күнін отбасымызбен асыға күтіп жүргенбіз. Нұрайдың түрлі жоспары болды. Құрбыларын үйге шақырып, дастарқан жаймақ ниетін де білдірген. Бірақ екі апта бұрын: «Әке, мен туған күнімді атап өтпейтін болдым» дегенде, «біреу ренжітті ме?» деп шошып кеттім, – дейді Нұрайдың әкесі Абзал Темірғалиұлы.
Бірақ Нұрайдың жоспарын өзгерткен өзге емес, өз жүрегі екен.
– Осыдан бірер жыл бұрын әкем «Құстар – біздің досымыз» деген керемет кітап алып берген еді. Авторы – ақын Есенғали Раушанов. Осы кітаптан құстар туралы небір қызықты мәліметтер оқыдым. Осылайша қанатты достарымызды ерекше жақсы көріп кеттім. Оларға көмектесу туралы әрдайым ойлап жүретінмін. Туған күнім жақындаған сайын «жыл сайын жұртпен бірдей атап өте бергенше, ешкімге ұқсамайтындай етіп атап өтсем» деген ой келді, – дейді Нұрай.
Күнделікті өмірде байқай бермейміз, қыс кезінде құстар, әсіресе кішкене бозторғай, шымшықтар аштық пен суықтан қатты қиналады екен. Нұрай ғаламтор ақтарып, құстарға қалай көмектесу керек деген ақпаратты сүзіп шыққан. Сөйтіп кішкентай торғайларды қыста желдің ызғарынан қорғап пана болатын әрі адамдар жем салуға ыңғайлы ұяшықтар жасату керек деген шешімге келген.
– Қызымның бұл ойын бірден қолдадық. Ішімнен қатты қуандым. Қала базарында бесік, ұлттық үстел, т.б. жасайтын шеберге жолығып, бірден 17 ұяшыққа тапсырыс бердік, – дейді Абзал.
– Қолөнермен көптен айналысып жүрмін ғой. Бұған дейін қараторғайдың ұясын жасап беруді сұрап, бірлі-жарым орыс қарттары келетін. Олар ұяны көбіне өз саяжайына орнатады. Бірақ жастардың бірден дәл мұнша көп ұя жасатқанына бірінші рет кездесіп отырмын, – деп таңғалады шебер Нұрділдә Әлсеуов.
Нұрділдә шебер қыс кезінде құстарға жем салатын 10 сауыт пен суықтан паналайтын 7 ұяны жасауға бар өнерін салыпты. Қазақы ою-өрнекпен жасалған бұл ұяда бәрі ескерілген.
– Шатыр ернеуі төмен болғандықтан бұған қарға, кептер сияқты үлкен құс кіре алмайды. Қыс кезінде ең әлсіз, панасыз қалатын бозторғай мен шымшық қой. Сондықтан жемсауыттарды осы кішкене құстарға арнап жасадық, – дейді Нұрділдә Айділдәұлы. Шебер тіпті бұл іске ынты-шынтысымен кірісіп кетіпті. Тапсырыс иелері тек ұя жасауды өтінсе, оны Орал қалалық саябағына орналастыруға Нұрділдә өзі сұранып келіпті.
– Қазақ жастарының осындай әлеуметтік бастама көтеріп, көпке үлгі болып жатқанына қатты қуандым, – дейді ол.
Туған күнінде қанатты достарына мейрам жасап, жүрек мейірімін шашқан Нұрай бойжеткеннің осы үлгісі өзге құрбыларына да жұғысты болсын деп тіледік.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы