• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Наурыз, 2019

Бірінші кезекте – халық мүддесі

1153 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) еліміздің кәсіподақтары мен жұмыс берушілерге Елбасының әлеуметтік бастамаларын қолдау мақсатында Үндеу жолдады.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы атқару комитетінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде атап өткен бастамаларын талқылауға арналған кезектен тыс кеңейтілген отырысы өтті. ҚРКФ төрағасы Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен өткен отырысқа ҚРКФ, салалық кәсіподақтар бірлес­тіктері мен ірі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. 

ҚРКФ төрағасы кіріспе сөзінде қазақ­стандықтардың нақты қажет­т­іліктеріне, соның ішінде бюджет саласының табысы төмен қызмет­кер­лерінің қазіргі еңбекақысы мөл­шерін қайта қарастыру және ұлғайтуға бағытталған Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруда кәсіподақтардың ерекше рөлін атап өтті. Б.Әбдірайым бүгінде Федерация құрамында миллионнан аса бюджет саласының қызметкерлері бар екенін және кәсіподақ ұйымдары еңбекақыны арттыру қажеттігі туралы мәселені жүйелі түрде көтеріп келе жатқан­ын жеткізді. Бұл ретте кәсіподақ қозғалысының мүшелері Елба­сы­ның көп балалы жұмысшы аналар мен жалғыз басты аналарды әлеу­меттік қолдау бастамасын ерекше ілтипатпен қабылдады, өйткені, бұл бастамалар ҚРКФ қызметінің басым бағыттарымен тікелей үндесіп жатыр. 

Қазіргі таңда Кәсіподақтар феде­рациясының бастамасымен бас­тауыш кәсіподақ ұйымдарында көп ­балалы жұмысшы аналарға көмек көр­сетілуде. Жұмыс беруші­нің жо­ғары әлеуметтік жауапкер­шілігі мен кә­сіподақтардың өз міндеттерін та­быс­ты атқаруының айқын дәлелі ретінде Қызылорда облысы «Жаңақорған» шипажайы­ның тә­жі­рибесін атап өтуге болды. Атал­ған шипажайда осы жылғы ақ­пан­да көп балалы және жалғыз бас­ты аналарға жыл сайын ең төменгі жалақынының екі еселенген мөлшерін төлеу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар шипажайда жұмыс істейтін әйелдер әрбір туған сәбиі үшін ең төменгі жалақы көлемінде бір жолғы көмек ала­тын болады. Осындай мысалдар кәсіп­одақтар тәжірибесінде аз емес.  

Елбасының әлеуметтік бастамалары Федерацияның жастарды қолдау, сондай-ақ ауылдарда әлеуметтік саланы дамыту және жастарды ауылдық елді мекендерге тарту мақсатында іске асырып жатқан нақты шараларымен сәй­кеседі. Осылайша, Жастар жылы аясында «Сенім» салалық кәсіп­одағы ауылда жұмыс істеуге ниетті денсаулық сақтау саласының жас мамандарына жыл сайын 500 мың теңге көлемінде 60 грант бөлу туралы шешім қабылдады. 

Отырыс барысында ҚРКФ еңбек­керлерге әлеуметтік көмек көрсету шараларын әрі қарай да арттыру мақсатында еліміздің кәсіподақтары мен жұмыс берушілерге Президент бастамаларын қолдау туралы Үндеу жолдады. 

«Еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау саласындағы ең ірі қоғамдық ұйым ретінде Кәсіподақтар федерациясы азаматтық қоғамның барлық жасампаз күштерін, барлық әлеуметтік әріптестерді адам капиталын жан-жақты және сапалы дамыту, еңбеккерлердің өмір сүру сапасын арттыру, экономикалық және әлеуметтік қорғау жолында бірлесе, күш-жігер жұмылдыруға шақырады.

Біз әлеуметтік әріптестерге, жұ­мыс берушілерге, кәсіподақ ұйым­­дарына ұжымдық шартқа жұмыс­шы әйелдерді, соның ішінде көп­ балалы және жалғыз басты аналар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарды қолдау жөнінде то­лық­тырулар енгізу арқылы қоғам, еңбек ұжымы алдында әлеуметтік жауап­кершілік ала отырып, Пре­зиденттің әлеуметтік бастамаларын қолдау жөнінде үндеу тастаймыз. Бұл, өз кезегінде, қоғамның әл-ауқатының және еліміздегі тұрақтылықтың негізі болады», деп көрсетілген ҚРКФ Үндеуінде.

Отырысқа қатысушылар орын алып жатқан өзгерістер еңбек­керлердің жан-жақты қолдауына ие болатынына және қойылған мақ­саттар сәтті жүзеге асырылатынына зор сенім білдірді.

Жолдыбай БАЗАР, «Egemen Qazaqstan»