• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2019

Қазақстандықтар дәрі-дәрмек бағаларының сәйкестігін тексере алады — ҚР ДСМ

505 рет
көрсетілді

Бұл туралы PrimeMinister.kz ресми ресурсының алаңында өткен онлайн-конференция барысында Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова айтты.

Л. Бюрабекованың айтуынша, Дәрі-дәрмектерді сараптаудың ұлттық орталығы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында мобильдік қосымша әзірлеген. Бүгінгі таңда аталған қосымша тестілеу режимінде апробациядан өткізілуде.

Азаматтар бұл мобильдік қосымшадан қаптаманың тіркелген макетін, дәрі-дәрмек бағасын, сондай-ақ сол дәрі-дәрмектің қауіпсіздік пен сапа тексеруінен өткен-өтпегенін көре алады. Сонымен қатар, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар қандай да бір дәрі-дәрмек бағасы көтерілген жағдай орын алса, соған қатысты пікірін жазып қалдыра алады.

«Егер азамат мобильдік қосымшада көрсетілген бағадан қымбат бағаны көрсе, ол бірден суретке түсіріп, дәріханада бағаның көтерілгені туралы шағымын жеткізе алады. Бұдан өзге, барлық бағалар Денсаулық сақтау министрлігінің, Фармация комитетінің, Дәрі-дәрмектерді сараптаудың ұлттық орталығының интернет-ресурстарында жарияланады. Азаматтар бағаның көтерілгенін байқаған жағдайда, біздің аумақтық департаменттерге жүгіне алады. Дәрі-дәрмектерді сатушылар бағаны көтергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады», — деп түсіндірді Л. Бюрабекова.

Сондай-ақ, Л. Бюрабекова жылдам енгізіліп жатқан цифрландыруды ескергендегі дәрі-дәрмек нарығындағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді. Жаңа заңда «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторы мен басқа да медициналық ұйымдар электронды сатып алуға толықтай көшетіні қарастырылған.

«Қазіргі таңда тестілеу режимінде 2019 жылға бірыңғай дистрибьютордың дәрі-дәрмектерді сатып алуын іске қостық. Қаржы министрлігінің электронды сатып алулар порталы алаң қызметін атқаруда. Бұл сыбайлас-жемқорлық қауіптерінің төмендеуіне әкелді, өйткені бүгінде әлеуетті жеткізушілер мен тендерлік комиссия мүшелері арасында ешқандай байланыс жоқ. Барлық үдеріс онлайн-режимде, электронды форматта өтеді. Үлкен қағаз пакеттері түріндегі құжаттаманы беру тұрғысынан жеткізушілердің жүктемесі азайды. Бұған дейін ол өте көп қағазды талап ететін, ал бүгінде осының бәрі электронды форматта қадағаланады», — деді Л. Бюрабекова.

Бұдан өзге, аукцион бұған дейін барлық қатысушылармен көзбе-көз өткізіліп келді. Оған 3–5 күн уақыт кететін. Тендерлік комиссия мүшелерінің және сатып алудың барлық қатысушысының болуы талап етілетін. Бүгінде осының бәрі онлайн-форматта өтеді.  

Сонымен қатар, Комитет төрайымы осы заңды іске асыру мақсатында рецепт жазудың жаңа ережелері әзірленіп жатқанын айтты. Онда дәрігерлер тек халықаралық патенттелмеген атауды көрсететін болады (сауда белгісі бар әрбір дәрілік зат белсенді затқа ие, соны халықаралық патенттелмеген атау (ХПА) деп атайды). Жаңа ережелерге сәйкес, дәрігер Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесінде электронды форматта дәрі-дәрмектерді жазатын болады. Одан кейін емделуші дәріханаға барады, онда дәріні аталған ХПА бойынша өздерінде бар дәрі-дәрмек атауларын ұсынады. Емделуші бағалық қолжетімділігі бойынша өзіне оңтайлысын таңдай алады.

Заңда бағалардың маусымдық ауытқуы да реттелетін болады.

«Біз бағаларды жылына екі рет – шілде мен қаңтарда белгілейтін боламыз. Бағалар еш ауытқусыз барлық аумақта осы кезең аралығында жарамды болады. Яғни, белгіленген шекті бағадан төмен бағада сатуға болады, ал көтерілген жағдайда әкімшілік жауапкерлішікке тартылады», — деді Фармация комитетінің төрайымы.

Қорытындылай келе, Л. Бюрабекова қазақстандықтарға дәрі-дәрмектерді таңдау бойынша кеңес берді.

«Рецептуралық дәрі-дәрмектер туралы айтар болсақ, азаматтарға, емделушілерге айтарым, егер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрі ішу қажет болған жайдайлар орын алса, онда міндетті түрде дәрігердің тағайындауымен, рецепт алып, дәріханадан дәріні сатып алған жөн. Егер салқын тиген вирусты жұқпа болса, дәріханаға барып, тиісті білімі бар, дұрыс қызуды түсіретін немесе симптомдық дәрі-дәрмектерді таңдауға көмектесетін дәрішімен ақылдасу керек. Жалпы, барлығына денсаулық тілеймін, ешкім ешқашан ауырмасын!», — деп түйіндеді Л. Бюрабекова.