Егер статистика мәліметтеріне жүгінсек, 2018-2019 жылы Маңғыстау облысында 85 балаға қарсы қылмыстық іс-әрекет тіркелді, оның ішінде 29-ы жыныстық зорлық-зомбылық, 7 бала өз-өзіне қол жұмсаса, 47 бала өз еркімен үйінен кетіп қалды.
Ресми деректер бойынша, бүгінде әлеуметтік қорғау органдарында 25771 мүгедек тіркелген. Оның ішінде 5188 мүгедек бала бар, бұл барлық мүгедектердің 20%-ы, БЦП ауруымен ауыратын 290 бала, аутизмі бар 92 бала, Даун синдромы бар 65 бала. Ақтау қаласында 153 мүгедек бала, 95 БЦП ауруымен, 10 – аутизммен, 11 бала Даун синдромымен өмір сүреді.
Сондай-ақ №2 арнайы қызмет көрсету орталығында, яғни қарттар үйінде 107 қарт пен мүгедек тұрады, қалада 549 жалғыз басты қарт, 114 жалғыз басты мүгедек тұрады. Балалар психоневрологиялық интернат үйінде 114 бала емделуде, оның ішінде 63 бала тұрақты түрде интернатта өмір сүреді, ал балалар ауылында 40 бала тәрбиеленуде.
Адамның мәдени тұлға ретіндегі табиғатын зерттеуші ғалымдар, адамның мәдениеті мен қасиетін түсіндіру үшін сол адамның өскен, өнген, білім алған, тәрбиеленген ортасында алған тәлім-тәрбиесі негіз болатындығын айтады.
Осы арада білім мен тәрбие беру ортасы ретінде университеттер қоғамның дамуына қалай көмектесуге болады және университет бітіруші түлектерімізді мансапқа, табысқа, жалақыға, қоғамдағы жақсы жағдайға бағыттап қана қоймай, оған қол жеткізе алмайтындар туралы ойлады қалай қалыптастыруға болады?
Сондықтан студент жастарды құндылықтарымызға сәйкес, қоғамда ықыластылықты қалыптастыруға бағыттау мақсатында осы оқу жылынан бастап, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, әлеуметтік жобаларды қамтитын «Қоғамға қызмет» (Service Learning) пәні енгізілді. Алғаш рет Service Learning бағдарламасы АҚШ-та әзірленіп, сынақтан өткізілді және тәжірибелі оқытудың тығыз қалыптасқан практикасында бастау алады. Service Learning – азаматтылыққа, академиялық пәндерге, дағдылар мен адами құндылықтарға оқыту әдісі. Бұл жобаны енгізген АҚШ жоғары оқу орындарының бірі – Стэнфорд университеті. Содан кейін Аргентинада, Чилиде және Еуропаның кейбір елдерінде таралған. Бүгінге дейін Қазақстанда Service Learning жобасы тек екі ЖОО-да енгізілді: AlmaU және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
Жобаның мақсаты – білім алушылардың сана-сезіміне адамгершілік, қоғамға қажеттілік, қайырымдылық сияқты адами құндылықтарды ұялату, студенттердің өмірге деген белсенді ұстанымын қалыптастыру. Студент жастарды волонтерлық қызметке тарту. Мұндай жоба арқылы студенттер қоғамның әлеуметтік мәселелерін көріп, шешу жолдарын үйренеді әрі әлеуметтік мекемелерде іс-тәжірибеден өтеді. Яғни, аталған оқу курсы аясында білім алушылар қоғамға қызмет етуді оқиды және қарттар үйінде, мүгедектер үйінде, сондай-ақ басқа да әлеуметтік ұйымдарда жұмыс істеу арқылы алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануды үйренеді.
Студенттер лекциялар мен практикалық сабақтарға қатысып, қоғамдық ұйымда алған білімдерін тереңдетіп, басқалардың игілігі үшін әлеуметтік пайдалы жұмыстарды орындайды. Нәтижесінде студенттер қоғамдық пайдалы іс-әрекет тәжірибесін ұғынуға және алған білімдері мен іскерліктерін көрсетуге мүмкіндік алады. Волонтерлық жұмыс нәтижесінде оқу үдерісін нақты мекемеде іс-тәжірибемен ұштастыру мүмкіншілігі пайда болады.
Жоғары оқу орындарында білім беру сапасын жақсарту жастардың білім беру процесіне жергілікті қоғамдастыққа интеграциялау тетіктерін қосу және студенттерді әлеуметтік жауапкершілікке тәрбиелеу арқылы іске асырылады.
Жоба енгізілгеннен кейін алғашқы семестр қорытындысы бойынша жоба жақсы нәтижелерге жетіп, ҮЕҰ «Эко Маңғыстау», «Ана мен бала орталығы», «Балалар ауылы», «Жетімдер үйі», «Психоневрологиялық орталық», «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені», «Арда» және т.б. әлеуметтік мекемелермен бірлескен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қарт адамдарға, жетім балаларға, Аналар үйіндегі жас аналарға, мүгедек спортшыларға, аутизммен ауыратын, девиантты мінез-құлықты балаларға арналған қайырымдылық акциялар өткізіліп, 50 әлеуметтік жоба іске асырылды. Оған 583 студент қатысып, еріктілер ұйымына тартылды.
Еріктілердің мұндай көмегіне зәру адамдар аз емес. Сондықтан да осы ауқымды, маңызды игі іске тек студенттер қауымы емес, бүкіл қоғамның атсалысуы қажет екендігі белгілі.
Берік АХМЕТОВ,
Ш.Есенов атындағы КМТИУ ректоры
АҚТАУ