Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:43
– Оксана, алдағы 27 сәуірде Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚХА-ның кезекті сессиясы өтеді деп жоспарланған. Осы маңызы жоғары шара қарсаңында өзіңмен әңгімелесудің сәті түсіпті. Сұхбатымызды мына мәселеден бастасақ. Әр адам өзінің ата-анасының алдында мәңгі қарыздар. Яғни, әуелі сол ұшқан ұяң, отбасың туралы айтып өтсең.
Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:43
– Оксана, алдағы 27 сәуірде Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚХА-ның кезекті сессиясы өтеді деп жоспарланған. Осы маңызы жоғары шара қарсаңында өзіңмен әңгімелесудің сәті түсіпті. Сұхбатымызды мына мәселеден бастасақ. Әр адам өзінің ата-анасының алдында мәңгі қарыздар. Яғни, әуелі сол ұшқан ұяң, отбасың туралы айтып өтсең.
– Өз басым ес білгелі ең алдымен, анам үшін не істеймін, қандай қуаныш сыйлағанда перзенттік парызымды өтей аламын деген оймен есейдім. Өйткені, жан анам төрт баланы жалғыз өзі мәпелеп өсірді. Отбасында екі ұл, екі қызбыз. Бүгінде олардың бәрі үйлі-баранды, өмірден өз орындарын тапқан. Әкеміз ертеректе көз жұмған. Сол себепті тіршіліктің бүкіл тауқыметі анамның жалғыз өзіне түскен еді. Бірақ ол бізге қиындықты көрсетпеуге тырысып бақты. Өте кеңпейіл, ақ-жарқын, ай-шай демей шындықты бетке айтатын турашыл адам. Осы жағынан мінезім анама тартқан. Шешемнің аты-жөні – Гүлжамал Құдайбергенова. Ұзақ жылдар байланыс саласында жұмыс істеді.
– Ата-анаң қазақша сөйлеуші ме еді?
– Анам – қазақ, бірақ Оралда қалың орыстың ортасында өскендіктің әсері шығар, орыс ұлтының азаматымен тағдыр жарастырған. Бәрімізді ер жеткізген соң екінші мәрте тұрмысқа шықты. Қазақ азаматына. Ал өзі қазақша-орысша бірдей сөйлейді. Бүгінде Ақтөбе облысында тұрып жатыр.
– Қазақшаны жатық меңгергеніңе қарағанда, қазақ мектебінде оқыған шығарсың?
– Жоқ, Павлодар қаласындағы №11 орыс мектебін тәмамдадым.
– Қазақ тілін қанша жасыңнан бастап меңгердің?
– Тілді жүз пайыз меңгеру мүмкін емес. Сондықтан осы жолда әлі көп тер төгуіме тура келеді. Ал енді бір кісідей ойымды қазақша жақсы жеткіземін. Тілді университет қабырғасында оқып жүргенде үйрендім.
– Тілді үйрену үшін адамға ең алдымен не керек?
– Ынта-жігер, күш-қайрат керек. Мектепте соңғы емтиханды тапсырғанша қай оқу орнына түсетінімді шешкен жоқпын. Алғашында әскери оқуға барғым келді. Ағылшын не қазақ тілін үйренсем деген ой да санамды билеп алды. Ақыры, міне, мемлекеттік тілдің құдіреті мықтырақ екен. Мектепті аяқтай сала Ақтөбеге оралдым. Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түстім. Сынақ тапсырарда екі сөздің басын қоса алмайтынмын. Бірақ адам алдына бір мақсат қойса, соған міндетті түрде қол жеткізуге барынша тырысып бақса, алынбайтын қамал жоқ деп ойлаймын. Университеттің бірінші курсында жергілікті телеарнаның жас буынға арналған ойын-сауық бағдарламасын жүргізген болатынмын. Бір күні «Рика ТВ» телеарнасында тілшілер курсы ашылғанын естідім. Сонда бір айдай жүргенімде бұл мамандықтың жаныма етене жақын екенін сездім. Бір қызығы, екі тілде бірдей жазатынмын. Телеарна басшылығы мені диктор болуға шақырды. Алайда, менің мақсатым бұл емес еді, арманым көрген-білгенімді өзім жазып, өзім халыққа жеткізсем дейтінмін. Бірақ та сол мақсатқа жету үшін әйтеуір бір нәрседен бастау керек екенін түсіндім. Келістім. Күндіз дәріс бердім. Кешке халыққа хабар тараттым. Бірде Астанадан қоңырау шалды. Мені елордаға жұмысқа шақырып жатыр. Біреулер жай әзілдеп тұрған шығар деп ойладым. Тек, әуежай кассасына келіп, ұшақ билетін көрген кезде ғана шын екеніне көзім жетті.
– Қазақ тележурналистикасына келуіңе не себеп болды?
– Міне, дәл осы сәттің журналистикаға толық келуіме себеп болғаны рас. Қазір мұнымен өмірім егіз. «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар, қалан» деп Абай айтқандай, онсыз келешегімді елестете алмадым. Бірнеше рет жұмысымды ауыстырмақ болдым. Бірақ, жеме-жемге келгенде тайқып шыға келетінмін. Өйткені, маған «Астана» телеарнасы тым ыстық.
– Ұстаздарың есіңде ме? Қазақ тілінен кімдер сабақ берді?
– Мектепте қазақ тілінен Жанна Айдарханқызы сабақ берді. Өте қатал мұғалім еді. Сабақ үстінде мәтінді жаттап айтып беруге тиіс болатынбыз. Мен лезде қағып алатынмын. Бір-екі оқығаннан жадымда сақталатын. Анам маған жазуды бес жасымда оқытқан. Осы апайымыз мені үнемі тақтаға шығарады. Бірде қызық оқиға болды. Мектепте оқып жүргенде орыс, қазақ деп балалар бөлінбейтін. Қазақ тілінен тест тапсырдық. Сонда ең бірінші сұрақта: «Ұлтың кім?» деп тұр. Мен ойланбастан «қазақ» деп белгіледім. Қасымда отырған құрбым Мира Аменова маған аңтарыла қарап: «Сен дұрыс жауап берген жоқсың» дейді. «Неге?» деймін мен. Ол: «Сенің ұлтың орыс емес пе?» дейді. Сонда ғана мен Мирамен өзімді салыстыра келе олардан түр-түсімнің бөлек екенін байқаппын дегенге сенесіз бе? Міне, осыдан бастап, ұлтыма мән бере бастадым. Қазір осыған күлкім келеді. Балалық шағың бақытты кезің ғой. Олар: «Ұлтың кім, түрің неге бөтен?» деп бір-бірін алаламайды. Жұмыстағылар менің жанымның қазақ екеніне шүбә келтірмейді. Рас, жаңадан келген адамдар кейде қай тілде ойлайсыз деген сияқты сұрақты көлденең тартып жатады. Мысалы, орысша хабарды қазақ жүргізіп отырса, жұрт таңғалмайды да, ал орыс қазақша сөйлегенде неге басқаша болуы керек. Таңырқаудың уақыты өтіп кетті. Енді маған жұрттың қазақша сөйлей білетін орыс дегеннен гөрі жақсы жүргізуші ретінде қабылдап-бағалауы қымбатырақ.
– Қазақтың ақын-жазушыларынан кімдерді оқыдың, әсіресе, олардың қандай шығармаларын жаныңа жақын тұтасың?
– Шоқан Уәлиханов шығармаларына сүйіспеншілігім ерекше. Сондықтан болса керек, география пәнінен тек бестік деген баға алатынмын. Пушкинді жата-жастана оқыдым. Лермонтовқа жақындай түсіп едім, көз алдыма Уәлиханов бейнесі келді. Екеуі бір-біріне ұқсайтын сияқты. Келбетті, мұртты, тіпті, погондарына дейін. Менің бір кезде әскери адам болуды армандауыма сірә осындай жәйттер әсер етпеді ме екен? Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасына еніп кеттім. Мектепте оқыдым, университетте шүйліге түскен шығармам. Кітапханадан сұрап алып кетіп оқитынмын. Мысалы, сөйлемдерді талдауға пайдаланатынмын. Морфологиялық талдау десе ішкен асымды жерге қоюға бар едім. Поэманы оқыған соң Көкшетаудың өзін көруді армандадым. Оны көргенде ғажайып табиғаттың сұлулығын жырлаған ақынға деген құрметім еселене түсті. Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер», «Боран», «Әке мен бала» «Ант», «Шырағың сөнбесін» шығармалары ғажап емес пе! Әсіресе, маған соңғысы жақынырақ. Әлі есімде, алғаш оқығанда түк түсінбедім. Heгe «Шырағың сөнбесін» дегенін уақыт өте келе ұқтым. Көп балам болса екен деген арман пайда болды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» білмейтін қазақ баласы жоқтың қасы. Француздың әдебиет сыншысы Жан Монтальбетти сөзімен айтсақ, Нұрпейісов «Өмірдегі әділетсіздікке қарсылық білдірген қаламгер». Жаңалықты қару еткен журналистер жазушы секілді өмір шындығына қарсылық білдіруге тырысады. Өмір шындығын жеткізумен әлек, өкінішке орай ол көп ретте іске аспай жатады. Келешекте мен де өз алдына бір арна ашсам деп қиялға ерік беретін кезім болады. Тым болмаса тәуір бір бағдарламам болса да үлкен жетістік санар едім.
– Қазақша әндер тыңдайсың ба? Көңіліңе халық әндері жақын ба, әлде қазіргі заманғы композиторлардың әндері ме?
– Әттең, ән салар едім, бірақ дауысты құдай бермеген. Негізі, екі продюсерден ұсыныс түскен болатын. «Дауысыңды байқап көрейік» деді. Түк шықпады. Өзім дауысы зор әншілерді ұнатамын. Қазір дауысы да, бет-әлпеттері де бір-бірінен аумайтын әншілер қаптап кетті. Маған олар ренжімесін, бірақ шындықты айту парыз. Алайда, үйде оңаша қалғанда әуелетіп бір жіберетінім жоқ емес. Халық әндері қатты ұнайды. «МузАРТ» тобын сүйіп тыңдаймын. Компьютерім мен телефонымда әндері көп жазылған. «Домино» да ұнайды. Жастықтың лебі есіп тұратын болғандықтан шығар. Лананың скрипка құлағында ойнайтынына қайран қаламын. Айта берсем, қазіргі сахнамыздағы барлық әншілерді тізіп шығамын. Тағы бір есімі ерекше жұлдызымыз Роза Рымбаева апамыздың әндерін естігенде, езіліп кете жаздаймын. Дауысы жанымның пернелерін дөп басады.
– Қызметте, достарыңның ортасында көбіне қай тілде сөйлесесіңдер?
– Бұрышқа тірелген жерім осы. Қызметте қазақ тілінде сөйлейміз, әрине. Өйткені, мен араласатын адамдар қазақы орта. Қазір мен кейде орыс тілінде ойымды жеткізе алмай қалып жатамын. Ұят екенін білемін. Күлмеңіздер, рас! Жақын араласатын құрбыларымның арасында орыстың да, қазақтың да қыздары бар. Негізінен олардың бәрі орыстілділерге жатады. Өз тіліңді ұмытпауың керек деген түйсік санамның түбінде қашанда мені ана тіліме қарай осылай тартады. Сол себепті жұмыста қазақша қарым-қатынас жасаймын, үйде орыс тілінде әңгіме-дүкен құрамыз.
– Қаладағы көптеген ресми жиындар, түрлі шаралар әлі де болса көбіне орыс тілінде өтіп жататыны белгілі. Бұл, әсіресе, қазақ тілді журналистердің жұмысына көп қиындық туғызатыны рас. Қазақ телеарнасының тілшісі осындай қиындықтардан қалай жол тауып шығады?
– Иә, біздің қазақтарға «басқалар түсінбесе қойсын, ал мен қазақ тілінде сөйлеймін» деген батылдық жетіңкірей бермейді. Қазір ондай ұлтжанды азаматтар аз емес, құдайға шүкір, жеткілікті. Бірақ, қазақ тілінде сөйлеймін деп ойласа да, іс жүзінде оны орындауға келгенде қиындықтарға тап болады. Өйткені, тіл жетпейді. Терминдер орыс тілінде, технология тілі де әлі сол бәз-баяғы. Сондықтан көп ренжи қоймаймын десем, жаңсақ болар еді. Соңғы кездері «тілшілердің тілі бұзылып барады» деген сын-ескертпелер айтылып қалып жүр. Менің бетіме айтқан ешкім жоқ, бірақ жалпы БАҚ туралы айтылған ойларды оқығанда осындай пікірлер алдыңнан шығып қалады. Ал, біздің тілімізге көңілі толмайтын аға-апаларымызға «түсіністікпен қараңыздар» дегеннен басқа айтарым жоқ.
– Өзінің ана тіліне шорқақ жастар көп. Олардың бетін қазақшаға бұру үшін не істеу керек деп ойлайсың?
– Бұл қиын сұрақ. Тағы да адамның санасына, ұлтжандылығына келіп тіреледі. Дегенмен, өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, қазір қазақ тілінде сөйлейтін жастар баршылық. Мүмкін, ауылдан қалаға арман қуып келген жастардың көбеюі үлесінен де болуы ықтимал. Бірақ, тепсе темір үзетін жігіттердің ауыр жұмыс істеп жүргенін көргенде жүрегің қан жылайды. Қолдан келер шара болмаған соң іштен тынып қала бересің. Өйткені, бүгінде оқудың бағасы удай қымбат. Қазақстан – кең байтақ, жерасты қазбаларына бай деп мақтанғанымызбен, ал білімге келгенде тығырыққа тірелеміз. Мүлдем ақысыз болсын демесек те, жұртқа қолжетімді болса дейміз ғой баяғы. Тіпті, ақылы мектептер деген пайда болды. Олай болса, қалай нан тауып жеудің қамында жүрген жастардан тіл тағдырын қалай талап етесің?
– Қазақша білген адамның қандай артықшылықтары бар?
– Ең алдымен, айтарым, «Адамның хайуанаттан артықшылығы – тілі». «Сұраумен Меккеге де барасың» дегендей, қызыл тілмен жетесің дегеніңе. Өзге ұлттың тілін білсең, аудармамен де нан тауып жеуге болады. Қазір не көп, тіл орталықтары, аударма жасаймыз деген мекемелер де толып жатыр. Бұл жерде мәселе адамның қабілетінде, адал еңбек етуінде. Ал нақты қазақ тілі туралы айтатын болсақ, қазақша білген адамның артықшылығы дегенді естімеппін. Өз өмірімнен мысал келтірсем, «сен, қазақша біледі екенсің» деп басына көтеріп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, әркім өз «пиарын» ойлайтынын ескерсек, осы телеарнаға сол кездегі басшылар қазақша сөйлейтін орыс қызы керек болғандықтан шақырған шығар, ал бүгінгі басшылық маған орыс қызы деп емес, ісін білетін маман ретінде қарайды деп ойлаймын. Өйткені, ақпарат таңдауда, оларды өңдеп, эфирге шығаруда азуымыз қатайды.
– Қазақ журналистикасында жұмыс істеу қиын соғып жүрген жоқ па?
– О не дегеніңіз?! Бұл мен үшін қымбат кәсіп. Өйткені, әр күні жаңа бір нәрсені үйренесің, сөздік қорың жаңа бір ұғыммен толығады. Түйіп айтқанда, мен, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Алғашында эфирге шыққанда кәдімгідей қобалжитынмын, ал қазір өзімді еркін сезінемін. Ал, мәтін жазу тіптен ұнайды. Халықтың миын ауыр сөздермен шаршатпай, түсінікті тілмен жеңіл жазғым келеді. Бас кезінде сөзім жетпей қиналатынмын, бірте-бірте бұл белесті де бағындырып келемін. Мысалы, Мұқағалидың мына бір өлеңіне қараңызшы.
Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда
Құлшылық етемін тұрғанға,
Құлшылық етемін құмдарға,
Тағзым жасаймын қырларға!
Шүкірлік етемін қашан да
Осы бір Отанда тұрғанға!
– «Астана» телеарнасының басқа арналардан айырмашылығы неде?
– Осыған толығырақ тоқтала кеткім келеді. Нақты осы арнада тұрақталуымның бірден бір себебі біздің тележүргізушілеріміз тек қана дикторлықпен шектелмейді. Біз таңертең жұмысқа келісімен тақырып іздейміз, таңдаймыз, тілшілерді жан-жаққа жіберіп, хабар жинаймыз. Кейін, сол мәтіндерді тексеріп, тақырып тізімін жасаймыз. Кейін мәтіндерді біріктіріп, күні бойы жиған-тергенімізбен эфирге шығамыз. Басқа арнаға бармайтын себебім, мен жай жүргізуші болып қана қала алмаймын.
– «Астана» телеарнасы қазақ тілінде қанша сағат хабар таратады?
– Жалпы 19 сағат екенін білемін. Бірақ, басқа арналар сияқты 50 де 50-ге жеткізуге тырысамыз. Өйткені, дубляж-аудару қызметі жағынан мықтымыз.
– Өзге ұлт өкілдері арасында балаларын қазақ балабақшаларына, мектептеріне беріп жатқан ата-аналар кездеседі. Осы балалардың келешегін көз алдыңа қалай елестетесің?
– Қазақстанмен болашағын байланыстыратын адамның бәрі қазақ тілін білуі керек. Өйткені, біз – қазақстандықтармыз. Түбірі – қазақ. Ол ойдан шығарылған сөз емес қой. Біз орыс, ағылшын, я қытай тілінде сөйлеп жүрсек, өзге ұлттар кім екенімізді қайдан біледі? Және кешіріңіздер, сенің тіліңнің басқа ұлтқа қажеті қанша? Әдейі, қатты айтып отырмын. Қазақ әлі де толық ояна қойған жоқ. Кезінде, Міржақып Дулатов сияқты аталарымыз оятуға тырысып баққан. Мейлі, қай ұлт өкілі болсын, бастысы, ол өзін мен қазақстандықпын деп сезінуі керек. Сондай адамдар әр мекемеде отырса, жағдай дұрысталады. Иә, мемлекеттік тілдің кенжелеп қалғаны өкінтеді. Бірақ, ол уақыт еншісінде деп ойлаймын. Қазірдің өзінде тіл үйренуге барынша қолдау жасалып жатыр, бірнеше жылдан кейін қазақша сөйлейтін қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де көбейеді деп сенемін.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.